Accessibility links

Астанада Серік Ахметовті босатуды талап еткендер ұсталды


Астанадағы экс-премьер Серік Ахметовті босатуды талап еткен наразылық. 17 ақпан 2016 жыл. Сурет Фейсбук әлуметтік желісінен алынды.

Астанадағы экс-премьер Серік Ахметовті босатуды талап еткен наразылық. 17 ақпан 2016 жыл. Сурет Фейсбук әлуметтік желісінен алынды.

Астанада бір топ адам коррупция айыбымен сотталған экс-премьер Серік Ахметовті босатуды талап етіп, жолды жапты

Астанада бүгін бір топ адам үкіметтік мекемелер жанында Қазақстанның экс-премьері Серік Ахметовті қамаудан босатуды талап етіп, наразылық акциясын өткізді.

Наразылық танытқандардың қолында "Біз әділдік талап етеміз" деген жазуы бар үлкен, ұзын плакат болды. Плакатта биліктен коррупциямен батыл түрде күресуді, Серік Ахметовті босатып, бірнеше әкімді "түрмеге отырғызуды" талап еткен жазулар болды.

Акцияға шыққандар Астананың орталығындағы көшелердің бірін аз уақытқа ғана жауып, көлік қозғалысын бөгеді. Біраз уақыттан соң акцияға шыққандарды полиция ұстап әкеткен.

Азаттыққа оқырман жіберген видео:

Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Астананың Орынбор көшесіндегі жолды жапқандар ұсталып, "әкімшілік іс қозғау үшін аудандық ішкі істер бөліміне апарылғанын" хабарлады. Департаменттің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова Азаттыққа жолды 10-нан аса адам жапқанын, олардың үшеуі ұсталғанын айтты.

Наразылар ұстап шыққан плакатта Abiyev.kz сайтына сілтеме жазылған. Астанадағы «Закон и правосудие» баспасөз клубының жетекшісі Тоқберген Әбиев Азаттық тілшісіне бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Сайт қызметкерлерінің Abiyev.kz сайтында жариялаған мәлімдемелерінде Серік Ахметовті қамаудан босату талабы қойылған.

Сайттағы мәлімдемеде «Біздің ұжым Серік Ахметовті түрлі қитұрқылықпен, өсек-аяңмен нақақ көрсетіп жіберді, ел президентіне жалған ақпарат берілді» деп жазылған. Мәлімдеме авторлары Ахметовтің кінәсіз екенін жазып, оны Қазақстан президентінің «сенімді серігі» атаған.

Серік Ахметовті сотта қорғаған адвокаты Николай Лесник Азаттыққа Астанадағы бүгінгі акция туралы ештеңе білмейтінін айтты.

Қарағанды облыстық соты 11 желтоқсанда Серік Ахметовті "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыптап, 10 жылға соттаған. Сот Ахметовтің дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етіп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған. Бұл қылмыстық іс бойынша барлығы 21 адам сотқа тартылған. Олардың арасында Қарағанды облысының бұрынғы бизнесмендері мен шенеуніктері бар. Алты сотталушыдан басқалары өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарған.

Желтоқсанның соңында Ахметовтің адвокаттары сот үкіміне шағымданған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG