Accessibility links

Ақтау портынан жүк баяу өтіп жатыр


Ақтау теңіз портында құжат күтіп тұрған транзиттік көліктер.

Ақтау теңіз портында құжат күтіп тұрған транзиттік көліктер.

Ресей бағыты жабылғалы Еуропа мен Түркиядан Ақтау теңіз порты арқылы жүк таси бастаған жүргізушілер бюрократизм, парақорлық пен жағдайсыздыққа шағымданады. Кеден бекеті жүк өткізуді Мемлекеттік кіріс комитетінің қаулысына орай рәсімдейтіндерін айтады.

Ресейдің 2016 жылдың басынан күшіне енген Түркиядан жеткізілетін бірқатар ауыл шаруашылық өнімі мен азық-түлікке салған тыйымынан соң Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жөнелтілетін барлық тауарлар Каспийдегі Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы өте бастады.

Бұған қоса, биылғы қаңтардан бастап Ресей президенті Владимир Путиннің Еркін сауда аймағы туралы Украинамен келісім-шартты тоқтату туралы жарлығына сәйкес Украинадан келетін тауарлардың да транзиттік жолы өзгеріп, Грузия мен Әзербайжанды басып өтіп, Ақтау теңіз порты арқылы өтіп жатыр. Алайда тауар тасымалдайтын жүргізушілер жолдың ұзарып, әрі қымбаттап кеткеніне наразы.

Түркия мен Грузиядан Қырғызстан мен Қостанай облысына тауар таситын жүргізушілер Азаттық тілшісіне Ақтаудағы теңіз сауда портында жүктерін рәсімдеп апталап жатып қалғандарын, кедергінің көбейгенін айтып шағымданды.

"Морпорт" кеден бекетінде кедергінің себебін түсіндіруді талап етіп отырған жүргізушлер. Ақтау, 2016 жылдың қаңтары.

"Морпорт" кеден бекетінде кедергінің себебін түсіндіруді талап етіп отырған жүргізушлер. Ақтау, 2016 жылдың қаңтары.

Солардың бірі Мұрат есімді қырғызстандық жүргізуші шекараларды кесіп өту кезінде құжаттарды рәсімдеуді жеделдетуге арналған TIR Carnet (халықаралық жол тасымалы кітапшасы - ред) транспорттық құжаты бар болса да, Ақтаудағы теңіз портының кеден бекеті «жүгін күзетпен алып жүруді міндеттеп, қосымша ақы сұрағанын» айтады.

- TIR Carnet бойынша егер жүктің бағасы 50 мың АҚШ долларынан аспаса, ол еш кедергісіз рәсімделуі керек. Алайда тауарымның құны 20-ақ мың доллар болса да, [кеден бекеті] «арнайы күзетпен жүруге тиіссің» деп отыр, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Ақтау портындағы кеден бекетінің жүк көліктерін он-оннан топтап, бір күзет көлігін қосып беріп жатқанын анықтады. Жүк көліктерін келесі облыстық кеден бекетіне дейін алып жүрген конвой көлігінің қызметі үшін бір шақырымға шамамен 2,5 евро төлемақы алынады.

Мысалы, Ақтаудан Атырауға дейінгі кедендік күзет көлігінің қызмет ақысы 385 евро, ал Атыраудан Оралға дейін – 187 евро болып шығады. Мұраттың айтуынша, Қырғызстанға жеткенше, Қазақстандағы 6-7 кедендік бекеттен ілесетін кедендік күзет үшін жалпы сомасы 1000 еуроға жуық төлем төленуі тиіс. Мұндай кедергіге тап болған жалғыз Мұрат емес. Онымен бірге тағы алты жүргізуші де дәл осындай жағдаймен бөгеліп жатыр. Олардың арасында Грузиядан келе жатқан, 11 күн бойы құжатын рәсімдей алмай жатқандары да бар.

КЕДЕНДІК КҮЗЕТ АҚЫСЫ ТУДЫРҒАН ДАУ

Азаттық тілшісі наразы жүргізушілермен бірге Ақтау теңіз портындағы кеден бекетінің бастығы Талғат Кәрімовпен кездескен еді. Кәрімовтің түсіндіруінше, қосымша күзет (ресми түрде «алып жүру» - ред.) ақысы «кедендік бақылаудың ойлап тапқан ережесі емес».

"Морпорт" кеден бекетінің бастығы Талғат Кәрімов.

"Морпорт" кеден бекетінің бастығы Талғат Кәрімов.

Кеден бекеті бастығының сөзінше, Мемлекеттік кіріс комитетінің 2015 жылғы 7 қазандағы қаулысына сәйкес Қазақстан арқылы өтетін Қырғызстанға дейінгі жеткізілетін жүк тасымалының барлығы кедендік күзетпен жеткізілуі тиіс.

- Қазақстанға келетін жүктер қолдағы құжаттарына сай рәсімделеді. Ал Қырғызстанға баратын жүктерге кедендік алып жүру қызметінің жасалатыны кедендік комиссияның ұйғарымына сай Мемлекеттік кіріс департаменті шешімімен жасалып отыр, - деді ол.

Талғат Кәрімовтің сөзінше кедендік рәсімдеу тарапынан ешқандай кедергі жоқ.

- Барлық құжаттар 5-10 минут ішінде рәсімделеді. Ал Қырғызстанға жөнелтілетін жүктердің кедендік алып жүруге ілінуінің себебі кей тауарлар Қырғызстанға жетпей Қазақстанда қалып қояды, - деді ол.

Қырғызстанға Түркиядан жүк апара жатқан Ильяр есімді жүргізуші қолында арнайы TIR Carnet құжаты барда жүк Қазақстанда қалып қояды деп қауіптену «бос әңгіме» деп санайды.

​ - TIR Carnet белгілі уақытқа ғана беріледі, сол аралықта біз тиісті тауарды жеткізіп үлгеруіміз керек. Еуропадан өттік, Беларусьтен өттік, Әзербайжанда да еш кедергі көргеміз жоқ. Егер қандай да бір жүк Қырғызстанға жетпей қалса, неге ол үшін бәріміз жапа шегуіміз керек? -дейді жүргізуші.

Кедендегі дау туралы видео:

Ильярдың бұл уәжіне Ақтау теңіз порты кеден бекетінің бастығы тек алақанын жайып ишарамен жауап берді.

- Мұның жауабын Қырғызстандағы кеденнен сұраңыздар. Олар бізге тауардың жеткені туралы электрондық есеп бермей отыр, - деді ол.

Кәрімов кеден қызметкерін қырғызстандық жүк тиеген көліктерді күзетіп облыс шекарасына дейін баруы үшін айлап іссапарға жіберу өздеріне де оңай емес екенін айтып қалды.

Кеденшілермен ұзақ дауласудан нәтиже шықпаған соң Түркия мен Грузиядан келе жатқан жүргізушілер кедендік күзет ақысын бірлесе төлеуге келісіп жатты. Олар Азаттық тілшісіне Атырауға дейінгі 385 еуролық күзет ақысын «бірлесе бөліп төлегендерін» хабарлады.

- Арамызда жылдам бұзылатын тауар әкеле жатқандар бар. Мәселен, менде – жеміс-жидек. Мен оның қаншасы жететінін білмеймін, - деді Ильяр.

«ТҰНЫП ТҰРҒАН ПАРАҚОРЛЫҚ»

Жүргізушілер Азаттыққа Ақтаудағы теңіз портында жүргізушілерге ешқандай жағдай жасалмағанын айтып та реніш білдіріп жатты. Солардың бірі - Түркиядан Қырғызстанға тауар апара жатқан Ахмет Памбух.

Не әжетхана жоқ, не жуынатын жер жоқ, не кафе жоқ. Ал көліктің әр тұрған күні үшін 3 220 теңге төлейміз. Бакуде 7 доллар төлеп, қанша тұрсаң да, тұруға болады, әрі қажетті жағдайдың бәрі бар.

- Мұнда тұрғаныма бесінші күн. Әбден шаршадым. Не әжетхана жоқ, не жуынатын жер жоқ, не кафе жоқ. Ал көліктің әр тұрған күні үшін 3 220 теңге төлейміз. Бакуде 7 доллар төлеп, қанша тұрсаң да, тұруға болады, әрі қажетті жағдайдың бәрі бар, - деді ол.

Азаттық тілшісі портта іркілген жүргізушілердің жағдайын сұрап сөйлескен алғашқы журналист болып шықты. Ахмет мұңын шағып, шағымын лек-легімен ағытты.

- Түркияда он рет көлікті өлшеуден өттік, проблема жоқ. Ал Ақтауда жүк салмағын өлшейтіндер күні-түні кеден бекеті маңын торуылдап тұрады. Проблема болмаса да, өлшенген соң 100 доллар беруің керек, бермесең айыппұл салады, - дейді ол.

Проблема болмаса да, өлшенген соң 100 доллар беруің керек, бермесең айыппұл салады.

Оның сөзін қоштаған Ильяр Қырғызстанға жеткен соң Қазақстандағы кедергілерге қатысты арызданатынын айтты.

- Еуропада пароммен портқа келіп түскен соң жағар майың таусылып қалса, ақшаңды төлеп, арнайы орыннан құйып алуға болады. Ал бұл жерде оны сұрасақ, жаңар май беру үшін тағы 100 доллар сұрайды. Тұнып тұрған парақорлық, - деді ол.

Жүргізушілердің шағымы туралы Азаттық тілшісі сұрақ қойған кезде Ақтау халықаралық теңіз портының корпоративтік даму басқармасының бастығы Елена Погосова сауалды жазбаша жолдауды ұсынды.

- Кеше ғана министрліктен кісілер келді. Консулдармен кездесіп жатырмыз. Бізде халықаралық стандарт болған соң ол сақталуы керек. Сіз сұрағыңызды жазып жіберіңіз, - деді ол.

Тілші өзі сөйлескен жүргізушілердің Баку портының артықшылықтары мен арзан тарифі туралы сөзін жеткізгенде, Погосова:

Ақтау теңіз порты жанындағы кеден бекеті.

Ақтау теңіз порты жанындағы кеден бекеті.

- Біз басқа бір елге теңеле алмаймыз. Сауалыңызды жазбаша жолдаңыз, - деп қысқа қайырды.

Украинадан Қазақстанға жететін халықаралық жүк бұрын Яготин – Красное – Семиглавый Мар бағыты бойынша тасымалданса, енді Ресей маршруты жабылған соң Ильичевск – Батуми – Баку – Ақтау арқылы өтіп жатыр. Ақтау портындағы кеден бекетінің мәліметіне сәйкес тауарлардың көпшілігі - кондитерлік өнімдер мен жиһаздар. Ильичевскіден Қытайға дейін жететін тасымалдау дәлізі арқылы әзірге нақты жүктер келмеген. Тек сынақ ретінде жолдың сапасын, ұзақтығын, соған сәйкес тарифтерді анықтау үшін бос вагондар жіберіліп тұрады. Порт қазір күніне 30­-35 жүк көлігі мен 1-­2 кеме қабылдап жатыр. Бірақ бұрындары күніне 80-­100 жүк көлігіне дейін қабылдаған кездері болған.

Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Ақтау порты – түрлі жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін халықаралық тасымалдауға арналған Қазақстанның жалғыз теңіз порты. Порт 1963 жылы Маңғыстау аумағындағы уран өндірісі мен мұнай кеніштері өнімдерін тасымалдау үшін салынған. Ақтау халықаралық теңіз сауда портының 100 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» холдингінің иелігінде және ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сенімді басқаруға берілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG