Accessibility links

Маңғыстау оқиғаларының Қазақстан инвестициялық ахуалына әсері


«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнай қазандары. (Көрнекі сурет)
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнай қазандары. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзен мен Шетпедегі қанды оқиғалар Қазақстанның инвестициялық ахуалына қысқа мерзімде теріс әсер етеді. Ал оны оңына келтіру – биліктің Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаларды объективті түрде тексеруге қаншалықты дайын екендігіне байланысты болмақ дейді сарапшылар.


МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ

Маңғыстау облысында жағдай әлі тұрақсыз күйде қалып отыр. Облыс орталығында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, желтоқсанның 19-ы күні шамамен екі мыңдай адам, араларында мұнайшылар да бар, Ақтауда алаң маңына жиналған. Олар биліктен Жаңаөзеннен жасақты шығаруды талап еткен.

Бұл уақытта Қазақстандағы тұрақсыздық елдің кеден одағы, Еуразиялық экономикалық қауымдастық және Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарт бойынша стратегиялық серіктесі – көршілес Ресейдің алаңдаушылығын туғызып отыр.

Мәселен, жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың мемлекетаралық кеңесінің нәтижесі бойынша өткен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Дмитрий Медведев «әрбір саяси оқиға қалай болғанда да мемлекеттің өміріне әсер ететіндігін» мойындады.

«Бірақ бұл біздің ортақ нарық құру және экономикаларымыздың интеграциясымен айналысуға қатысты ортақ ниетімізге әсер етпеуі тиіс», – деп атап көрсетті Медведев Қазақстандағы жағдай интеграциялық жағдайларға әсер етпей ме деген сауалға берген жауабында.

Алайда Маңғыстаудағы жағдайдың тұрақсыздығы Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін бе? Өндірілетін мұнай көлеміне, осы салада жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлардың көңіл-күйіне және тұтастай алғанда елдегі инвестициялық ахуалға қалай әсер етуі ықтимал?

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының еншілес құрылымдары – «ӨзенМұнайГаз» және «Қаражанбасмұнай» кәсіпорындары жұмысшыларының бір бөлігі жұмысқа шықпай, Ақтауда наразылық акциясына жиналған жұртқа қосылды. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының баспасөз хатшысы Михаил Дорофеев «ӨзенМұнайГаз» компаниясының бір тәулікте өндіретін мұнай көлемі бұрынғы қалпында деп мәлімдеді.

Сонымен бірге ол компания жұмысшыларының көпшілігі өздері және
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының баспасөз хатшысы Михаил Дорофеев.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының баспасөз хатшысы Михаил Дорофеев.
отбасыларының қауіпсіздігіне алаңдап отырғандығын, сондықтан жұмысшылардың бір бөлігі өздері тұратын Жаңаөзенде, үйлерінде қалуды жөн көргенін мойындады.

Бірақ, деді Михаил Дорофеев, компания мұнай өндірудің тәуліктік нормасын сақтау мақсатында жоспардан тыс ауысым ұйымдастырды. Оның сөзінше, демалыс және мереке күндері өндірісте аз адам жұмыс істейді, алайда компанияға сол адам санын кемітпей ұстаудың сәті түскен.

Дорофеевтің бұл сөзін тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов жоққа шығарады. Оның мәлімдеуінше, биліктің күш қолдануына наразылық белгісі ретінде көптеген мұнайшылар жұмысқа шығудан бас тартқан.

«АР-ҰЯТТАН АДА» БИЗНЕС

Маңғыстаудағы қалыптасқан жағдайдың Қазақстан экономикасы мен елдегі инвестициялық ахуалға қалай әсер етуі мүмкін деген сауалға қатысты әртүрлі сарапшылардың, солардың арасында «Самұрық-Қазына» қоры өкілдерінің де пікірлері негізінен тоқайласады.

Алматыда орналасқан қоғамдық проблемаларды талдау орталығының
Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмутова.
Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмутова.
директоры Меруерт Махмутова басқалардан өзгешелеу пікір білдірді.

Оның айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ секторындағы негізгі ойыншылар – ішкі және сыртқы – аяғынан нық тұрғандар, оларға Жаңаөзендегі соңғы оқиғалар теріс әсер ете қоймайды. Өйткені, бұл саладағы бизнес ар-ұяттан ада деп санайды Меруерт Махмутова.

Оның пікірінше, жергілікті жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек жағдайларына республиканың мұнай-газ саласына қатысып отырған инвесторлардың қабырғасы қайыспайды. Инвесторлар үшін Қазақстанның қазіргі жоғары басшылығымен тіл табысу анағұрлым маңыздырақ дейді қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры.

Ал әлеуетті инвесторлардың арасында Маңғыстаудағы жағдайға назар бұратыны – Қытай болуы мүмкін, ол да Ақордамен қарым-қатынасқа баса маңыз береді, деп санайды Махмутова.

ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ КЕРІ ӘСЕР

Өзге сарапшылар, мәселен, Қазақстанның «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасы басқармасының кеңесшісі Ораз Жандосовтың айтуынша, инвесторлардың түсінігінде қауіп-қатер ең алдымен Қазақстанда мұнайдың
«Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасы басқармасының кеңесшісі Ораз Жандосов.
«Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасы басқармасының кеңесшісі Ораз Жандосов.
негізі бөлігі өндірілетін батыс өңірдегі жағдайды ретке келтіруге байланысты күшейе түседі.

Жандосовтың пікірінше, кейін инвесторлардың көңіл-күйі мен өзге елдердің көзқарасы Қазақстан билігінің Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаларды объективті түрде тексеруге қаншалықты дайын екендігіне байланысты өзгермек.

«Самұрық-Қазына» қорының атқарушы директоры Ерлан Байжанов сонымен бірге Жаңаөзендегі «ойран мен тәртіпсіздіктер» қысқа мерзімде елдің саяси тұрақтылығына әсер ететін фактор болып табылатынын мойындайды.

Қазақстандағы саяси тұрақтылықтың іргетасы мықты, ал бірлі-жарым тәртіпсіздіктер ұзақ мерзімді келешекте бұл тұрақтылықты шайқалта қоймайды деп мәлімдеді Байжанов. Осыған байланысты, Ерлан Байжанов елдің инвестициялық ахуалына бұл оқиғалардың әсері ұзақ әрі елеулі болады деп санамайды.

Ең дұрысы, аймақтағы барлық жағдай реттелген соң қоғамдық тыныштық орнап, бұл оқиғалардың инвестициялық ахуалға қысқа мерзімді кері әсері жойылады деген долбар жасайды Байжанов.

ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН САЯСИ ҚАУІП

Алматылық экономикалық шолушы Төлеген Асқаровтың пікірінше, Жаңаөзен оқиғасына байланысты инвесторларды толғандыратын негізгі мәселе: Қазақстанға инвестиция құюды жалғастыру керек пе, мұнай-газ саласында қала берген жөн бе деген сауалдар төңірегінде. Бұл инвесторлар үшін «өте өзекті мәселе» болып отыр деп санайды сарапшы.

Асқаров онсыз да бұған дейін «Назарбаевтың мұрагері кім болмақ?» деген сауалға жауап таба алмағандықтан олардың көңілі күпті болып келгенін айтады. Бірақ енді оған саяси тұрақсыздыққа байланысты қауіп қосылса, әрине, инвесторлар осында салған инвестицияларын жоғалтқысы келмейді дейді қаржы сарапшысы.

Төлеген Асқаров сонымен бірге Лондон биржасында айналымда жүрген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының акциялары Маңғыстаудағы соңғы оқиғалардан соң арзандай түседі деген болжам жасайды, себебі компанияның табысы азайған соң, оған инвесторлар да қызыға қоймайды.

Мұндай құбылыс, «ҚазМұнайГаз» үшін де, үкімет үшін де тиімсіз, себебі онда бюджетке түсетін кіріс де азаяды деген түйін жасайды алматылық сарапшы.
XS
SM
MD
LG