Accessibility links

Қаза тапқан тағы бір күдіктінің аты-жөні анықталды


Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті іздеу жариялаған хабарламадағы Айдар Башимовтың суреті.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті іздеу жариялаған хабарламадағы Айдар Башимовтың суреті.

Ақтөбедегі шабуылдан соң іздеу жарияланғандардың бірі Айдар Башимовтың қаза тапқанын туыстары Азаттыққа растады. Күдіктілер жайлы толыққанды ресми мәлімет жоқ. БАҚ таратқан «терроршы тізіміне» кездейсоқ еніп кеткендер анықталып жатыр.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) бүгін таңертең Ақтөбеде жексенбідегі шабуыл бойынша арнайы операция барысында қарулы қарсылық көрсеткен бес күдіктінің оққа ұшқаны және екі полиция қызметкерінің жеңіл жарақан алғаны туралы хабарлады. Бірақ оққа ұшқандардың нақты кімдер екені жайлы ресми ақпарат жоқ.

Бұған дейін ҰҚК төрағасы Владимир Жұмаханов Ақтөбедегі терроризмге қарсы операциялар кезінде «13 күдікті қаза тауып, 14-і жараланғаны, алты адам іздестіріліп жатқанын» айтқан. Алайда, ол адамдардың аты-жөнін әлі күнге жариялаған жоқ.

КҮДІКТІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙНЕСІ

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті 5-6 маусым күндері Ақтөбеде жасалған аса ауыр қылмыстарға қатысты іздеу жариялаған сегіз адамның арасында 1988 жылы 17 шілдеде туған Айдар Асқарұлы Башимовтың аты-жөні аталған.

Күш құрылымдары арнайы операция жүргізіп жатқан аудан. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

Күш құрылымдары арнайы операция жүргізіп жатқан аудан. Ақтөбе, 10 маусым 2016 жыл.

Азаттық журналистеріне Шалқар ауданының тумасы, 28 жастағы Айдар Асқарұлы Башимовтың қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы тілшімізге бейсенбі күні оның әпкесі Жанар Бәйкешова айтып берді. Оның сөзінше, Айдар Башимовтың қаза тапқаны туралы ағасы Сәкенге полиция 6-маусым күні хабарлаған.

– Айдардың қазасын бізге Ақтөбе қаласында тұратын інім Сәкен естіртті. Інімнің мәйітін көруге барған да сол. Бірақ бірнеше күн өтсе де мәйітті бізге бермей отыр. Сұрасақ «күтіңдер» деген жауап береді, - дейді Жанар Бәйкешова.

Оның айтуынша, Айдар Башимов соңғы алты жылда Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында жұмыс істеген. Інім осыдан бір жыл бұрын анасының рұқсатын алып, намазға жығылған дейді әпкесі.

– Шалқардағы 4-мектепті үздік бітірді. Ақтөбе политехникалық колледжі мен Батыс Қазақстан университетінен де қызыл диплом алып шыққан. Бірдеңеден таршылық көрді деуге тағы келмейді. Жалақысы да тәуір, әлі үйленбеген бойдақ жігітке жететін еді. Төбемізден жай түскендей болып отырмыз, - дейді Жанар Бәйкешова Азаттық тілшісіне телефонмен берген сұқбатында.

Аты-жөнін атамауды өтінген көршілері Башимовтар төрт бала тәрбиелеген үлгілі отбасы ретінде танылғанын айтады. Қаза тапқан жігіттің әкесі бірнеше жыл бұрын дүние салған. Анасы Шалқар аудандық ауруханасында аспаз болып істейді.

Айдар Башимовтың ағасы мен әпкесі үйлі-баранды. Айдардан кейінгі қарындасы – студент. Туыстарының айтуынша, соңғы жылдары облыс орталығында жалдамалы пәтерде тұрған Айдар Башимов ара-тұра ауылдағы анасына да қаржы салып, көмектесіп келген.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті 5-6 маусым күндері Ақтөбеде жасалған аса ауыр қылмыстарға қатысты іздеу жариялаған сегіз адамның тізімі.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті 5-6 маусым күндері Ақтөбеде жасалған аса ауыр қылмыстарға қатысты іздеу жариялаған сегіз адамның тізімі.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті 7 маусымда өткен жексенбіде Ақтөбеде бұған дейін болмаған қантөгіске әкелген қарулы шабуылдарға қатысты іздеу жариялаған сегіз адамның аты-жөні мен суреттерін таратқан. Жергілікті ақпарат құралдары арқылы берілген полиция ақпаратындағы күдіктілер тізімінде Дмитрий Наильевич Таңатаров (5 ақпан 1989 жылы туған), Арсен Нұрланұлы Таңатаров (23 қазан 1990 ж.), Айдос Жамбылұлы Жұбанов (4 тамыз 1985 ж.), Бақыт Бектайұлы Қуанышбаев (12 шілде 1983 ж.), Нұрлан Төлегенұлы Сейілов (11 шілде 1985 ж.), Әлібек Даниярұлы Ақпанбетов (19 маусым 1989 ж.), Айдар Асқарұлы Башимов (17 шілде 1988 ж.) және Арман Мейрамбайұлы Айтуған (4 тамыз 1987 ж.) есімді азаматтар аталған.

8 маусым күні Қазақстан ішкі істер министрлігі Ақтөбеден 110 шақырым жердегі Қобда кентінен күдіктілердің бірі табылғандығы туралы ақпарат таратқанымен, ол адамның аты-жөнін жарияламады.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин күдіктілерге қатысты ақпарат беруден бас тартып, арнайы операция туралы барлық мәліметті ішкі істер министрлігінен алуға кеңес берді. ІІМ «терроризмге күдіктілерді іздестіру іс-шаралары жалғасып жатқандықтан» толыққанды ақпарат кейін берілетінін айтады.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев (оң жақта) жаралылардың жағдайы туралы айтып тұр. Ақтөбе, 6 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев (оң жақта) жаралылардың жағдайы туралы айтып тұр. Ақтөбе, 6 маусым 2016 жыл.

Азаттық тілшісі ауруханаға түскен жаралылардың жағдайын білу үшін 9 маусым күні Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке хабарласқан еді.

– Мен ешқандай ақпарат бермеймін. Терроризмге қарсы арнайы штабқа хабарласыңыздар. Журналистерге сұқбат бергенім үшін түсіндірме жазуға мәжбүр болдым, - деген Қалиев кімге түсіндірме жазғанын нақтылаған жоқ.

ҚОЖАНИЯЗОВТАРДЫ ӘБІГЕРГЕ САЛҒАН «ТЕРРОРИСТЕР ТІЗІМІ»

Ақтөбедегі қарулы шабуылға күдіктілер жайлы жұтаң ресми мәліметке қоса әлеуметтік желілер арқылы тарап, бірқатар жергілікті ақпарат құралдары көшіріп басқан бейресми кей ақпараттарда «күдіктілер тізіміне» кездейсоқ еніп кеткендер бары да анықталып жатыр.

Апта басында кейбір ақпараттық сайттарда жарияланған «19 күдіктінің» арасында Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылында тұратын 43 жастағы Самат Қожаниязовтың аты-жөні көрсетіліп, суреті басылған. Сәрсенбі күні интернетте тарап кеткен «көзі жойылған күдіктілер» тізімінде оның інісі 41 жастағы Санат Қожаниязовтың де есімі жүр. Ауылдастары ағайынды екі жігіттің Ақтөбедегі қайғылы оқиға болған күні облыс орталығынан жүз шақырымнан астам жердегі өз үйлерінде болғандарын айтады.

– Самат және Санат Қожаниязовтар жексенбі күні Жағабұлақ ауылында болғанына басқа тұрғындармен бірге өзім де куәмін, - дейді Азаттыққа Жағабұлақ ауылы қарайтын Батпақкөл селолық округі әкімі Жазықбай Алданиязов.

5 маусымда шабуыл жасалған «Паллада» қару-жарақ дүкені. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

5 маусымда шабуыл жасалған «Паллада» қару-жарақ дүкені. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Әкімнің айтуынша, Самат Қожаниязовтың «террористер тізімінде» жүргенін сол үйдің ұлы әскери борышын өтеп жатқан Көкшетаудағы әскери бөлімдегілер де естіп, телефонмен хабарласқан. «Жалған ақпаратты тоқтату үшін бейсенбі күні кешке Санат Қожаниязовтың жанына жеңгесі және учаскелік полиция қызметкерін қосып Мұғалжар ауданы орталығы Қандыағашқа жібердік» дейді Батпақкөл селолық округі әкімі Жазықбай Алданиязов.

Маусымның 5-інде Ақтөбе қаласында белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 20 адам қаза тапқан. Олардың үшеуі әскери қызметкер, төртеуі - бейбіт тұрғын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG