Accessibility links

Әуесқой жас режиссер несие алып кино түсірді


Ақтөбелік әуесқой режиссер Марат Жылқыбаев. ("В контакте" әлеуметтік желісіндегі фотосы)

Ақтөбелік әуесқой режиссер Марат Жылқыбаев. ("В контакте" әлеуметтік желісіндегі фотосы)

Ақтөбе кинотеатрларында жоғары білімі жоқ әуесқой режиссердің «Бәрі де мүмкін...» фильмі көрсетіле бастады. Жергілікті кино сыншысы тұрақты жұмысы жоқ жас жігіттің батылдығына таң қалады.

Ақпанның басында прокатқа шыққан бір жарым сағаттық «Бәрі де мүмкін» атты фильмнің сценарийін 22 жастағы ақтөбелік Марат Жылқыбаевтың өзі жазған, режиссері де өзі, басты рөлде де өзі ойнайды.

«Мен әуесқой режиссермін. Кәсіби білімім жоқ. Шынымды айтсам, мектеп бітіргелі бері еш жерде оқымаған адаммын. Бірақ қолымнан бәрі келеді. Әр кездері программист, риелтор, автомеханик, қара жұмысшы болып нан тауып жүрдім. Ал фильм түсіру ес білгелі бергі ең үлкен арманым болатын» дейді Марат Жылқыбаев Азаттыққа.

Әуесқой режиссер өзі «толықметражды көркем фильм» деп сипаттайтын туындыны түсіру жұмыстарына 3 миллион теңгеден астам қаржы жұмсағанын айтады. Фильм DVCAM форматындағы жалғыз камерамен түсірілген.

«Есімі елге таныс емес жас балаға кім ақша ұстата салсын? Демеуші таппадым. Өзім қарапайым отбасындағы 7 баланың бірімін. Бар білетінім - күн сайын ата-анамның құлағын жей беретінмін. Тіпті мені қолдамағандарына өкпелеп, үйден кетіп қалған күндерім де болды. 10 күн бойы достарымның үйінде жүргенімде анам хабарласып «Үйге қайта ғой. Кредит алып беремін» деді. Бас-аяғы бір жарым жылдың ішінде ата-анам мен бауырларымның атына рәсімдеп, үш мәрте несие алдық. Бұл фильм сол несиеге алған қаржыға түсірілген» дейді әуесқой режиссер.

"Бәрі де мүмкін" фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған Альбина Өзбекбаева. (Жеке мұрағаттағы сурет)

"Бәрі де мүмкін" фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған Альбина Өзбекбаева. (Жеке мұрағаттағы сурет)

Махаббат пен достық тақырыбын сөз ететін фильмдегі басты рөлдердің бірін Альбина Өзбекбаева есімді бойжеткен ойнайды. Альбина да, фильмге түскен өзге қыз-жігіттер де кәсіби әртіс емес. Әзір ешқайсысы қаламақыларын да алмаған.

«Біз «қаламақы төле» деп Маратты қинамауға келістік. Жаспыз. Бойымызда күш- қайратымыз көп. Фильм туралы әртүрлі пікір айтылып жатыр. Беталды сынайтындарға айтарым – уақытымызды жаман нәрсеге шығындағанымыз жоқ. Өз бетімізше болса да өнер үйрендік» дейді Альбина.

«Бәрі де мүмкін..» фильмі ақпанның 6-сы күні Ақтөбедегі «Мега» ойын-сауық орталығының кино паркінде көрсетілді. Өнер тақырыбында шолу жазып жүрген ақтөбелік журналист Ардақ Қонақбаева залдағы 20 шақты көрерменнің бірі болды. Ардақ өзімен бірге биыл мектеп бітіріп, кинорежиссерлік оқуға түскісі келетін ұлы Айбарды да премьераға ерте келген.

«Кейбір кәріс телесериалдарын еске салатын ортақолдау дүние түсірсе де, мені 20-дан енді асқан мына жігіттің батылдығы таң қалдырды» дейді Ардақ Қонақбаева.

Ал Марат болашақта кәсіби білім алса, өзінен жақсы режиссер шығады деп сенеді. Оның фильміндегі бас кейіпкері Ернұр анасынан өлідей, әкесінен тірідей айырылған жетім баланың тағдырын бейнелейді. Әуесқой режиссер ата-анасының қаржылық қолдауымен фильм түсіре бастаған бір жарым жылдың ішінде бас кейіпкерінің тағдыры өз басына түскенін айтып мұңаяды.

«Осы уақыт аралығында менің де алдымен анам, артынан әкем қайтыс болды. Қазір олардың тірісінде менің кино түсіруім үшін алып беріп кеткен несиені бауырларыммен бірігіп төлеп жатырмыз. Ата-анам менің киномды көрсе, қуанар еді» дейді Марат.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG