Accessibility links

Ақмола өңірінде ит атудың соңы дауға ұласты


Ирина Кудрявцева жолдаған атылған иттердің фотосуреті. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылы, 27 ақпан 2016 жыл.

Ирина Кудрявцева жолдаған атылған иттердің фотосуреті. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылы, 27 ақпан 2016 жыл.

Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылының «Ауладағы иттерімізді заңсыз атып кетті» деген тұрғыны құзырлы орындарға шағымданған. Ал жергілікті әкімдік ауылдағы иттердің «заң бойынша атылғанын» айтады.

Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылы тұрғыны Ирина Кудрявцева анасының ауласындағы иті мен басқа тұрғындардың он шақты итін «итатқыштардың заңсыз атып кеткенін» және сол көріністі көрген 76 жастағы анасы Фаинаның психологиялық күйзеліске ұшырағанын Азаттыққа наурыз айының басында хабарлады.

Азаттыққа иттерінің атылғанын осы ауыл тұрғыны Марина Шевчук те растады. Оның сөзінше, ауылға мамандар келіп, қаңғыбас иттерді ататыны туралы тұрғындарды ешкім құлақтандырмаған, бес және алты жастағы екі баласының соңынан көшеге ілесе шыққан кәндек итін сыртқы қақпа алдында атқанда, балалар бұл көріністен шошып, жылап келген. Ол балалары шошып қалғанына қапаланғанымен, «итатқыштар оғы кездейсоқ тимегеніне тәуба» дейді.

ПРОКУРАТУРАҒА ЖЕТКЕН ДАУ

Гастелло ауылының тұрғыны Ирина Кудрявцева жергілікті мамандардың ауылдағы «он шақты итті» атып кетуін «заңсыз» деп санайды.

- Жергілікті телеарнада жүгіртпе жолмен құлақтандыру шықты. Бірақ онда ақпанның 28-і деген. Ал бізге 26-сы келіп, иттерді атып кетті. Әкімдікке барып сұраған едім «иттеріңді байлап, қамап тастамас үшін әдейі істедік» деді. Адам баласына үруді білмейтін итіміз қарт шешемнің көз алдында өліп қалды. Атқан иттерді машинамен көшеде сүйретіп жүрді. Сосын ауыл ішіне тастап кетті. Біз шу шығарған соң учаскелік полиция өлекселерді үш күннен кейін ғана жинап алды, - ­дейді ол.

Ирина Кудрявцеваның Жарқайың аудандық ішкі істер басқармасына берген арызына келген жауаптың фотосуреті. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылы, 27 ақпан 2016 жыл.

Ирина Кудрявцеваның Жарқайың аудандық ішкі істер басқармасына берген арызына келген жауаптың фотосуреті. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылы, 27 ақпан 2016 жыл.

Ирина Кудряцева Жарқайың аудандық ішкі істер басқармасына (АІІБ) ақпанның 26-сы күні анасының иті «заңсыз атылғаны туралы» шағым түсірген. Бір күннен соң шағымы «номенклатуралық іске қосылып, мұрағатқа өткізілгені» туралы жауап алған. Полиция майоры К. Мыңбаев қол қойған хабарламада «бұл шешімге келіспеген жағдайда прокуратураға шағымдана алатыны» жазылған. Ирина Кудрявцева Азаттық тілшісіне «мұнан соң аудандық прокуратураға шағым түсіруге барғанын, бірақ олар арызын қабылдамай қойғанын» айтты.

Ал аудандық прокуратураның Азаттыққа жазбаша берген жауабында «Ирина Кудрявцеваның прокурордың жеке қабылдауында болғаны, ол кездесуге жергілікті полиция бастығы мен Жарқайың АІІБ учаскелік полиция инспекторы шақырылғаны, бірақ Ирина Кудрявцеваның аудан прокуратурасына жазбаша түрде шағым түсірмегені» жазылған.

ИТТЕР ЗАҢСЫЗ АТЫЛҒАН БА?

Ауыл әкімі Сайлау Қадыров «иттер заңсыз атылды» деген Ирина Кудрявцеваның сөзімен келіспейді. Оның айтуынша, «Кудрявцеваның анасының итінде және ауыл иттерінің бірде-бірінде төлқұжат жоқ». Мұнан бөлек, ауыл әкімі сөзіне қарағанда, «қаңғыбас иттерді атуға тұрғындардан өтініш түскен».

- Қаңтардың 21-і мектеп ұжымы және ата-аналар комитетінен әкімдікке хат түсті. Онда көшедегі қаңғыбас иттерден оқушылар қорқып жүргені айтылған. Біз аудандық ветеринарлық қызметке хат жолдадық. Олар «Қазір дәрі жоқ. Күтіңіздер» деген жауап жіберді. Кейіннен ақпанның 26-сы күні ауылға келетіндерін хабарлады. Біз тұрғындарға иттерін байлап немесе қамап ұстау туралы құлақтандыру ілдік. Ветеринарлық қызметкерлер көшеде жүрген иттерді ғана атты, - дейді әкім.

Ирина Кудрявцева жолдаған атылған иттердің фотосуреті. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылы, 27 ақпан 2016 жыл.

Ирина Кудрявцева жолдаған атылған иттердің фотосуреті. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло ауылы, 27 ақпан 2016 жыл.

Ауыл әкімі Сайлау Қадыров пен ветеринарлық қызметкер Батыргелді Асанов өздерінің аудандық полицияға шақырылып, түсініктеме бергенін айтты. Батыргелді Асанов атылған иттерді алып кетпес бұрын, арнайы акт жасағанша олардың өлекселерін бір жерге жинап қойғандарын, сол арада ауыл тұрғыны Ирина Кудрявцева оларды суретке түсіріп алғанын айтады. Ал ауыл тұрғындарының «шошынып қалғанына» қатысты жайтты ол:

- Арнайы лицензиясы бар жалдамалы маман көшеде жүрген иттерді ғана улы дәрімен атады. Одан қан шықпайды. Бірақ ит бес минут ішінде дереу өлмейді, үйіне қашып барып жығылады. Соның әсерінен кей тұрғындар итті аула ішінде атып кетті деп санайды, - деп түсіндірді.

Ал ауыл полициясы Алмас Жұматаев бұл жағдайға қатысты ресми хатсыз және басшыларының рұқсатынсыз сұхбат бермейтінін мәлімдеді.

САРАПШЫ МЕН ЖЕРГІЛІКТІ МАМАН ПІКІРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Халықаралық кинологтар одағының Қазақстандағы бөлімі президенті Нина Макерова мұндай жолмен ит атуды «тағылыққа» балайды. Сарапшы «қаңғыбас итті көбейтпес үшін әкімдік пен халық бірігіп, иттерді стерилизациялауды (күшіктеу қабілетінен айыру – ред.) қолға алу керек» екенін айтады.

Нина Макерова «ит атудың тағылық үлгісінің» осы күнге дейін тоқтамай тұрғанының себебін тұрғындардың немқұрайлығы мен көнбістігінен және бұл істің заң жүзінде реттелмегенінен көреді.

- Ит ату ісі мен тәртібі ешқандай заңда жазылмағандықтан, итті ату жеке меншік мүлкіне қастандық ретінде бағалануы қажет. Бірақ ауыл тұрғындары иттеріне жеке құжат жасатпайды. Ветеринарлық қызметке итін жүйелі қаратып тұрмайды. Ал итін атып кеткен соң, жекеменшік мүлкіне қастандық жасалғанын алға тартып сотқа жүгінбейді. Іштей уайымдап, қайғырып қоя салады, - дейді ол.

Гастелло ауылы.

Гастелло ауылы.

Жергілікті ветеринар Батыргелді Асанов Нина Макерованың «иттерді стерилизациялау керек» деген пікірімен келіседі. Бірақ оның сөзінше, «оған арнайы бағдарлама жасау қажет».

- Қалалық жерде иттерді атпайды, аулайды. Ауылда солай істеу үшін ауданда «питомник» жасау керек, қызметкер, көлік-сайман қажет. Иттерге үш күн тамақ беру, улап өлтіру шығыны бар. Бізде ондай жағдай жоқ. Жалдамалы маман атқан иттерге акт жасаймыз да, ақша төлейміз. Итті дәрімен ату ветеринарлық қызметтің ішкі тәртібінде жазылған,­ - дейді ол.

Биыл Ақмола облысы Жарқайың ауданына қаңғыбас иттерді аулау мен атуға бюджеттен 1 миллион теңге бөлінген. Мамандар бұл ақша төрт тоқсанға бөлініп берілетінін, әр тоқсан сайын 120-140 ит ауланып, атылатынын айтады.

Ақмола облыстық мәслихат депутаттары елдімекендерде ит пен мысық ұстау ережесін 2012 жылы желтоқсан айында бекіткен. Ол ережеге сәйкес, иелері иттерді ауладан шығармай ұстап, қақпа сыртына ит барын ескертетін тақтайша ілуі тиіс. Қоғамдық орындарда қараусыз жүрген ит пен мысықтар иесіз деп есептеледі әрі оларды мамандандырылған ұйымдар аулауы тиіс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG