Accessibility links

Астанадағы айтыс: Жәмиға мен Мұхтар


Айтысқа қатысқан ақындар. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.

Айтысқа қатысқан ақындар. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.

Желтоқсанның 2-сі мен 4-і аралығында Астанада Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіз елдің таңы жарық» деген атпен ақындар айтысы өтті.


Үш күнге созылған сөз сайысының ақырғы күні сахнаға Қытайдан келген ақын қыз Жәмиға Дәулет пен қызылордалық Мұхтар Ниязов көтерілді.

– Ау, сыналған ер кешуде, нар асуда,
Бұланай мен Балқанның арасында.
Өңештен өтіп кете жаздағанбыз,
Кешегі алты басты айдаһарлар таласында.
Ер сынып, ерке өліп, ел шулаған,
Өзі жат боп өзінің даласына.
Жауына жауырынын қаратпаған,
Баласы тартып туған бабасына.
Оқ тиген омырауынан сүт емізген,
Анасы ақтық рет баласына.
Кеудесін Желтоқсанда жебе тескен,
Сынығы асылдардың бар осында.
Тәуекел тар соқпақтан жол табайын,
Тәуелсіз 20 жылдың шарасында.
Басы аман, байрағы сау бүгінгілер,
Семіруге тиіспіз қара суға.
Жұртымның сөзін айтсам арман бар ма,
Ұлтымның уәкілдік қаласында, - деп жырлаған Жәмиға Дәулет бас жүлдені алды.

Мұхтар Ниязов қарсыласының өзіне қарата айтқан ащы сөздеріне уәж ретінде:

– Ай, мына қыз бізді қойып шалға шықты,
Көңілінің Алатауын қар басыпты.
Не деген тоқтамайтын адам еді,
Жақсымен, жаманмен де арбасыпты.
Жадыраған қасыңда ағаң едім,
«Жарымес» деп неліктен кіналадың.
Негізінде сәл әдеп керек шығар,
Қыздары бүйтіп айтпайды бұл араның.
«Атамнан бата алмадың» деп,
Сын сөзіңді жаңа сен сыналадың.
Сол атаңнан барып бата алғанда,
Осындай әдеп пе еді сұрағаның, - деді.

Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG