Accessibility links

Ахметбековті қолдау штабы «кандидаттың туыстарына қысым жасалды» дейді


Президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков.
Президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков.

Қазақстан коммунистік халық партиясынан президентікке үміткер Жамбыл Ахметбековтың сайлау алды штабы «саяси бәсеке әділетсіз түрде өтіп жатыр» дейді. Олардың айтуынша, кандидаттың үгіт-насихат жүргізуіне кедергі көп.


Астанада арнайы жиын өткізген сайлау алды штаб жетекшілігі кейбір аудан мен ауылдарда кандидат Жамбыл Ахметбековке қатысты «қара пиардың» жүріп жатқандығын мәлімдеді.

ҚАРА ПИАР

- Наурыздың 16-сы күні Астана қаласының Сарыарқа аудандық прокуратурасынан қоңырау келіп түсті. Прокуратура қызметкерлері арнайы жүргізілген тексеріс барысында, қоғамдық орындарда үміткер Жамбыл Ахметбековтың сайлау алды штабының ұраны болып табылатын - «Халық үні естілсін» деген мәтін жазылған парақшаларды анықтаған. Бастысы – оларда баспаханалық мәліметтер көрсетілмеген. Заңға сәйкес, тапсырыс берушінің мағлұматынсыз басылған үнпарақтар заңсыз болып есептеледі, - деді Қазақстан коммунистік халық партиясының республикалық сайлау алды штабының жетекшісі Төлеш Кенжин Азаттық радиосына.

Бұл жайттың рас-өтірігін анықтау мақсатында Астана қалалық прокуратурасына хабарласқанымызбен, мекеменің баспасөз хатшысы Жаннұр Ахметбеков өздерінің «ешқандай түсініктеме бере алмайтындығын» айтты.

Ал кандидат Ахметбековтың штабындағылар мұндай күмәнді парақшалардың Рудный қаласының базарлары мен адамдар көп жиналатын орындарда таратылғандығын да анықтағандарын хабарлады. Төлеш Кенжин бұл парақшаларға өздерінің еш қатысы жоқ екендігін айтып отыр.

БИЛБОРДТАРДЫ АЛЫП ТАСТАУ

Төлеш Кенжиннің сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысында да үміткер Ахметбековтың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қысым жасалып жатыр.

- Наурыздың 17-сі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы штабымыздан келген хатқа сәйкес, облыстық ішкі саясат басқармасындағылар қалада ілініп тұрған Ахметбековтың билбордтарын алып тастау, үгіт-насихат жұмыстарын тоқтату және Наурыз мейрамы кезінде үгіт-насихат жүргізбеу туралы ескерткен, - дейді Төлеш Кенжин.

Біз бұл жайтқа қатысты обыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ерлік Жанділдиннен түсініктеме алған едік.

- Мұндай ақпаратты мен сізден бірінші рет естіп тұрмын. Бұл мәліметті кім бергенін Құдай біледі. Ал қалада әр кандидат өз билбордын қай жерге іледі - өз еркі. Оларға біздің басқарма тарапынан ешкім тосқауыл қойып жатқан жоқ. Және тосқауыл болмайды да, - деді Азаттық радиосына телефон арқылы түсініктеме берген басқарма бастығы Ерлік Жанділдин.

«ПРЕЗИДЕНТКЕ АДАЛДЫҚ»

Кенжиннің сөзінше, үгіт-насихат жұмыстары басталғалы бері Ахметбековтың туыстарына да қысым жасалынған.

- Үміткер Ахметбековтың туған жері – Қорғалжын ауданының Шалқар ауылында болғанда, аудан әкімшілігі басшылығы тарапынан Ахметбековті қолдап қол қойған 60-қа жуық туыстарына қысым жасалған, - дейді республикалық сайлау алды штабының жетекшісі Төлеш Кенжин.

- Аудан әкімшілігінің өкілдері Ахметбековтың туған інісіне телефон шалып, ағасының ауылда үгіт-насихат жүргізбегені абзал деген ұсыныс айтқан. Бұдан бөлек, үміткердің туған ауылында тұрғындармен кездесу үшін еш мүмкіндік жасалмаған, - дейді Төлеш Кенжин.

«Бұл істері арқылы жергілікті шенеуніктер өздерінің қазіргі президентке адал екендіктерін көрсетіп жатыр» дегенді айтты Кенжин мырза.
XS
SM
MD
LG