Accessibility links

БҰҰ өкілі Жаңаөзенде болды


БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаимен (оң жақта) кездесіп отырған жергілікті тұрғындар. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаимен (оң жақта) кездесіп отырған жергілікті тұрғындар. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

БҰҰ өкілі Майна Киаимен кездескен жаңаөзендіктер бейбіт халыққа оқ атқандарды әділ жазаға тарту және түрмеде отырған мұнайшыларды босату жайлы өтініш айтты. Киаи сапар қорытындысын сейсенбіде Астанада жария етпек.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі, Қазақстанда сапармен жүрген Майна Киаи қаңтардың 23-і мен 24-і күндері Маңғыстау облысында жұртшылықпен кездесті.

Сенбі, қазанның 24-і күні Жаңаөзендегі «Темірқазық» қонақ үйінде БҰҰ өкілімен кездесуге 2011 жылы желтоқсанда болған қанды оқиғада туыстарынан айрылғандар, оқ тиіп жараланғандар мен сотталғандар қатысты. Азаттық тілшісі олардан кездесу жайлы сұрап білді.

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ ҚАЙТА ҚАРАЛСЫН»

Жаңаөзен оқиғасында мерт болған Жаңаберген Көшеровтің әпкесі Самалхан Қожабекова полицияның неліктен атыс қаруын қолданғаны жайлы билік орындарының жауабын алуға көмектесуді сұрағанын айтады.
Оқ тиіп қаза болған Жанаберген Көшеровтың анасы Алмагүл Көшерова (сол жақта) мен апайы Самалхан Қожабекова. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

Оқ тиіп қаза болған Жанаберген Көшеровтың анасы Алмагүл Көшерова (сол жақта) мен апайы Самалхан Қожабекова. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

– 32 жасында оқтан қаза болған бауырымның артында екі және бес жасар қос сәбиі қалды. Ол мейлі мүгедек болса да, әйтеуір тірі қалып, анасының көз алдында отырса соған разы болар едік. Киаи мырзадан «Оларды кім атты? Неге оқ атылды? Неге басқа құралдар қолданылмады?» деген сұрақтарға жауап алуға жәрдемдесуін өтіндім, – деді ол Азаттыққа.

2011 жылы оқ тиіп қаза болған Атаберген Дүйсекеновтің әкесі Хасан Дүйсекеновтің сөзінше, Киаимен кездесуде Жаңаөзенде қарусыз адамдарға оқ атқан полицейлердің ісін билік орындары қайта қарап, оларға әділ жаза тағайындасын деген өтініштер айтылған.

– Туыс-жақынынан айрылғандар сол оқиғаға қатысы бар полицейлердің жазаланудың орнына шендері жоғарылап кеткеніне наразылығын білдірді. Қамауда отырған мұнайшылар босатылсын деген талап айтылды. Мен Киаи мырзаға облыс прокурорының істі қайта қарамау жөнінде шығарған шешімін бердім, – деді Хасан Дүйсекенов.

Қонақ үйдегі кездесуден кейін Майна Киаи Жаңаөзенде 2011 жылы мұнайшылар ереуілін қорғаған Роза Төлетаеваның үйіне барды. 2012 жылы жазда жеті жылға түрмеге қамалған Роза Төлетаева былтыр қарашада мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған. Кездесуге қатысқан қоғамдық белсенді Мұхтар Үмбетовтің айтуынша, Майна Киаи Төлетаеваның хал-жағдайын оның өзінен сұрап білген.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи (сол жақта) мен мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи (сол жақта) мен мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, 24 қаңтар 2015 жыл.

– БҰҰ өкілі Розаның үйінде дастархан басында отырып оның денсаулығы туралы, қандай өтініштері бар екенін сұрады. Роза қазір жағдайы жақсы екенін, ешкімге реніші жоғын, ең бастысы – отбасымен бірге екенін айтты. Роза басқа түрмеде қалған мұнайшылардың тағдырына, әсіресе Мақсат Досмағамбетовтың денсаулығына алаңдайтынын жеткізді, – деді Мұхтар Үмбетов.

БҰҰ өкілімен қоштасарда Роза Төлетаева оған шанағында «Қазақстан. Жаңаөзен» деген жазуы бар домбыра сыйға тартқан.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша, 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты 37 адам қылмыстық айыппен сотқа тартылған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

ЖИЫН ӨТКІЗУ ҚҰҚЫҒЫ

Майна Киаи Маңғыстау облысы орталығы Ақтау қаласында жергілікті билік өкілдерімен және қоғамдық белсенділермен бірнеше кездесу өткізді.

Ақтауға БҰҰ өкіліне жолығу үшін Атыраудан келген құқық қорғаушы Тоғжан Қизатова Майни Киаидің қолына Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиындар өткізу құқығына қатысты бірнеше құжат тапсырғанын айтады.

– 2011 жылы қолға алынған жобада азаматтар жиын өткізетіні жайлы билікті тек хабарлама түрінде ескертіп, жиын өткізу құқығын жүзеге асыратыны қарастырылған. Бейбіт митинг туралы ұсыныс кейін ұлттық жоспарға да енді. Бірақ сол ұлттық жоспардың тек 20 пайызы ғана жүзеге асты. Ақыры ол тек көзбояушылық болып шықты, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Киаи мырза менен «Ал сот ше?» деп сұрады. Кездесуде отырған бәріміз күліп жібердік.

Тоғжан Қизатова БҰҰ өкіліне Қазақстандағы сот жүйесіне қатысты шағымын жеткізгенін де айтты.

– Адамдар жалғыз адамдық пикетке басқа шарасы қалмағанда шығатынын айттым. Киаи мырза менен «Ал сот ше?» деп сұрады. Кездесуде отырған бәріміз күліп жібердік, – дейді ол.

Маңғыстауға келген БҰҰ өкілімен жүздесуге жергілікті «Ерсай каспиан контрактор» компаниясының жұмысшылары да ниет білдіргенімен, кейін олар белгісіз себептермен кездесуден бас тартқан.

Азаттық тілшісі БҰҰ арнайы өкілі Майна Киаиға Маңғыстау өңіріне сапары жайлы сұраған еді.

– Мен әзірше ештеңе айта алмаймын. Өте көп мағлұмат алдым. Оның барлығын сараптауым керек. Әрі оны ұйымда отырып талқылаймыз. Алдын ала қорытындысы туралы алдағы сейсенбіде Астанада баяндаймыз, – деп жауап берді Майна Киаи.

Қазақстанға үкіметтің шақыруымен өткен аптаның басында келген Майна Киаи бұл сапары жайлы қаңтардың 27-і күні Астанада баспасөз мәслихатын өткізбек. Осы жолғы сапар есебі биыл маусымда БҰҰ-ның адам құқығы кеңесі сессиясында ұсынылады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG