Accessibility links

Әкім Ізмұхамбетов пен оның бұрынғы кеңесшісі арасындағы жанжалдан журналистер зардап шегуі мүмкін


Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Алпамыс Бектұрғанов. Орал, 11 тамыз, 2009 жыл.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Алпамыс Бектұрғанов. Орал, 11 тамыз, 2009 жыл.

Орал қалалық сотында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ізмұхамбетовтің бұрынғы кеңесшісі Бектұрғановтың үстінен шағымдануына қатысты тыңдау жалғасуда. Талап арызға әкім атына айтылған сыбайластық-жемқорлық айыптары себеп болған. Енді бұл жанжалға журналистер тартылды.

ЖУРНАЛИСТЕР СОТ ЗАЛЫНАН ШЫҒАРЫЛДЫ

10 тамызда басталған сот процесінде арызданушының мүддесін белгілі адвокат Мұстақым Төлеев қорғай бастады. Тыңдаудың ең басынан-ақ ол судья Ақгүл Қарасаевадан кейбір басылым өкілдерінің залдан шығарылуын өтінді. Мұстақым Төлеев мұны былай түсіндірді:

- Бұл журналистер сотқа куәгер ретінде қатыса алады, себебі олар Бектұрғанов мырзаның әкім Ізмұхамбетовқа айыптаулар тағып сөйлеген баспасөз мәслихатына қатысқан еді, - деді Мұстақым Төлеев.

Сот адвокаттың өтінішін орындап, залдан алты журналисті, соның ішінде Азаттық радиосының тілшісін де шығарып жіберді. Процесті бақылау мүмкіндігінен айырылған тілшілер, оның аяқталуын қалалық сот ғимаратының фойесінде күтуге мәжбүр болды.

Тараптардың бірнеше сағатқа созылған жарыссөздерінен кейін судья Ақгүл Қарасаева үзіліс жариялап, келесі сот отырысын 11 тамызға белгіледі.

МАҚАЛА АУТОРЛАРЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ ЫҚТИМАЛ

Адвокат Мұстақым Төлеевтің сөзіне сүйенсек, сотта Алпамыс Бектұрғанов өз сөздерінен бас тартып, барлық жауапкершілікті тілшілердің мойнына артып қойған.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің адвокаты Мұстақым Төлеев. Орал, 11 тамыз, 2009 жыл.

«Біз шындықты тапқымыз келеді, себебі Бектұрғанов мырза 15 шілде күнгі баспасөз мәслихатында айтылған өз сөздерінен жалтарды. Ол әкімді сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптамағанын айтып, газеттер мен интернет сайттарда жазылғандарды тілшілер ойдан шығарған деп отыр. Тілшілер оның сөзін бұрмалаған. Бұл жерде тілшілер оның сөзін не растап, не жоққа шығаруы тиіс. Егер тілшілер жоққа шығара алмайтын болса, онда біз мақала ауторларын жауапкершілікке тарту бойынша мәселені қарастыратын боламыз», - деген мәлімдеме жасады Мұстақым Төлеев.

Алпамыс Бектұрғанов сол жерде Мұстақым Төлеевтің сөздерін жоққа шығарып, тілшілерге кінә тақпағанын дәлелдеуге тырысты.

«Мен сотқа 15 шілдедегі баспасөз маслихатында әкім Бақтықожа Ізмұхамбетовке сыбайлас жемқорлыққа қатысты жеке айып таққан жоқпын. Мен бар болғаны нақты фактілерді келтірдім, бірақ ешқашан белгілі бір тұлғаны сөз еткенім жоқ», - деді Алпамыс Бектұрғанов.

ЖУРНАЛИСТЕР БІР-БІРІН АЙЫПТАУҒА КӨШТІ

Сот процесі куәгерлерден жауап алудан басталды. Тілшілер аймақтық және республикалық басылымдардың бетінде жарияланған деректердің барлығын растады. Дегенмен ТДК-42 телеарнасының тілшісі Геннадий Пактің жауабы бәрінен ерекше болды. Ол сотта атыраулық «Тұран» газетінің тілшісі Санат Орналиевтің өзіне қысым жасағанын мәлімдеді.
Геннадий Пактің сөзі бойынша, Санат Орналиев 6 тамыз күні кешкісін үйіне келіп, оның Алпамыс Бектұрғановқа қарсы жауап бермеуін табанды түрде талап еткен.

Санат Орналиев соттағы жауап беру барысында Геннадий Пактің бұл мәлімдемесіне аса таңырқай қоймаған түрде былай деген:

«Мен оның осындай тұрғыда кінә тағатынын білгенмін. Бірақ мен мұның барлығын теріске шығарамын. Кеше, мен сот ғимаратының алдында тұрғанымда, Пак мырза келіп, оған қатты қысым көрсетіліп жатқандықтан өзінің маған бағытталған жалған мәлімет беретінін айтты. Оның сөзінен түсінгенімдей, өткенде ғана ол өзінің бастығы, ТДК-42 телеарнасының меншік иесі Серік Мерғалиевпен бірге Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болыпты. Пактың айтуынша, әкім Бектұрғановтың ісіне қатты ашулы және оны түрмеге жаптырып қоюға бел буған. Бұған қоса, Бақтықожа Ізмұхамбетов төрт тілшінің «сазайын тартқызбақ», олар: мен, Лұқпан Ахмедьяров, Алла Злобина және Азаттық радиосының тілшісі Артур Нығметов. Біздің сазайымызды қалайша тартқызатынын Пак мырза нақтылаған жоқ», - деп жауап беріпті сотта Санат Орналиев.

Бұдан соң судья Ақгүл Қарасаева сот отырысын жауып, келесі тыңдауды 12 тамызға белгіледі.

АЙЫПТАУЛАР МЕН ЖҰМЫСТАН БОСАТУЛАР

15 шілде күні өткен баспасөз мәслихатында Алпамыс Бектұрғанов облыс әкімінің кеңесшісі болып тұрған кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті сыбайлас жемқорлық пен жекжаттық бойынша айыптаған болатын.

Бір аптадан кейін, 22 шілдеде әкім аппаратының жетекшісі Амангелді Дәулетжанов Алпамыс Бектұрғановтың аттестациядан өтпегенін және жұмысқа келмеуіне байланысты қызметінен босатылғанын ресми түрде хабарлады.

27 шілде күні Бақтықожа Ізмұхамбетов ары мен абыройын қорғау үшін Алпамыс Бектұрғановты айыптап, сотқа шағымданды. Өзінің шағымында ол жауап берушіні жала жапқаны үшін қылмыстық жазаға тартуды сұраған.
XS
SM
MD
LG