Accessibility links

Шоу-айтыс әлеуметтік желіде сынға қалды


«Хабар» телеарнасынан берілген «Жұлдыздар айтысады» шоу-айтысының видеосынан скриншот.

«Хабар» телеарнасынан берілген «Жұлдыздар айтысады» шоу-айтысының видеосынан скриншот.

«Хабар» телеарнасынан қаңтардың 3-і күні берілген «Жұлдыздар айтысады» атты шоу-айтысқа әлеуметтік желі қолданушыларының көңілі толмады.

«​КҮЛКІ МЕН ҚЫНЖЫЛЫС ТУДЫРДЫ»​

Facebook әлеуметтік желісін қолданушы журналист Мұрат Алмасбекұлы «айтысты ит тартқан терідей жұлмалап, арзан шоу, есер сөз, есалаң күлкіге айналдыру неге қажет, кімге қажет?» деген сауал қояды.

«Бұрын ақиқат пен ащы шындықты халық ақындардың аузынан естиміз деп үміттенетін, еститін де. Ал, қазір… Лақпалар мен жыртыңбайлардың жылтыр оттаубайына айналып кеткені қызық… Хабардағы «Жұлдыздар айтысын» көргенде сайқы-мазақ болған өнерге жаным қатты ауырды» деп жазады ол.

Серік Аббас-Шах «мектеп сахнасында қойылатын «халтураның» республикалық эфирге шығып кеткеніне таң қалғанын» айтады.

Ал Ләззат Нығмет есімді қолданушы бұл шоу болғандықтан алдын ала дайындау керек еді деген пікір білдіріпті. «Жастарға ұнады, себебі бізге сол арзан әзіл-қалжың жарайды. Ал ересектер ше? Үйде отырған үлкендер шыдай алмай, тұрып кетті» дейді ол.

Айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар шоу-айтыстың кемшіліктен кенде болмағанын айтыпты.

«1-2 жұптың айтысында күлдік. 1-2 жұптың айтысында жерге қарадық. Соңғы екі жұптың айтысы болмағанда жерге қараған күйі қайтар едік үйге. Әйтеуір әнші апалардың ескі шабыттары есіне түсіп, еңсемізді сәл-пәл көтердік. Менің ойымша, көрермендердің пікірі басты назарда болу керек» дейді ол.

ШОУ МЕН АЙТЫСТЫҢ АЙЫРМАСЫ

Айтыс өнерін зерттеп жүрген Серік Ерғали айтыс-шоуға айтыстың критерийімен емес, шоудың талабымен қарау керек деп санайды.

«Шоу жасалды ма, жоқ па? Мәселе сонда. Жартылай шоу жасалды. Және шоуға айтыстың адамдарына билік айтқызу дұрыс емес, содан да жұрт оған айтыс ретінде баға беріп, «айтыс өлді» деп жатыр. Шоу болғасын басқалау формат керек еді. Жалпы бағыт дұрыс, бірақ нағыз айтыстық форматты өзгерту арқылы шоуды да, айтысты да арашалай білу керек» деді ол Азаттыққа.

Шоу-айтысты ұйымдастырушылардың бірі және жүргізушісі болған Әсел Ергешқызы әлеуметтік желіден «көңілге қонымды сын табылмағанын» айтады.

«Біржақты қаралау ғана. Жаманын бірінші көретін әдетіміз ғой. Неге жақсы жағын да іздемейміз?!» деген жүргізуші бұл шоуды «айтыс пен айтыскерлерге жақсы жарнама» деп сипаттайды.

Былтыр желтоқсанның 16-сы күні Астана қаласында өткізілген «Жұлдыздар айтысады» атты шоу-айтысқа айтыскер ақындармен бірге қазақстандық эстрада әншілері қатысқан еді.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG