Accessibility links

Ақтөбеде бес ай ішінде 29 «терроршы» сотталды


«Террористік әрекеті үшін» сотталған азаматтар. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.
«Террористік әрекеті үшін» сотталған азаматтар. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.

Ақпанның 21-і Ақтөбеде «террористік әрекеті үшін» тағы бес адам сотталды. Оларға «жиһадқа шақыратын уағыз айтып, қару-жарақтарын сайлады, жарылғыш зат жасады, күштік құрылымдарға қарсы әрекет етпек болды» деген айып тағылды.


Ақпанның 21-і күнгі сот үкімі бойынша бас бостандығынан айрылған Асылбек Оралбековке - 13 жыл, Мейрамбек Мейрамбаевқа - 8 жыл, Сәрсенбек Баймұратовқа - 7 жыл, Нұрбек Өксікбаевқа - 5 жыл, Ғалымжан Есқалиевке - 5 жыл түрме жазасы кесілді. «Лаңкестік топқа жетекшілік етті» деп айыпталған Асылбек Оралбеков жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

ҚЫЗЫЛЖАРДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Бүгін, ақпанның 21-і сотталған бес адамның ізіне полиция былтыр шілде айында жасалған басқа бір қылмысты ашу кезінде түстік деп мәлімдейді. Сол кезде қылмыс әлемінде «Аю» аталып кеткен 22 жастағы ақтөбелікті атып өлтірді деген айып бойынша сегіз адам тұтқынға алынған болатын. Қайрат Ахметов есімді ақтөбелік жетекшілік еткен сол топтың мүшелері түгел сотталған.

Ал бүгін, ақпанның 21-і сот үкімі шыққан бес азамат былтыр шілде айында Ақтөбеге іргелес Қызылжар ауылындағы саяжайда болған жарылысқа қатысы бар деген айыппен тұтқынға алынды. Оларға саяжайдағы жарылыстан бөлек, жарылғыш зат әзірлеп, Қайрат Ахметов пен оның сыбайластарына сатты деген де қосымша айып тағылған.

Былтыр шілденің 29-ы полиция Қызылжар ауылындағы саяжайлардың бірін тексермек болған кезде белгісіз адамдар үй ішінен полицейлерге қарсы оқ атып,
Cудья Шапағат Әлнияз. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.
Cудья Шапағат Әлнияз. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.
кейін үйді жарып жіберген еді. Сол жолы «терроршы топ мүшелері» Пазылбеков пен Рыспаев есімді азаматтар және полиция қызметкері Рүстем Кенжалин қаза тапқан.

Қызылжардағы жарылысқа орай айыпталушылардың ісі жабық түрде қаралды. Үкім шыққанша тергеу де, сот та журналистерге ешқандай мәлімет берген жоқ. Ал бүгін үкім шыққан соң баспасөз мәслихатын өткізген судья Шапағат Әлнияздың айтуынша, «Қызылжардағы жарылысқа қатысы бар» деген айыппен о баста 12 адам тұтқындалған. Кейін олардың 7-еуі «өз айыбын мойындап, тергеуге көмек көрсеткені үшін» ақталып шығыпты.

«ШАҒЫН ӘСКЕРИЛЕНДІРІЛГЕН ТОП»

Ақпанның 21-і күні сотталған бес адамға Ақтөбе облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Шапағат Әлнияз «шағын әскерилендірілген топ» деген сипаттама берді. Ал «осы топқа жетекшілік етті» деп айыпталған Асылбек Оралбеков 20 жаста. Үйленген, бір жасар қызы бар.

Тергеу материалдарына сәйкес бұл топ 2010 жылдың мамыр айында құрылған.
Сот отырысынан көрініс. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.
Сот отырысынан көрініс. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.
Топ құрамындағы бес адамның төртеуі Ақтөбеге көршілес Атырау облысында туып өскен. Солардың бірі – 1989 жылы туған Сәрсенбек Баймұратов. Сәрсенбектің 2-топтағы мүгедек анасы Рая Баймұратова мен ағасы Батырбек Атырау қаласында тұрады. Әкесі Марат Баймұратов Сәрсенбек бір жасқа толар-толмаста қайтыс болып кеткен. Азаттықтың тілшісіне телефон арқылы тілдескен кезде Рая Баймұратова сот үкімін «тым қатал» деп санайтынын айтты.

- Балам нан табу қамымен Орал, Ақтөбе, Алматы қалаларында көп жүрді. Аяқ астынан істі болғаны арқамды аяздай қарып отыр. Өйткені Сәрсенбек қатты науқас. Бауырына екі рет операция жасап, соңғысында комаға түсіп кеткен. Өлім аузынан қалды. Соңғы жылдары намазға жығылып, дін жолына түскендіктен ұлыма сенім артып, онша алаңдамайтынмын, - дейді Рая Баймұратова.

5 АЙДА 29 «ТЕРРОРШЫ»

Полиция тергеу ісі бойынша «радикалды исламды ұстанушы» деп айыпталған бұл азаматтар «күштік құрылымдарға қарсы әрекет етпек болды» деп санайды. Сот үкімінен соң Азаттықтың тілшісі бірі бес, екіншісі жеті жылға сотталған Ғалымжан Есқалиев пен Сәрсенбек Баймұратовтың адвокаты Төлеген Молдабаевты сөзге тартқан еді.

- Сот үкімі жаңа ғана шықты. Әлі өз қорғауымдағы азаматтармен, олардың
Адвокат Төлеген Молдабаев. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.
Адвокат Төлеген Молдабаев. Ақтөбе, 21 ақпан 2012 жыл.
туыстарымен сөйлесіп үлгергем жоқ. Сондықтан да аппеляциялық шағым жазамыз ба, жоқ па, ол жағын әзірше айта алмаймын, - деді адвокат.

Бұл - соңғы бес айда Ақтөбеде терроризмге қатысты шығарылып отырған төртінші үкім. Осыған дейінгі үш қылмыстық іс бойынша 24 адам сотталып кеткен болатын. Бүгін сот бес адамға бес жылдан 13 жылға дейін жаза кесті. Сөйтіп, 2011 жылдың қазан айынан бері Ақтөбе облысында терроризм айыбымен түрме жазасына кесілгендердің жалпы саны 29-ға жетті. Судья Шапағат Әлнияздың айтуынша, «терроризмге қатысты қылмыстық істер бір-бірімен өрмекшінің торындай байланысып жатыр».
XS
SM
MD
LG