Accessibility links

Ақтөбеде антитеррорлық операция аяқталғанын мәлімдеді


Жаманқұлов көшесіндегі отбасылық жатақхана тұрғындары күш құрылымдарының арнайы операциясынан кейін сынған есіктерін жөндеп жатыр. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Жаманқұлов көшесіндегі отбасылық жатақхана тұрғындары күш құрылымдарының арнайы операциясынан кейін сынған есіктерін жөндеп жатыр. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде 5 маусымдағы қарулы шабуылдарға күдікті үш адам өткен түні ұсталғаны хабарланған соң, кеше жатақханадан шұғыл шығарылған тұрғындар таңертең қонысына орала бастады. Билік облыста террористік қауіптің қызыл деңгейі сарыға ауыстырылғанын мәлімдеді.

Ақтөбеде өткен түні күш құрылымдары арнайы операция жүргізген Жаманқұлов көшесіндегі 15-үйдің кейбір тұрғындары қоныстарына енді оралып жатыр. Олардың айтуынша, түнде ажыратылған тұрмыстық газ әлі қосылмаған.

Жаманқұлов көшесіндегі отбасылық жатақхана алдында тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Жаманқұлов көшесіндегі отбасылық жатақхана алдында тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Үйлеріне оралған кейбір тұрғындар пәтерлерінің есіктері қирап қалғанын көрген. Олар өздеріне есікті ашық қалдыруды ескертпеген билікке наразы. Тұрғындардың айтуынша, бес қабатты отбасылық үлгідегі жатақханадан оларды сенбі күні кешкісін шұғыл шығара бастаған.

– Бізді кеше түнгі сағат он жарымдар шамасында эвакуациялай бастады. Бірақ «есіктеріңді ашып кетіңдер» деп ешкім ескерткен жоқ. Операция аяқталған соң үйімізге келсек есігіміз қирап жатыр. Соның кесірінен вахталық әдіспен жұмыс істейтін күйеуім бүгін жұмысына кете алмай отыр, - деп шағынды бесінші қабаттағы пәтер тұрғыны Гүлнұр есімді әйел.

Бүгін таңертең сағат тоғыз шамасында жатақханаға келген Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов «тұрғындарға келтірілген шығынды қала билігі өтеп беретінін» айтты.

Жатақхана тұрғыны Ұлжан Ержігітова. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Жатақхана тұрғыны Ұлжан Ержігітова. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

– Маусымның 10-ы күні арнайы операция өткен Некрасов көшесіндегі 79-үйдің подъезін қалпына келтіріп бердік. Бүгін Жаманқұлов көшесіндегі 15-үйді арнайы комиссия келіп, зиян мөлшерін анықтайды. Содан кейін комиссия шешіміне сай шығынның орнын толтырамыз, - деді Жандос Байырханов.

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары арқылы жарияланған ресми хабарламада Ақтөбедегі қарулы шабуылдарға күдіктілердің бірі Арсен Таңатаров осы жатақханадағы 510-пәтерде тұрғаны айтылған еді. Жексенбі күні жатақханаға барған Азаттық тілшісі 510-пәтердің де есігі қирап қалғанын көрді. Көршілері бұл пәтер соңғы бір жылдан бері өзге адамдардың меншігінде дейді.

Жаманқұлов көшесіндегі отбасылық жатақхана алдындағы қан ізіне ұқсаc дақ. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Жаманқұлов көшесіндегі отбасылық жатақхана алдындағы қан ізіне ұқсаc дақ. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Жатақхана тұрғыны Ұлжан Ержігітова кеше түнгі сағат 11 шамасында екі мәрте оқ атылып, қолында пакеті бар бір жігітті полиция ұстап әкеткенін айтады. Азаттық тілшісіне Ұлжан «ол адамды мына жерден ұстады» деп көрсеткен 2-подъездің алдында қан ізіне ұқсас дақ жатыр.

Азаттық тілшісі Ақтөбедегі Некрасов көшесіндегі 79-үйге де барды. Бұған дейін билік орындары 10 маусымда көпқабатты осы үйде жеті сағатқа созылған арнайы операция барысында төрт күдіктінің көзі жойылғаны туралы хабарлаған.

Үйдің екінші қабатындағы «күдіктілер жалға алып тұрған» делінген 52-пәтердің есігі дәнекерлеулі тұр. Терезелеріне қаңылтыр қағылған. Қала әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов «иесі бұл пәтерді күдіктілерге заңсыз жалға берген. Сондықтан бұл пәтердің мемлекет есебінен жөнделуі екіталай» дейді.

«Қарулы шабуылға күдіктілер» тұрған делінген Некрасов көшесіндегі 79-үйдегі 52-пәтердің есігі. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

«Қарулы шабуылға күдіктілер» тұрған делінген Некрасов көшесіндегі 79-үйдегі 52-пәтердің есігі. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті бүгін Ақтөбедегі 5-6 маусымдағы қарулы шабуылдарға қатысты іздеудегі үш адам - Б.Қуанышбаев, А.Таңатаров және А.Ақпанбетовтің ұсталғанын хабарлады. «Қашуға әрекет жасаған Ақпанбетов аяғынан оқ тиіп жараланды» делінген ресми ақпаратта. Сонымен бірге ұсталғандардан «5 маусымда «Паллада» дүкенінен ұрланған» екі қару алынғаны хабарланды.

Бүгін Ақтөбедегі брифингте Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Ақтөбеде маусымның 5-і күні жасалған қарулы шабуылдарға қатысты іздеудегі күдіктілердің бәрі қолға түскені туралы мәлімдеді.

Оның сөзінше, 9 күдікті ұсталып, терроризмге қарсы арнайы операциялар барысында 18-інің көзі жойылған, олар ұрлаған 23 дана қару тәркіленген. Шабуылдаушыларға қатысты қозғалған 25 қылмыстық іс бір өндіріске біріктірілген. Білісбеков республикалық жедел штабтың шешімімен Ақтөбе облысы бойынша террористік шабуыл қаупі ең жоғарғы (қызыл) деңгейден бәсең (сары) деңгейге түсірілгені туралы хабарлады.

ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің брифингі:

Ақтөбеде 5 маусымда белгісіз қарулы топ екі қару дүкенін тонаған соң, көшеден тоқтатып, басып алған жолаушылар автобусымен ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуыл жасаған. Ресми деректер бойынша, қарулы топ шабуылдары мен оларға қарсы күш құрылымдарының арнайы операциялары барысында барлығы 20-дан астам адам қаза тапқан. Қаза болғандардың арасында үш әскери қызметкер және төрт бейбіт тұрғын бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG