Accessibility links

Азамат Кәрімбаевтың «ақтық хатының» сараптамасы


Түрмеде жұмбақ жағдайда қаза болған мұсылман Азамат Кәрімбаевтың Ақтөбенің №5 тергеу абақтысында түскен соңғы фотосуреті. Сурет марқұмның туған-туыстарынан алынды.

Түрмеде жұмбақ жағдайда қаза болған мұсылман Азамат Кәрімбаевтың Ақтөбенің №5 тергеу абақтысында түскен соңғы фотосуреті. Сурет марқұмның туған-туыстарынан алынды.

Арқалық түрмесінде «терроризм» айыбымен сотталған тұтқын Азамат Кәрімбаевтың өлі денесі табылғанына биыл желтоқсанның 23-і күні тура бір жыл толды. Алайда марқұмның «ақтық хатына» жасалған сараптама нәтижесі әлі күнге дейін белгісіз.


Былтыр қыркүйек айының 23-інде Мұғалжар аудандық соты Ақтөбе облысының алты тұрғынын «террорлық акциялар жасауға дайындалған» деген айыппен ұзақ мерзімге (10 жылдан 17 жылға дейін) түрмеге қамауға үкім шығарған еді. Сот бұл топты ұйымдастырған деп тапқан Азамат Кәрімбаев осы облыстағы ресми тіркелген мешіттерге мойынсұнбай, өз алдына бөлек жүретін кішігірім мұсылман қауымдастығының басшысы болатын.

Арқалық қалалық прокуратурасының ресми қортындысында түрмеде жазасын өтеп жатқан Азамат Кәрімбаевтың ақтық сөзін хатқа жазып, кейін күретамырын өзі кесіп өмірмен қоштасқаны айтылған. Бірақ Азамат Кәрімбаевтың жесірі Айман Кәрімбаеваның пікірі басқадай. Тұтқын Азамат Кәрімбаевтың жұмбақ қазасы қоғам назарынан тыс қалмады. Әлемнің көптеген елдерінде Қазақстан билігінен тұтқын өлімінің себебін тез арада және әділ тергеуді талап еткен үндеу-хатқа қол қойған адамдар бар. Ресми Астана бұл талапты жауапсыз қалдырды.

Айман Кәрімбаева өз адвокаты арқылы шағым түсірді. Ақтық сөз жазылған хаттағы жазу марқұмның қолтаңбасына сәйкес келетінін я келмейтінін анықтау мақсатында сараптама тағайындалғанына жылға жуық уақыт өтсе де, қорытындысы әлі шығарылған жоқ. Айман Кәрімбаева қолтаңба сараптамасының қорытындысын шығару әдейі созылып барады деп біледі. Ол күйеуінің тірі кезінде түрмеде азапталғанын дәлелдейтін айғақ ретінде
Түрмеде қаза болған мұсылман Азамат Кәрімбаевтың жесірі Айман Кәрімбаева. Ақтөбе, 5 қаңтар 2009 жыл.
марқұмның мәйітіндегі жарақат іздері көрінетін фотосуреттер мен видеожазбаны алға тартады.

Азамат Кәрімбаевтың туыстары марқұмның мойынында және сол қолында терең тілік ізі барын, саусақтарының басы піскіленгенін, бауыр тұсында көгерген жарақат іздері барын көрген. Марқұмды жерлерде сүйегін жуғандар Азамат Кәрімбаевтың көзі тірісінде қабырғалары мен тізесінің сынғанын айтады.

– Ақпан айында Қостанай облысы прокурорының міндетін атқарушы Рашит Әпековтен қолтаңбаны анықтауға қатысты сот сараптамасы 2010 жылы ақпанның 8-і күні өткізілетіні туралы жауап алдым. Бір жыл бұрын Арқалық түрмесінің әкімшілігі мен Қостанай прокуратурасы бұл оқиғаны өзін-өзі өлтіру деп мәлімдеді. Неге қолтаңбаны анықтайын сараптаманың жазбаша қортындысы әлі күнге шейін жоқ? Бұл өзін-өзі өлтіру емес, бұл – кісі өлтіру! Біздің Қазақстанда әділеттілікке қол жеткізе алмайсың, – дейді Айман Кәрімбаева.

Кәрімбаевтар отбасының адвокаты Төлеген Бөлек марқұм тұтқынның ақтық хаты делініп отырған жазбадағы қолтаңбаны анықтау үшін тағайындалған сараптама тым ұзаққа созылып кеткенін айтады.

– Әдетте сараптама қорытындысын жасауға бір немесе екі ай уақыт кетеді. Зардап шегуші (Айман Кәрімбаева – ред.) әлі күнге дейін жазбаша жауап алған жоқ. Сотталған Азамат Кәрімбаевтың қазасы бойынша тексерудің сөзбұйдаға салынғаны туралы бас прокуратура Қостанай облысы прокурорының бірінші орынбасары Рашит Әпековке нұсқау берді. Хатта: «Үндеуде баяндалған дәлел-дәйектерді толық көлемде тексеру қажет, оның нәтижесіне қарай прокурорлық әрекет шаралары жүргізілсін. Айтылған жайтты тексеру нәтижесі мен қабылданған шаралар туралы өтініш иесін және бас прокуратураны 2010 жылғы желтоқсанның 12-сіне дейін хабардар етуді сұраймын. Басқарма прокуроры К.Сұлтанғазиев» деп жазылған, – дейді адвокат Төлеген Бөлек.

Азаттық радиосының тілшісі Қостанай облысы прокурорының орынбасары Рашит Әпековтың өзімен тілдеспек болып, бірнеше күн бойы талпыныс жасағанымен, ол кісі әртүрлі себептермен жұмыс орнында болмады.

Қостанай облыстың прокуратурасы баспасөз қызметінің өкілі Абат Төремұратұлы бұл «баяғыдағы оқиға» екенін алға тартып, қолтаңбаны анықтау жөніндегі сараптама қортындысына байланысты сұраққа жауап бере алмайтын айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG