Accessibility links

Атбасарлықтар жер жетпей жатқанын айтады


Ақмола облысындағы мал жайылымдарының бірі. (Көрнекі сурет)

Ақмола облысындағы мал жайылымдарының бірі. (Көрнекі сурет)

Ақмола облысы Атбасар ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары егін егу мен мал ұстаудың жайы қиындап кеткеніне наразы.

Ақмола облысы Атбасар ауданы Мариновка ауылдық округіне қарасты үш ауылдың – Мариновка, Адыр және Бейіс Хазірет ауылының тұрғындары 2012 жылдан бері егіндік, шабындық және жайылымдық жерге жете алмай жүргендерін айтады.

– Мал жаятын, шөп шабатын жерімен қосып 19 мың гектар жерді әкімшілік тартып алды. Бұл жердің 8 мың гектары егіндік, қалғаны жайылымдық және шабындық жерлер болатын. Оны ауылдық «Амантай» шаруа қожалығы атынан жалға алып отырғанбыз, – дейді Мариновка ауылының тұрғыны Рүстем Айымбетов.

«СОЛ КЕЗДЕГІ ӘКІМНІҢ ШЕШІМІ»

Мариновка ауылдық округінің әкімі Досбол Кенжебайұлы тұрғындардың жерсіз қалуына өзінің қатысы жоғын айтады.

– Шаруа қожалығы жерді 2012 жылдың маусымына дейін жалға алған. Алайда сол жылы мамырда сол кездегі аудан әкімі шаруа қожалығының жерді жалға алу шартын ары қарай ұзартудан бас тарту туралы шешім шығарды. Оның шешімімен келіспеген шаруа қожалығы иелері сотқа беріп, сотта жеңіліп қалды, – дейді әкім.

Ақмола облысындағы ауылдардың біріндегі егін ору науқаны. 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақмола облысындағы ауылдардың біріндегі егін ору науқаны. 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Досбол Кенжебайұлы егіндік жерді жалдау құқығы кейін аукционға түсіп, оны басқа шаруа қожалығы жеңіп алғанын естігенін, бірақ аудандық әкімшіліктің ол жайлы шешімін әлі көрмегенін хабарлады.

– Аудандағылар жайылымдық пен шабындық жерлер ауыл тұрғындарына бөлініп берілетінін де айтқан. Алайда тұрғындарға жұмыс жоспарын түсіндірген бірде бір адам жоқ. Соның салдарынан ауыл тұрғындары қазір екіұдай күй кешіп отыр, – дейді Досбол Кенжебайұлы.

Атбасар ауданы Мариновка ауылдық округінің әкімінің айтуынша, оның қарамағындағы үш ауылда 2978 адам тұрады. Ауыл халқының көбі мал шаруашылығымен айналысады – ресми есеп бойынша олардың 2629 қой, 1302 сиыр, 772 жылқысы бар.

Атбасар ауданындағы Мариновка, Адыр және Бейіс Хазірет ауылы тұрғындарының жер проблемасы қарашаның 10-ы күні Астана өткен дөңгелек үстелде де сөз болды. Олар «Қазақстандағы парламентшілікті дамыту қорымен» бірге өткізген жиында егін егетін, шөп шабатын және мал жаятын жерге жарымай отырғандарын айтып, аудан басшыларына наразылық білдірді.

Азаттық тілшісі бұл мәселе жайлы мәлімет алуға Атбасар ауданы әкімшілігі де хабарласқан еді. Аудан әкімі Андрей Никишовпен сөйлесудің сәті түспеді – хатшысы оның орнында жоқ екенін айтты. Әкімнің жер қатынастары жөніндегі орынбасары Асхат Қисықов сауалымызға жауап беруден бас тартты.

Мариновкадағы жер тапшылығы жайы ақпарат құралдарында бұған дейін де сөз болған. Биыл сәуірде Атбасар ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы ол ауылдың кәсіпкерінен «пара алды» деген айыппен ұсталған. Ақмола облысының қаржы полициясының дерегінше, шенеунік «Мариновка ауылы аумағындағы кәсіпкерлердің бірінен жер телімін бөлу үшін 1 миллион теңге пара алғанын» мойындаған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG