Accessibility links

Тоба мен Әлібектің айтысы


Ақындар айтысқа жиналды. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.
Ақындар айтысқа жиналды. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Былтыр желтоқсан айында өткен «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтыстың екінші күні облыстық айтыс жеңімпаздары – торғайлық Тоба Өтепбаев пен қызылжарлық Әлібек Серғалиев сахнаға шықты. Бұл – екі жас ақынның да республикалық жыр додасына тұңғыш қатысуы.


Осы жұптың айтысы басталар кезде қазылар айтысты жүргізіп отырған Жүрсін Ерманға қарата:

– Жаңағы екеу өте ұзақ айтысып кетті. Кішкене абайласай, Жүрсін! – деп ескерту жасады.

– Енді қой дегенде қоймай жатыр. Неғылайын – тұра салып төбелесейін бе! – деп ақталды Жүрсін Ерман.

– Қойдыру керек! Ел де шаршап кетті! – деп нығырлады қазылар алқасы. Бұдан кейін сахнаға шыққан ақындардың айтысы басталды.

Қос ақын Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитін, президент Нұрсұлтан Назарбаевты, Астананы бірер жерде сөз арасында ғана айтқаны болмаса, өздеріне дейін өнер көрсеткен ақындар сияқты беріле жырламады. Керісінше, Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы қоғамда даулы мәселеге айналып отырған жайды жырға қосты.

– Әлібек енді саған сайраймын да,
Қысқасы, қамшыменен айдаймын да.
«Жүрсін ағаның көзіне бір түссек» деп,
Келіпсің сен де менен қалмай мұнда.
Сен келген жер солтүстік Петропавл,
Дәл бүгін батып отыр қандай мұңға.
Петропавл Қызылжар болса, шіркін,
Бодандықты санамнан жоймаймын ба!
Тәуелсіз Қазақстан неғып отыр,
Бір қазақтың атауын қоймай мұнда.
Неменеңе жетісіп сыздап отырсың,
Көкесі сенде емес пе ойбайдың да.
Көк шапан киген сені көгерткен-ау,
Түріңнен байқалмайды ой, қайғың да.
Мен сені алғаш көргенде ажырата алмай,
«Орыс па, қазақ па» деп ойлаймын да.
Жоқ, әлде осы айтысқа бір түссем деп,
Болатын күнін күтіп сарғайдың ба? – деген Тоба Өтепбаев Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан зымырандардың қалдығы Торғай даласына құлап жатқанын да, Торғайға облыс мәртебесі қайта берілуі керек деген ойын да жырға қосты.

Тобаның қарсыласы Әлібек Петропавл атауын өзгерту туралы қоғамда мәселе көтерілген кезде көптеген азаматтардың бұдан шет қалғанын шымшып өтті.

– Ақылдылар сен құсап жақ аша ма,
Сөздерің сөйлегендей бала-шаға.
Петропавлің орысша деп қоясың,
Сенің мұндай мазағың жараса ма?
Петропавл Қызылжар болмай жатыр,
Осыны түгел қазақ қаласа да.
Петропавлді Қызылжар қылыңдар деп,
Бір айғай шығарып еді қарашада.
Сол кезде қарсы шыққан орыстарды,
Саусақтарың жетпейді санасаң да.
Міне, сонда қолдаушы боп айтшы, Тоба,
Қайсың кеп түстіңіздер арашаға?
Бірлігіңді танытып бірің келмей,
Сырттан қарап тұрдыңдар тамашаға.
Ал енді айтысқа кеп білгішсініп,
Шүйлігіп отырсың ғой аласаға.
Бұл айтысты эфирден көрсетеді,
Қатты сөз қатты тиер қара шалға.
Ей, онсыз да қасып-қасып бітірдік қой,
Қозып отырған қотырға жара салма, – деп жауап қайырды Әлібек Серғалиев.

Бұл айтыс замандас жас ақындардың шынайы әзілімен де көрерменнің көңіл хошын тапты.

Тоба мен Әлібектің айтысын мына жерден тыңдай аласыздар:

XS
SM
MD
LG