Accessibility links

Ақтау сотында Әблязовтың «билікті құлатпақ болғаны» айтылды


Мұхтар Әблязов, қуғындағы кәсіпкер, оппозициялық саясаткер.
Мұхтар Әблязов, қуғындағы кәсіпкер, оппозициялық саясаткер.
Бүгін сотта прокурор Жанболат Мамайдың «алдын-ала тергеу кезінде берген жауабын» оқыды. Ол «журналистикадан саясатқа қалай өтіп кеткенін байқамай қалғанын» айтып «өкінеді».

Қыркүйектің 6-сы күні таңертең Ақтаудағы сотта «Алғаның» үйлестіру комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Михаил Сизовтан жауап алу жалғасты.
Прокурор одан «Мұхтар Әблязовпен әңгімеде айтылған «свежая кровь» тіркесінің мәнін сұрады.

«Бұл ұйымға жаңа адам керек екенін білдіретін көркем мағынасы бар тіркес» деп жауап берді Сизов.

Прокурорлар бүгін де одан Әблязов пен «Алға» партиясының арасындағы байланыс жөнінде сұрады. Сизов оның партияға еш қатысы жоғын айтты.

«БИЛІКТІ ҚҰЛАТУ» МЕН «ӘЛЕУМЕТТІК АРАЗДЫҚ»

Бүгін сотта ресейлік лингвист-сарапшы Михаил Грачев «еңсеңді тікте, қазақ, тиранға таптатпа» («встань с колен, казах, и сбрось тирана») сөздері бар үнпарақтардың мазмұнына тоқталып, баға берді.

Грачев: «Бұл үнпарақтар Қырғызстандағы революцияны Қазақстанда қолданып көруге шақырады, сонымен бірге онда әлеуметтік араздық тудыратын сөйлемдер бар» деп қорытынды жасады. Ол Әблязовтың сөзінде «билікті басып алу» талпыныстары көрінгенін айтты.

Грачев үнпарақтардың мазмұнын сараптай келе одан «әлеуметтік топтарды» анықтай алғанын жеткізді. Дәл осы тіркес сотта қызу талас тудырды.
Солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.
Солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.

«Бірінші әлеуметтік топ – бұл билік. Бұл топқа билік институты және билікті құрайтын адамдар кіреді: Назарбаев және оның нұсқауын орындайтын құрылымдар. Екінші топқа Әблязов пен оның жақтастары кіреді. Бұл топқа сонымен бірге Әблязовтың өз мақсатына қолданғысы келген мұнайшылар да кіреді» деді Михаил Грачев.

Осы тұста қорғау тарабы билікті әлеуметтік топқа жатқызуға болмайтынын, мұны Ресейде жүргізілген зерттеу дәлелдегенін айтты. «Мәртебелі сарапшы - лингвист, билікті әлеуметтік топқа жатқызу бұл саяси термин» деді адвокат Алексей Плугов.
Бұған Грачев: «Ешкім саясат алаңына шығып тұрған жоқ. Мен әлеуметтік топ ұғымын терең зерттегенмін» деп жауап берді.

Ал айыпталушы Сапарғали: «Сіз тым үстірт қорытынды жасадым деп ойламайсыз ба? Мен Назарбаевтың да, Әблязовтың жақтасы емеспін. Мен ұлтшыл-демократпын» деп сарапшыға қарата сөйледі.

«БІРЖАҚТЫ АҚПАРАТ ТАРАТАТЫН» БАҚ

Сотта «Голос республики» басылымының редакторы Татьяна Трубачева куәгер ретінде сұралды. Ол сотта газетке негізсіз қара күйе жағылып жатқанын, оның ешбір «ұйымдасқын қылмыстық топқа» қатысы жоғын айтты.

«Тергеу амалдары басылымдарыңыздың бір жақты ақпарат таратынын анықтаған екен. Пікіріңіз?» деген сұраққа ол:

– Біз ақпарат таратамыз, егер қарсы тараптың пікірі болмаса, ештеңе де істей алмаймыз. Әдетте «біржақты» деп президентті, билікті сынағандарды айтып жатады. Мен оларды сынамау қажет емес дегендермен келіспеймін, - деді Татьяна Трубачева.

Бүгін сот Мұхтар Әблязов, Людмила Козловская, Виктор Винявский мен Ирина Петрушованы сотқа куәгер ретінде шақыру туралы қорғау тарабының өтінішін қабылдамау туралы шешім қабылдады.

МАМАЙДЫҢ "ӨКІНІШІ"

Кешке қарай қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың алдын-ала тергеу кезінде берген жауабы оқылды. Мамайдың өзі сотқа келмеді.

Twitter-де оның «жауабынан» мынадай үзінділер келтірілді.

«Кінәмді толық мойындаймын. Ешқашан да біреудің қылмыстық бұйрықтарын орындаймын деп ойлаған емеспін. Адамдарға көмектестім деп ойладым... Еңбек жанжалдарын шешу мәселесіне қатысты тәжірибем аз болды. Өзімді кінәлімін деп есептеймін. Журналистикадан саясатқа қалай өтіп кеткенімді байқамадым... Менің сөздерім әлеуметтік араздық тудырады, конституциялық құрылымды құлатуға шақырады деп ойлаған жоқпын. Мұнайшылардың мәселесін шешуге көмектеседі деп есептедім...»
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG