Accessibility links

АҚШ-та "ИМ-ді қолдады" деген қазақстандық ұсталды


Ахрор Сейдахметов Нью-Йоркттегі Джон Кеннеди халықаралық әуежайында ұсталған.

Ахрор Сейдахметов Нью-Йоркттегі Джон Кеннеди халықаралық әуежайында ұсталған.

АҚШ билігі "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы қатарында соғыспақ болды деген күдікпен Қазақстанның - бір, Өзбекстанның екі азаматын ұстады

АҚШ билігі Нью-Йоркте Орталық Азиядан шыққан үш азаматтың "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларына материалдық көмек көрсетпек болды" деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

АҚШ әділет министрлігінің 25 ақпанда хабарлауынша, олардың екеуі - Өзбекстан азаматы Абдурасул Джурабоев (24 жаста) пен Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметов (19 жаста) Түркия арқылы Сирияға өтіп, содырларға қосылуды жоспарлаған.

Министрлік күдіктілердің үстінен 25 ақпанда қозғалған қылмыстық іс бойынша Джурабоев "Ислам мемлекеті" ұйымы бұйырғандай болса, АҚШ президенті Барак Обамаға қастандық жасауға теракт жасамақ болған, ал Сайдахметов шетелге кете алмаған жағдайда АҚШ-та теракт жасауды жоспарлаған деген күдікке ілінген.

Үшінші адам - Өзбекстан азаматы Аброр Хабибов (30 жаста) тергеу деректері бойынша Сайдахметовтің содырларға сапарына демеушілік жасаған.

Сайдахметов 25 ақпанда Нью-Йорктің Джон Кеннеди халықаралық әуежайынан Стамбулға ұшпақ болған жерінен ұсталған. Ресми орындар оны ақпан айының басында АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігіне виза алуға өтініш білдірген дейді. Ал Джурабоев Түркияға наурыз айында бармақ болған және ұшаққа билет алып қойған.

Құзырлы орындар Сайдахметовтің ақпанның 19-ында анасына телефон соғып, ИМ туралы сөйлескенін айтады. Мәліметке қарағанда, ол анасынан құжатын сұраған және анасына "егер адамда мүмкіндігі бола тұрып "Ислам мемлекеті" ұйымы қатарына қосылмаса, онда ана дүниеге барғанда ол бұл әрекеті үшін сұралады және дінсіздердің жерінде өмір сүру - күнә" деген. Анасы ұлына телефонда не деп жауап берерін білмей, дағдарып қалған.

АҚШ билігі күдікті үшеудің жоспары жасырын ақпарат алушы адам арқылы әшкере болғанын айтады. Жасырын адам Сайдахметов және Джурабоевпен өткен жылдың қыркүйегінде мешітте кездескен.

Ұзамай бұл үшеуі де Нью-Йорк пен Флоридада сотқа тартылмақ. Айыпты деп танылса, олар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Қазақстан мен Өзбекстанның Вашингтондағы елшіліктері Азаттыққа күдіктілер туралы әзірге ақпарат бере қойған жоқ.

АҚШ арнайы қызмет өкілдері 150-ге тарта америкалықтың Сирияда "Ислам мемлекеті" қатарында соғыспақ болғанын айтады. Ресми деректерге қарағанда, "Ислам мемлекеті" қатарында 20 мыңға тарта содыр соғысып жүр.

Сирияда 2011 жылы басталған азаматтық соғыста 200 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам босып кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG