Accessibility links


Ахмет Байтұрсынұлының музыкалық мәдениетке деген көзқарасы жайлы нақты дерек жоқтың қасы. Бұл Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасының сан қырлы табиғатын тануға мүмкіндік берер еді.

Осы мәселе жайлы сөз қозғалса, әуелі оның қазақ халқының ән өнерін зерттеуге қосқан үлесін, музыкант, этнограф, композитор Александр Затаевичке көрсеткен қолдауын еске алады.

БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МЕН ЗАТАЕВИЧ

Затаевич қызмет бабымен Орынборда болған кезінде қазақтың халық мұрасын жинап, зерттеумен шындап айналысады. Бұл саладағы оның еңбектерінің нәтижелері жұртқа жақсы таныс: Қазақстанның музыкалық фольклорының 2300-ден аса шығармасын жазып алды, «Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты іргелі еңбектері жарық көрді.

Александр Затаевич.

Александр Затаевич.

Александр Затаевич «Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні» кітабының бірінші басылымының алғысөзінде бұл еңбектің жарық көруіне ықпал еткен бірнеше адамның есімін ерекше атаған. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан бар. Александр Затаевич олардың жоғары біліктілікпен берген түсініктеме, нұсқауларын өзінің көп пайдаланғанын жазады.

Александр Затаевич пен Ахмет Байтұрсынұлының таныстығы Байтұрсынұлының тағдырында ерекше мәнге ие болған Орынбор қаласында басталған сыңайлы. Ол 1891-1895 жылдары Орынбордағы қырғыз (қазақ) мұғалімдер семинариясында оқығаны белгілі. Сосын 1910-1917 жылдары айдауда болды. Революциядан кейінгі алғашқы жылдарын да Орынборда өткізді.

1919-1921 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы ағарту ісінің халық комиссары болып істеді. Оның қолында Александр Затаевичке қолдау көрсету ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетті зерттеу ісіне ықпал ететіндей, қазіргі тілмен айтқанда, әкімшілік ресурс болған. Бұл бастаманың авторы нақты кім екені жөнінде дерек жоқ, бірақ дәл Байтұрсынов нарком болған жылдары халық ағарту комиссариаты (наркомпрост) жанынан Қазақстандағы филология мен музыкатану ғылымының қалыптасуында үлкен рөл атқарған, құрамында Қырғыз (Қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы бар академиялық орталық құрылды.

Александр Затаевичтің «Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні» деген кітабының түсініктемелерінде Ахмет Байтұрсынұлының музыкалық қабілеті жөнінде берген құнды мінездемелер бар.

«Туған елінің әндерін шын сүйетін және білетін жан ретінде, оларды нақышына келтіріп орындаушы және тамаша домбырашы ретінде Байтұрсыновты отандастары да өте жоғары бағалайды. Ахмет Байтұрсынұлының білімі мен біліктілігінің бұл қырын бағалауға менің де мүмкіндігім болды. Өйткені менің мына еңбегімді ол үнемі назарына алып, Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей ордасы және Қарқаралы (Семей губерниясы) өңірлеріне тән өзі білетін, қойын кітапшасына түртіп алған әндердің жазбаларын беріп, тіпті тамаша екі күйді өзі домбырада шертіп берді. Қазақ тарихы, тұрмысы мен этнографиясының терең білгірі ретінде мен жинаған мол материалды жүйелеуге бағыт-бағдар сілтеп отырды. Оның бұл елеулі еңбегіне аса тәнтімін, айтар алғысым шексіз» деп жазды Александр Затаевич.

Ахмет Байтұрсынұлының Затаевичке айтып берген әндерінің нотасы. Мұражай экспозициясы.

Ахмет Байтұрсынұлының Затаевичке айтып берген әндерінің нотасы. Мұражай экспозициясы.

«Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні» кітабында Байтұрсынұлы айтқан 19 әннің нотасы бар. Көпшілігіне жеке-жеке түсініктеме берілген. Мысалы, «Қара көз» әні жайында автор «әннің Байтұрсынов өңдеген нұсқасы халық арасында кең танымал» деп жазады. Затаевич «музыкалық дарынның басты дәлелі – осындай қиын вокалдық пьесаны жаттап алып айту қабілеті» дейді.

Байтұрсынұлы мен Затаевич хат жазысып тұрған. Екеуінің ұзақ уақыт хат алмасқаны Затаевичтің кітабына жазған авторлық алғы сөзінен байқалады. Филология ғылымдардың докторы Айгүл Ісмақова тек бір хатты ғана оқығанын айтты. Мұрағаттардан басқа хаттар да табылса, Ахмет Байтұрсынұлының музыкалық көзқарастарын тереңірек тануға, түсінуге көмектесер еді.

Ахмет Байтұрсынұлы мен Александр Затаевичтің арасындағы жарасымды қарым-қатынас жөнінде Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбет те әңгімелеп берді.

Айтуынша, Байтұрсынұлының 1923 жылдың қаңтарында Орынбордағы Свердлов атындағы клубта өткен 50 жылдық мерейтойына Александр Затаевич те қатысып, фортепьянода ойнаған.

Александр Затаевич өзінің «Әйда, былпылым» және «Тепеңкөк» деген екі музыкалық пьесасын Ахмет Байтұрсынұлына арнаған. Бұл шығармаларды 2012 жылдың 5 қыркүйегінде Алматыдағы Қазақ мемлекеттік филармониясында фортепьянолық музыка концертіне келгендер тыңдап қайтты. Оларды пианист Жанар Сүлейманова орындады. Онда Александр Затаевичтің топтамасындағы «Әгә-гу», «Арғын», «Балқадиша», «Қарғам-ау», «Құрышқан» деген шығармалары да орындалды. Концерт Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналды.

«БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ АЛТЫ-ЖЕТІ ӘНІ МӘЛІМ»

Александр Затаевичтің «Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні» кітабынан Ахмет Байтұрсынұлы берген 19 әнді табуға болады. Олардың атауын Алматыдағы мұражай-үйіндегі фотосуреттегі жеке парақтан оқи аласыз. Сірә, бұл әндердің көбін ол орындаушы ретінде ғана білген болуы керек.

Алайда бірнеше әнді Ахмет Байтұрсынұлының өзі жазғаны белгілі. Байтұрсынұлының өмірбаянын жақсы білетін адамдармен әңгімелескен кезде оның «Аққұм», «Шилі өзен», «Екі жирен», «Қарғаш», «Қараторғай» сияқты кем дегенде алты әні бар екенін естідік.

Жазушы Қоғабай Сәрсекеев «Ұлттың ар-ожданы» кітабында Ахмет Байтұрсынұлының басқа да әндері болған деген деректі жазады. Бірақ ұмытылған. Есімін атау қауіпті болған жылдары Ахмет Байтұрсынұлының әндерін есте сақтау ешкімнің ойына келмеді. Жазушы «халық жауларының» әндерін айтқаны үшін ғана 1937 жылы репрессияға ұшыраған өзінің туған нағашысы, Торғайда аты белгілі әнші Жүсіпназардың қайғылы өмірін мысалға келтіреді.

Байтұрсынұлының есімін жазуға советтік цензура тыйым салғандықтан, оның әндері ұзақ жылдар бойы түрлі жинақтарда «халық әндері» деп көрсетілді.

Ахмет Байтұрсынұлының жиеншары Меруерт Тыныбекова. Алматы, 3 қыркүйек 2012.

Ахмет Байтұрсынұлының жиеншары Меруерт Тыныбекова. Алматы, 3 қыркүйек 2012.

Ахмет Байтұрсынұлының жиеншары Меруерт Тыныбекова Борис Ерзаковичтің редакциясымен 1955 жылы шыққан «Қазақстанның халық әндері» кітабын Азаттық тілшісіне көрсетті. Ол кітаптан Байтұрсынұлының «халық әндері» деп берілген шығармаларының атын жазып алыпты.

Ахмет Байтұрсынұлы ақталғанға дейін шыққан «Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні» кітабының екінші басылымында (1963 жыл) оның есімін сызып тастаған. Ахмет Байтұрсынұлының есімі, цензураның талабы бойынша Александр Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» деген кітабының 1931 жылы жарық көрген бірінші басылымында да жоқ. Ол кезде Ахмет Байтұрсынұлы Архангельск облысында айдауда жүрген еді.

Профессор-филолог Айгүл Ісімақова Ахмет Байтұрсынұлының жаңадан табылған әнін осыдан сәл бұрын Қапаш Құлышеваның орындауында тыңдағанын айтты. Қапаш Құлышева оны Қытай қазақтарынан естіпті. Айгүл Ісімақова «әнде Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына тән, авторлығын растайтын сөздер кездесетінін» айтты. Сондықтан Байтұрсынұлының бізге белгілі алты әніне тағы бір әнді қосуға болады.

Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлының әндерінің жазбалары жоқ. Қоғабай Сәрсекеев халық ақыны, әнші-композитор Нұрхан Ахметбековтің дауысын таспаға түсіріп алмағанына өкінеді. Қазақ ақыны және ағартушысы Міржақып Дулатовтың көзі тірі жалғыз қызы Гүлнәр Дулатова орындаған Ахмет Байтұрсынұлының әндері де жазылып алынбаған. Гүлнәр Дулатова Байтұрсынұлының қарсы алдында отырып тыңдаған әндерді бала кезінен жатқа біледі.

ӘРІ ПРАКТИК, ӘРІ ТЕОРЕТИК

Профессор Айгүл Ісімақова Ахмет Байтұрсынұлының әнді орындаушы ғана емес, ән мәдениеті теориясын зерттеуге де еңбегі сіңгенін айтады. Ол өзі бас редакторы болған «Қазақ» газетінде Орталық, Оңтүстік және Батыс Қазақстандағы күйлердің орындалу мәнері туралы мақалаларын жариялаған.

Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі еңбектерінің бірі «Әдебиет танытқышта» қазақ музыкасының теориясы, күй теориясы, халық әндері, қазақ әндерінің басқа әндерден айырмашылығы туралы бөлімдер бар. Мұның бәрін әлем халықтарының әндерімен салыстыра отырып түсіндіреді.

Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларында Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сияқты қазақтың ән өнерін орындаушылары туралы да салмақты ойлар бар.

ДОМБЫРА, СКРИПКА ЖӘНЕ ФОРТЕПЬЯНО

Ахмет Байтұрсынұлы үш бірдей музыкалық аспапта ойнағаны анық. Ол домбыра ғана емес, скрипка мен фортепьяно да тартқан.

Оның скрипка тартқанын Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатованың өзі көріп, естеліктерінде жазды.

Туыстарының айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының үйінде қара пианино да болыпты. Алайда Ахмет Байтұрсынұлының музыкалық аспаптарының ешбірі өзі тұтқындалған соң сақталмаған. Байтұрсынұлының мұражай-үйінде тұрған қара пианино халықтың өткен тұрмысынан хабар беру үшін ғана қойылған. Ал шындығында оны Ахмет Байтұрсынұлы қаза тапқан соң көп жылдан кейін жиеншарына арнап сатып алған. Жиеншары оны мұражайға табыс еткен.

Скрипка да, пианино да Байтұрсынұлының қазақтың халық музыкасымен ғана емес, классикалық музыкамен де әуестенгенін байқатады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қор мен Алматыдағы мұражай-үйінің негізін қалаған Самырат Кәкішевтің айтуынша, ғалым отбасымен бірге классикалық музыка ойналып жатқан жерлерге барып, тыңдап отырғанды ұнатқан.

Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің қабырғасындағы ескерткіш тақта. Орынбор, Ресей, 24 қараша 2010 жыл.

Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің қабырғасындағы ескерткіш тақта. Орынбор, Ресей, 24 қараша 2010 жыл.

Ахмет Байтұрсынұлының классикалық музыкаға деген ықыласы қайда және қашан оянғаны белгісіз. Орынбордағы мұғалімдер семинариясында үйренуі мүмкін емес. Өйткені Ресей империясының орыс емес халықтарына арналған семинарияда оқытылатын пәндердің тізімі орыс семинарияларына қарағанда өзгеше болды. Егер орыс семинарияларында музыка және ән пәндері оқытылса, татар мұғалімдер мектебінде (Уфа қаласындағы) мұндай пәндер оқытылмайтын. Орынбор семинариясының оқу бағдарламасын табудың сәті түспеді.

Адамның музыкалық мәдениетінің қалыптасуына оның өмір сүрген ортасы ықпал етеді. Ахмет Байтұрсынұлы музыкалық өмір қайнап жататын қалада көп тұрған адам. Мысалы, Орынборда 1869 жылы ашылған драма театрдың репертуарында опера, оперетта, водевиль сияқты музыкалық спектакльдер болған. 1881 жылы Орынбор казак әскерінің симфониялық оркестрі құрылып, көпшілік мерекелік шаралар кезінде өнер көрсеткен. 20 ғасырдың басында (революцияға дейін) Орынборда үш бірдей жеке меншік музыкалық мектеп болған. Ахмет Байтұрсынұлының классикалық музыкаға деген ықыласы Орынборда жүргенде оянса керек.

Жазушы Қоғабай Сәрсекеев «Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда айдауда болған кезеңде көп уақытын кітапханада өткізді. Алайда ол сирек болса да театрдағы музыкалық қойылымдарға, симфониялық оркестрдің концертіне барып жүруі мүмкін, тіпті скрипка мен фортепьяноның дәрісін алған да болар» деп болжайды.

Зерттеушілердің пайымдауынша, КГБ-ның жабық мұрағаттарында сақтаулы жатқан Ахмет Байтұрсынұлының күнделік жазбалары «Байтұрсынұлы және музыка» тақырыбын кеңірек түсінуге көмектесер еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG