Accessibility links

Өзін «кінәлі санайтын» алғашқы айыпталушы


Солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.

Солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.

Қыркүйектің 13-і күні Владимир Козловтан басқа екі айыпталушы сұралды. Алғашқы боп сөйлеген Ақжанат Әминов жауабын қағаздан оқып берді. Ол Владимир Козлов пен Болат Атабаевтың ереуілдеуші мұнайшыларды "соңына дейін тұруға шақырғанын" айтты.

Ал Серік Сапарғали өзіне тағылған айыптармен келіспеді.

«ТАЛАБЫМ ДҰРЫС БОЛМАДЫ»

Өз сөзін 2008 жылғы мұнайшылар ереуілінен бастаған Әминов «сол кезде «Өзенмұнайгаз» басшыларын кетіруді талап еткені дұрыс болмағанын» айтты.

«Мұнайшылардың басшыларға қойған талаптары орындалып келгенін» атап өткен Ақжанат Әминов 2011 жылы кезектен тыс президенттік сайлауды да пайдаланып, «ереуіл ұйымдастырып көрмек болғанын», бірақ бұл ойы жүзеге аспай қалғанын жеткізді.
"ҚазМұнайГаз" басшыларын қоршап тұрған ереуілдеуші мұнайшылар. Жаңаөзен, наурыз 2010 жыл

"ҚазМұнайГаз" басшыларын қоршап тұрған ереуілдеуші мұнайшылар. Жаңаөзен, наурыз 2010 жыл


Ол 2011 жылы мамыр айында болған мұнайшылар ереуіліне зор ықпал жасай алғанын айтты. Оның сөзінше, Наталья Соколованың жалақы туралы есебі мұнайшылардың наразылығын өршітіп, мамыр айындағы ереуілге «ұшқын түсірген».

- Мен «Өзенмұнайгаздағы» жағдайды бақылап, негізгі орындарға өзімнің адамдарымды қоюды мақсат тұттым. Ниетімізді ұтымды түрде жасыра алдық. Акцияларды әдейі қысқы уақытқа жоспарладық. Себебі жұмысты тоқтатамыз деп қорқытуға қолайлы, - деді Әминов сотта.

МҰНАЙШЫЛАР КӨЗҚАРАСЫНЫҢ «РАДИКАЛДАНУЫ»

Оның айтуынша, мамыр айында ереуіл заңсыз деп танылып, мұнайшылар біртіндеп жұмыстан шығарыла бастаған. «Взгляд», «К+» сияқты ақпарат құралдарына шығу үшін Владимир Козловпен осы кезден бастап байланыс орната бастағанын айтты.

– Мен «Алға», Козловты және «Республика», «К+», «Взгляд»-ты одақтас ету керек деп шештім. Осыдан кейін барлық мұнайшылар «К+» арнасып көріп, аты аталған газеттерді оқи бастады. Билікке көзқарастары радикалдана түсті, - деді Ақжанат Әминов.
«Алға», Козловты және «Республика», «К+», «Взгляд»-ты одақтас ету керек деп шештім.
Ол Владимир Козлов пен Жаңаөзенге келген «Халық майданы» мүшесі Болат Атабаевтың алаңда тұрған ереуілшілерге «талаптары орынды» екенін айтып, «соңына дейін тұруға» кеңес бергенін жеткізді.

«Сіз өзіңізге тағылған айыпты мойындайсыз ба?» деген прокурор сұрағына Ақжанат Әминов: «өзімді 2011 жылдың мамыр айынан бастап кінәлі санаймын» деп жауап берді.

«ТРАГЕДИЯНЫҢ БОЛҒАНЫНА МЕН ДЕ КІНӘЛІ ШЫҒАРМЫН»

Ақжанат Әминовтың қысқа жауабынан кейін үшінші айыпталушы Серік Сапарғали жауап берді.

Ол бірден өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, әлеуметтік араздық тудыратындай әрекет жасамағынын айтты.

Мұхтар Әблязов пен Мұратжан Кетебаевты танымайтынын жеткізген Серік Сапарғали Жаңаөзенге мұнайшылардың жағдайын білу үшін барғанын жеткізді.

– Мұнай-газ саласында 16 жыл тәжірибесі бар адам ретінде Жаңаөзендегі шынайы жағдайды білгім келді. Бірақ өзімде қаржы болған жоқ. Сондықтан Владимир Козловтан Маңғыстауға сапарымды қаржыландыруын сұрадым, - деді ол сотта.

Мұнайшылар мәселесіне қаныққаннан кейін «Қазмұнайгаз» басшылығына, жұмысшылардың кәсіподақ өкілдеріне хат жазғанын, бірақ жауап ала алмағанын жеткізді. Ол мұнайшыларды «соңына дейін тұруға шақырмағанын» да айта кетті.
Полицияның Серік Сапарғалиды қамауға алған сәті. Алматы, 17 желтоқсан 2011 жыл

Полицияның Серік Сапарғалиды қамауға алған сәті. Алматы, 17 желтоқсан 2011 жыл


– Еңбек дауының түп-тамырын анықтағым келді. Мен ешкімді «Нұр Отаннан» шығып, «Халық майданына» кіруге шақырған емеспін. Мұндай нәрсені проблемалары көп адамдарға ұсыну дұрыс нәрсе емес деп есептедім, - деді ол.

«Айыптау қорытындысында 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Алматыдағы алаңға шығып, конституциялық құрылымды құлатуға шақырды деп жазылған екен. Осыған не дейсіз?» деген сұраққа ол:

– Иә, Жаңаөзенде не болғанын естіп, осылай сөйлегенім рас. Ақтаудан Шолпан Өтекеева хабарласып, жараланған күйеуін алып бара жатқанын айтты. Жаңаөзенде 25 адамның өлгенін көрдім деді. Шошып кеттім. 16 желтоқсаннан кейін түні бойы ұйықтай алмадым. Интернетте көрген нәрселерден есеңгіреп қалдым. Билікте кім отырмасын, халыққа қарсы оқ атуға болмайды. Мүмкін, осы трагедияның болғанына мен де кінәлі шығармын. Егер солай болса, шын өкінем, - деп жауап берді.

Тамыз айында басталған тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғалидың және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовтың соты әлі жалғасып жатыр. Жаңаөзен оқиғасынан кейін қамауға алынған үш азамат та «елдің конституциялық құрылымын күшпен өзгертпек болды, әлеуметтік араздық тудырды және қылмыстық топ құрды» деп айыпталады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG