Accessibility links

Дағыстанда оққа ұшқан «Хамза» Ақтаудікі болып шықты


Дағыстандағы исламистік қарулы топ. Көрнекі сурет

Дағыстандағы исламистік қарулы топ. Көрнекі сурет

Ресейлік БАҚ «Қазақстандық жігіт Дағыстандағы топқа үш ай бұрын қосылған» деп хабарлайды. Қаза тапқан Вадим Кадымовтың Ақтауда ұлы мен әйелі қалды.

Дағыстанда қарашаның 7-і күні күдікті деген екі қарулы адам қаза тапты. Оның біреуі Қазақстан азаматы, Хамза деген есімді қабылдаған Вадим Кадимов болып шықты. Хасавюрттағы бесқабатты тұрғын үйдегі пәтерге шабуыл жасау кезінде ерлермен бірге біреуінің әйелі де қаза тапты. Алғашқы некеден туған кішкентай екі баланы әйел келіссөзден кейін пәтердің терезесінен сыртқа берген.

АҚТАУЛЫҚ ПУЛЕМЕТШІ

«Коммерсант» газетінің жазуынша, өлген 26 жастағы Вадим Кадымов тамыздың 4-і күні Дағыстанның Ахтын ауданына досының үйлену тойына Ақтаудан әйелі мен ұлын алып келген. Кейінірек әйелі мен баласы Қазақстанға оралған, ал Вадим Кадымов әкесіне «билет жоқ» деп сол жақта қалған.

«Коммерсант» газеті «деректер бойынша, оны таныстарының бірі той үстінде азғырып, ол көп ұзамай қарулы топқа қосылған» деп жазады. Газеттің жазуынша, «ол алдымен дербенттік, сосын новосаситилиндік топқа қосылған. Өмірінің соңғы күндерін ол Хасавюрт бандасында өткізген».

Вадим Кадымов соңғы уақытта Солтүстік аймақ (дағыстандық бандалық топтар оған республиканың Ноғай, Хасавюрт, Кизляр және Кизилюрт аудандарын жатқызады) әмірінің бірінші наибы (орынбасары) болғаны хабарланады. Ал аймақты Даниял Зургалов басқарады. Топта оған пулеметші мен минашының рөлі беріліпті.

"5 ЖЫЛДА 148 АДАМ СОТТАЛДЫ"

Қарашаның 8-і күні саясаттанушы Ерлан Қарин жергілікті БАҚ өкілдеріне Қазақстаннан шыққан деп жорамалданған қарулы топ мүщелері жайлы пікірін білдірді.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанның 40 азаматы басқа мемлекеттердің аумағында террористік және заңсыз қарулы әрекеттерге барды деген күдікпен ұсталған. Бірақ Ерлан Қарин, «бізді бұл фактілер емес, Қазақстанның өз ішіндегі бас көтеретін экстремистік күштер алаңдатуы тиіс» дейді.
Ерлан Қарин, "Нұр Отан" партиясының хатшысы. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл.

Ерлан Қарин, "Нұр Отан" партиясының хатшысы. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл.


Tengrinews агенттігі саясаттанушының «Иә, бұл жайт бізді алаңдатуы тиіс. Бірақ бізді ең алдымен жастарды қолына қару алуға мәжбүрлейтін әлдебір алғы шарттардың, себептердің пайда болуы алаңдатуы тиіс. Қазақстанның өз ішінде ғана 148 азамат соңғы бес жыл ішінде «терроризм» қылмыстық бабы бойынша сотталды. Биылдың өзінде ғана 83 азамат осы бап бойынша сотталды. Яғни, біздің азаматтарымызды сырт жақта терроризмге тарту ісі - осыдан бес жыл бұрынғы ескі проблема. Ал қазір бізді жастарымызды экстремистік жолға түсуге итермелейтін ішкі факторлар алаңдатуы тиіс» деген сөзін келтіріпті.

Қарин атап өткендей, сотталған «террористердің» 70 пайызға жуығы - 29 жасқа толмаған жас жігіттер. Оларды экстремистік әрекеттерге баруға интернетте көп таратылатын насихат материалдары түрткі болған.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG