Accessibility links

Тыңдалған телефон әңгімелерін тыңдаған күн


Владимир Козловтың соты өтіп жатқан ғимарат. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.

Владимир Козловтың соты өтіп жатқан ғимарат. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.

Қыркүйектің 18-інде «Алға!» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозиция саясаткері Серік Сапарғали мен мұнайшы, әрі азаматтық белсенді Ақжанат Әминовтің ісіне қатысты заттай айғақтар таныстырылды.

Прокурордың ұсынысы бойынша алдымен Владимир Козлов пен Роза Төлетаеваның өзара телефон әңгімесі тыңдалды. Онда Козлов Жаңаөзен мәселесіне қызығушылық танытқан еуропарламент депуттары келетіндігін айтады. Ал Төлетаева өздерінің жан-жаққа хат жазып жатқандарын хабарлайды.

«БІЗДЕГІДЕЙ ҒОЙ»

Процестен твит-трансляция жасап отырған блогер Дмитрий Щёлоков, жазбада «ешқандай компромат жоқ, Козлов сыпайы адам, Төлетаева ақыл-есі дұрыс белсенді» екендігін жазады. ‏

Бұдан кейін Ақжанат Әминовтің мұнайшылардың алдына шығып сөйлегені жазылған бейнежазба көрсетілді. Онда кімнің қанша жалақы алатындығы сөз болды.

Ал Әжібаев деген азаматпен телефон әңгімесінде Әминов «ереуілдің болмайтындығына көңілінің пәсейгенін» айтады.

Дмитрий Щёлоковтың жазуынша, «Әминов Мысыр мен Тунисте болған оқиғалардан хабарсыз екендігін айтты. Әжібаев «Мүбәрәкті билік басында ұзақ отырғандығы үшін, коррупционер болғаны үшін, ал халқы елдің байлығына қол жеткізе алмай отырғаны үшін төңкергенін» айтады. Әминов: «Біздегідей ғой» деп жауап берген».

ҮНПАРАҚТАР

Сосын прокурор «айғақ» ретінде Жаңаөзендегі Айжангүл Әмірованың кеңсесінен алынған үнпарақтарды ұсынды.

Владимир Козловтың адвокаты Алексей Плугов үнпарақтардың принтерде басылғанына назар аударуды сұрады. Оның айтуынша, «Козлов өз хабарламасын принтерде емес, ризографта басып шығарған». Ал баспа ісімен айналысқан Козлов, іс материалдардағы үнпарақтарда принтердің «ізі» бар екендігін айтты.

Бұдан бөлек, Серік Сапарғали үнпарақта жазылған желтоқсаншы ақынның өлеңіне қатысты да өзінің наразылығын білдірді.
Мұнайшылар атынан әрекет еткен белсенді Айжангүл Әмірова баспасөз мәслихатында. Алматы, 7 маусым 2011 жыл

Мұнайшылар атынан әрекет еткен белсенді Айжангүл Әмірова баспасөз мәслихатында. Алматы, 7 маусым 2011 жыл


Блогшы Дмитрий Щёлоков: «Сапарғали 2009 жылы жазылған бұл өлең жолдары ешқайда жарияланып, ешкімге берілмегенін айтты. «Онда ол Әміровада қалай жүр? Мен оған берген емеспін. Менің қазақ халқына арнаған 2009 жылғы үндеуім де тек менің компьютерімде болған, ол Әміровада болуы мүмкін емес» деді Сапарғали» деп жазады.

Алайда судья Сапарғалиге «бұл туралы жарыссөз кезінде айтасыз» деп жауап берген.

Ал адвокат Алексей Плугов бұл үнпрақшалардың Козловтың ризографінде де, Айнагүл Әмірованың принтерінде де басып шығарылмағанын сараптама растап отырғанын айтқан.

Алайда прокурор «Әмірова үнпарақшаларды өз принтерінде басып шығарғанын айтты» деп жауап берді.

Бұдан кейін мұнайшылар белсендісі Жанар Сақтағанованың айтқандарыны оқылды.

Тамыз айында басталған сот процесінде тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовқа конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды, әлеуметтік араздық тудырды және қылмыстық топ құрды деген айыптар тағылған.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG