Accessibility links

Козлов ереуілді созуға емес, басуға мүдделі болғанын айтады


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловты сот залына әкеле жатыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Фото Twitter желісінен алынды.

Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловты сот залына әкеле жатыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Фото Twitter желісінен алынды.

Бүгін Ақтаудағы сотта айыпталушы Владимир Козлов өзі жетекшілік жасаған «Алға» партиясының соңғы екі жылдағы жұмысына тоқталды. Партияға дәл осы кезеңдегі әрекеттері үшін айыптар тағылып отыр.

Владимир Козловтың сотта жауап беріп жатқанына үш күн болды. Бұған дейінгі жауабында ол «Алға» партиясының құрылу кезеңдеріне, Мұхтар Әблязовпен болған скайп-конференцияның мазмұнына тоқталған еді.

Қыркүйектің 11-і күні партияның бағдарламасын оқып, соңғы екі жыл ішінде жүргізілген жұмыстар жайында баяндаған Владимир Козлов бүгін «қызметінде қылмыс деп атауға болатындай ешбір әрекет жоқ» екеніне ерекше екпін түсіріп айтты.

Оның жауабында «революциямен жеткен биліктің берекесіздігі» жайлы сөйлемдер де болды.

- Революциямен келген биліктің санаулы адамдар тобына жеңіл олжа болып кетуі оп-оңай. Мұндай билік халықтық болудан қалады, - деді Владимир Козлов сотта.
Егер де мен шын мәнінде мемлекетте төңкеріс жасағым келген болса, бұлайша қимылдамас едім.

Ол 2011 жылғы кезектен тыс президенттік сайлауға неліктен байкот жариялауының мәнін тағы бір мәрте түсіндіре кетті.

Мұнайшылар ереуілі басталған кезде билікті олардың мәселесін тезірек шешуге шақырғанын, әйпесе аймақта жағдай ушығып кетуі мүмкін деп ескертуге тырысқанын айтты. Дәлел ретінде ақпарат құралдарына берген сұхбатынан да, партияның билікке жолдаған хаттарынан да мысал келтіріп отырды.

- Осының бәрі айыптау тарабының біздің ереуілді созғымыз келді дегеніне айғақ бола ала ма?...Егер де мен шын мәнінде мемлекетте төңкеріс жасағым келген болса, бұлайша қимылдамас едім, - деді Козлов сотта.

Ол егер президентке Жаңаөзендегі жағдай туралы ақпаратты дұрыс, әрі уақытында жеткізіп отырған кезде жағдайдың бұлайша ушықпауы мүмкін екені туралы қайталап айтты.

- Назарбаевтың жеке өзі интернет қарамайтынын, газет оқымайтынын білеміз. Себебі оның өзге міндеттері де бар. Бірақ оның баспасөз қызметі бар ғой, солар президентті құлағдар етуі тиіс еді. Егер мұны жасамады ма, ендеше солар жауапқа тартылуы тиіс, - деді Владимир Козлов сотта.
Ол "тіпті Еуропарламент депутаттарының назарын аудартқан" Жаңаөзендегі мұнайшылар мәселесіне жергілікті депутаттардың немқұрайды қарағанын айтты.
Ол "тіпті Еуропарламент депутаттарының назарын аудартқан" Жаңаөзендегі мұнайшылар мәселесіне жергілікті депутаттардың немқұрайды қарағанын айтты.

2011 жылғы Варшавадағы ЕҚЫҰ жиынына, Еуропарламентте мұнайшылар мәселесінің қозғалуына да тоқталып, «Еуропарламент депутаттары берген уәдесін орындамады» деп осыған дейін куәлік берген кейбір мұнайшылардың жауабы шындыққа жанаспайтынын айтты.

- Еуропарламент депутаттары қолынан келгенін жасады. Олар мұнайшыларға «Тимур Құлыбаев телефон шалып, жұмысқа алатынын хабарлайды» деп уәде берген жоқ. Мүмкін мұнайшылар олардан үлкен нәрсе күткен шығар, - деді Козлов сотта.

Қазір сот әлі жалғасып жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG