Accessibility links

Ринат пен Мұхтардың айтысы


Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.

Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.

Мамырдың 2-сі күні Алматыда «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалдының қаржылай демеуімен «Төртеу түгел болса» атты ақындар айтысы өтті.

Айтыстың алғашқы жұбы алматылық Ринат Зайытов пен қызылордалық Мұхтар Ниязов болды.

Айтысты жүргізіп отырған ақын Жүрсін Ерман ә дегеннен:

– Бүгінгі айтыстың тақырыбы да осы төрт сөзге – ізгілік, имандылық, татулық және бірлікке тіреліп тұр, – дей келе, 55 ақынның екі апта бұрын Қайрат Сатыбалдының қаржылай қолдауымен кіші қажылыққа барып келгендігін айтты. – Бірақ бұл айтыс діни тақырыпта болады деген сөз емес, – деді Жүрсін Ерман.

Алайда сахнаға шыққан ақындар дін тақырыбын көбірек сөз етіп отырды. Бұған дейін шындықты тура айтар от тілділігімен танылған Ринат Зайытов бұл жолы жүрісін сәл өзгертіп, Қайрат Сатыпалдыға мақтау айтты:

– Мен де бір кіші қажы, енді болдым,
Мұныма шүкіршілік деп жүрермін.
Қайреке, Алла разы болсын сізге,
Демеушілік жасап, қолды бердің.
Талайлар армандаған қолы жетпей,
Мекке мен Мединедей төрді көрдім.
Жаны қалмай жаратқанға жалбарынған,
Жүзінен нұр төгілген елді көрдім.
Бұрын-соңды шет елге көп барсам да,
Осы бір сапарымды оңды көрдім.
Құнанбайдың мешітін көрмесем де,
Көңілді қуантарлық белді көрдім.
«Қазақтың керегіне жарар» деген,
Сатыпалды сатып алған жерді көрдім, – деді.

Ал қызылордалық Мұхтар Ниязов қазақстанға танымал тұлғалар есімінің арақ атауына айналып бара жатқанын жырға қосты:

– Мықты адамдар аттарын сәбиге емес,
Бұл күнде арақтарға қойып жатыр.
Аттанады қазақтың тостына олар,
Аңқау қазақ алдынан тосып алар
«Бибігүл» деген виноны ішкен кезде,
Әр қазақ әншілігін есіне алар.
Әл-Фараби әйгілі ғалым емес,
Әншейін бөтелкенің босы болар.
«Домбыра» деген арақ көрген кезде,
Аяздай арқаңызды осып алар.
«Асанәлі» деген де ішімдік бар,
Ішкен кезде көңілінің хошы болар.
Асекеңде араққа атын берсе,
«Атаманның ақыры» осы болар.

Ринат Зайытов пен Мұхтар Ниязовтың айтысы
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG