Accessibility links

Ақтөбеде "Сирияға соғысқа бармақ болған" 12 адам сотталды


Судья Ерлан Бақытжан (оң жақта) Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адамға шығарылған үкімге апелляциялық шағым беру тәртібі туралы айтып отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.

Судья Ерлан Бақытжан (оң жақта) Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адамға шығарылған үкімге апелляциялық шағым беру тәртібі туралы айтып отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.

Ақтөбе соты «террористік топ құрамында Сириядағы соғысқа қатыспақ болған» 12 адамды 6-8 жылға бас бостандығынан айырып, барлығының мүлкін тәркілеуге үкім етті.

Ақтөбе қаласының 2-соты бүгін «террористік топпен Сириядағы соғысқа қатыспақ болған» 12 адамды айыпты деп таныды.

Бүгін судья Ерлан Бақытжан жария еткен үкімге сәйкес, қылмыстық кодекстің «қылмысқа дайындалу және оқталу», «террористік топ құру, оған басшылық жасау» және «террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру» баптары бойынша жауапқа тартылған Жанболат Сәрсенбаев (1977 жылы туған) 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болды.

Сонымен бірге сот Марат Төреxановты (1959 ж.) 7 жылға жалпы режимдегі түзеу колониясына қамауға үкім етті.

Ал Әуез Ақбазар (1987 ж.), Жасұлан Төреxанов (1989 ж.), Ержан Төреxанов (1996 ж.) Балақазы Сәндібаев (1975 ж.), Бауыржан Тапалов (1991 ж.), Кенжебай Сүлейменов (1981 ж.), Мұxамбетсапа Дияр (1966 ж.), Жасұлан Раманқұлов (1987 ж.), Есет Шаймардан (1994 ж.) және Ұлар Файзуллаев (1985 ж.) алты жыл мерзімге бас еркіндігінен айырылды, олар жазаны жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейді.

Сот үкіміне сәйкес, бұл он екі адам «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қатарына қосылып, «Сирия республикасы аумағында болып жатқан қарулы қақтығыстарға қатысуды, яғни террорлық іс-әрекеттерге қатысуды жоспарлағаны» үшін айыпты деп танылды. Сонымен бірге, сот тұжырымы бойынша, олар интернет арқылы террористер өкілдерімен байланысып, Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарының жалған паспортын жасатпақ болған және олардың бірі көздеген мақсатқа жету үшін қаржы бөлген.

Сот айыпты деп танылған 12 азаматтың дүние-мүліктері тәркілеуге шешім шығарды. Үкімді оқып болған соң судья Ерлан Бақытжан сотталушыларға апелляциялық шағым беруге құқылы екендерін хабарлап, шағым беру тәртібін түсіндірді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Сирияға соғысқа бармақ болған» деген күдікпен биыл ақпанда ұсталған 12 адамның ісі жабық сот процесінде қаралған. Сот ақпаратына сәйкес, олардың барлығы жұмыссыз болған, үшеуі бұрын сотталған.

Ирак пен Сирия жерінде соғысып жатқан «Ислам мемлекеті» тобын Қазақстан былтыр қазан айында террорлық ұйымдар тізіміне енгізіп, ел аумағында қызметіне тыйым салған.

Бұған дейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Таяу Шығыста соғысып жүрген экстремистер қатарында 300-ге жуық қазақстандық бар деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG