Accessibility links

Бұрынғы екі полицей ІІД-мен соттасып жүр


«Заңсыз жұмыстан шығарылдым» деген маңғыстаулық полицей Фархад Әбдухалықов. Ақтау, 27 наурыз 2016 жыл.

«Заңсыз жұмыстан шығарылдым» деген маңғыстаулық полицей Фархад Әбдухалықов. Ақтау, 27 наурыз 2016 жыл.

«Заңсыз жұмыстан шығарылдық» деп санайтын маңғыстаулық екі полицей ІІД-нің «әділетсіздігін» айтып шағымданады. Ал департамент басшылығы дұрыс шешім қабылдағандарына сенімді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) бұрынғы екі полицейі «әділетсіз түрде жұмыстан қуылдық» деп шағымданады. Солардың бірі – 28 жастағы бұрынғы полиция лейтенанты Фархад Әбдухалықов – 2015 жылы «құқық қорғау органының атына кір келтірді» деген негізбен қызметтен босатылғанға дейін «үздік полицейдің бірі болғандарын» айтады. Бұл туралы «Тумба» газетінде 2015 жылғы мамырда Ақтау қаласындағы 7-шағынаудандағы өртенген №6 үйдің тұрғындарын құтқарған полицейлердің ерліктері туралы материал да шыққан еді. Онда взвод командирі лейтенант Фархад Әбдухалықов, «Мираж-13» отрядының инспекторы полиция лейтенанты Әнуар Ералиев және бірнеше полиция қызметкерінің өрттен үш баланы құтқарғаны баяндалған.

2015 жылғы маусым айында Фархад Әбдухалықов әріптесі, жол көлік инспекторы Әнуар Ералиев екеуі «теріс себептер» деген негізбен жұмыстан шығарылған. Ресми түсініктеме бойынша Әбдухалықовтың қызметтен босатылуына жол-патруль полицейі ретінде жұмыс барысында іздеуде жүрген көлікке ұқсас машинаны тоқтатып, жүргізушіден құжатын сұрауы себеп болған. Кейін осы көлікте отырған жолаушы «полиция маған қол жұмсады, оны қалта телефонына түсіріп таратты» деп арызданған. Тергеу барысында ол арыз бойынша басталған іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылған. Бірақ полицейлер жұмысқа қайта алынбаған. Әбдухалықов пен Ерәлиев арыз түсірушінің «көлікте мас күйінде отырғанын» айтады. Олар сол кезден бастап өздерін қайта жұмысқа алуды талап етіп ІІД-мен соттасып жатыр.

Бұрынғы полицейлердің адвокаты Қайрат Тәжібаев "Ақтау қалалық сотына Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының жұмыстан босату туралы бұйрығының күшін жоюды, қызметтік тексеруді терістеуді сұрап шағым түсіргендерін" айтты.

Бұрынғы полицей Фархад Әбдухалықовтың адвокаты Қайрат Тәжібаев. Ақтау қаласы, 27 наурыз 2016 жыл.

Бұрынғы полицей Фархад Әбдухалықовтың адвокаты Қайрат Тәжібаев. Ақтау қаласы, 27 наурыз 2016 жыл.

- Қалалық және апелляциялық сот инстанциялары арызымызды қанағаттандырмады. Енді жоғарғы сотқа шағымдану ғана қалып отыр, - деді ол Азаттыққа.

Тәжібаевтың сөзінше, «ішімдік ішкен жолаушының» арызы қылмыстық істерді тіркеудің бірыңғай кітабына тіркелмеген. Адвокат полицейлерге қатысты қызметтік тексеріс заңсыз жүргізілді деп санайды.

- Қызметтік тексеріс болған соң оқиға орны, ол жердегі камералардағы бейнежазбалар, тоқтатылған көліктің жүргізушісі, бәрі зерттелуі тиіс. Ал олар (ІІД – ред.) өз қызметкерлеріне [негізсіз түрде] теріс қызметтік мінездеме берген, - дейді адвокат Қайрат Тәжібаев.

Адвокаттың айтуынша, бұрынғы полицияның аға лейтенанты Әнуар Ералиевті жұмыс орны «еңбек заңын бұзды, әскери дайындықтарға қатыспады» деп сипаттаған. Адвокат егер қорғауындағы полицей бұрын расында да еңбек заңын бірнеше мәрте бұзса, онда ол оқиғалардың әрқайсысына қатысты түсініктемесі неге еш жерде тіркелмеген деп таң қалады.

Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген 25 жастағы Әнуар Ералиев 2013 жылдан бері Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жол патрульдік полициясы қызметін атқарған. Таэквондадан спорт шебері екенін де айта кеткен Ералиев өзіне қатысты қызметтік тексеріс туралы мүлде хабарсыз болғанын айтады.

- Қызметтік тексеріс кезінде мен ауырып жатыр едім, тексерістің болғанын туралы естімедім де, - дейді ол.

Ал Фархад Әбдухалықов «қызметтік тексерістің екі-ақ күнге созылғанын» айтады.

- Бізден тек түсініктеме ғана алды. Кейін естігеніміздей тәртіптік комиссия болып, онда мәселемізді бізді қатыстырмай қарап, «құқық қорғау органдарына кір келтірді» деген шешімге келген, - дейді ол.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Әбдухалықовтың сөзінше, қызметтік тексерісті полиция подполковнигі Еркін Дегениязов, ал тәртіптік комиссияны полиция полковнигі Аман Қалмұрадов жүргізген.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне арнайы сауал жолдап, полицейлер шағымына орай аталған лауазымды тұлғалармен кездесуді сұраған еді. Алайда олар сөйлесуден бас тартып, сот шешіміне сілтеме жасалған жазбаша жауап берді. Ол жауапта жол полициясының қызметкерлері Әнуар Ералиев пен Фархад Әбдухалықовтың қызметтік тексеріс қорытындысының негізінде оларды қызметтен босату туралы ІІД тәртіптік комиссиясы шығарған шешіммен келіспей сотқа арызданғаны, бірақ №2 Ақтау қалалық соты да, Маңғыстау облыстық апелляциялық соты да олардың арызын қанағаттандырмағаны баяндалған.

«Заңсыз жұмыстан шықтық» деп шағымданып жүрген бұрынғы полицейлер Әбдухалықов пен Ералиев президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен «100 нақты қадам» деп аталатын ұлт жоспарына сай құрылған, Маңғыстауда биылғы қаңтардан бастап іске кіріскен жергілікті полиция құрамына кіреді. Жергілікті полиция тікелей облыс әкіміне бағынады.

Маңғыстаулық полицейлердің «заңсыз жұмыстан шығарылдық» деп шағымдануы тек бұл ғана емес. Бұған дейін де бірнеше жаңаөзендік полицей «мас күйінде көлік жүргізген депутат пен прокурор көмекшісін ұстағандары үшін қызметтен кеткендерін» айтып шағымданған. Олардың бірнешеуі сот шешімін даулап әлі күнге дейін бас прокуратураға арызданып жүр.

XS
SM
MD
LG