Accessibility links

Ақтөбелік жүргізушілер билікпен бітімге келіп, аштық жариялауын доғарды


Ақтөбедегі осы үйде жүргізушілер аштық акциясын жалғастырды. Ақтөбе, 19 қазан, 2009 жыл.

Ақтөбедегі осы үйде жүргізушілер аштық акциясын жалғастырды. Ақтөбе, 19 қазан, 2009 жыл.

Ақтөбелік билік наразылық шарасын ұйымдастырушылардың талабын біртіндеп орындауға уәде берген, ол орындалмаса аштық қайта жалғаспақ. Ал өзбек елінде тәркіленіп алынған жүк көліктерін қайтарып алу мәселесі шешілмеген күйінде қалды.

Қазақ-өзбек шекарасын үстіміздегі жылдың ақпанында заңсыз кесіп өткен жүргізушілердің аштық жариялау шарасы он күнге созылды. Басында аштық жариялағандардың саны алтау болатын, кейін белгісіз себептермен олардың екеуі өз райларынан қайтты да, жүргізушілердің тағы да екеуі талаптарынан бас тартты.

Биліктің әрекетіне наразылығын білдіргендер өздеріне келтірілген зиянды мемлекеттің өтеуін талап еткен еді, олардың айтуынша, бұл дауға қазақ-өзбек шекарасына орнатылуы тиіс арнайы белгілердің жоқтығы себеп болған.

АШТЫҚТЫ ТОҚТАТУҒА ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ҚЫСЫМЫ ДА ТҮРТКІ БОЛДЫ


19 қазан күні төрт жүргізуші аштық жариялауын доғарды. Жүргізушілердің қоғамдық қорғаушысы Айдос Садықовтың айтуынша, аштық жариялаушыларға полицейлердің қысым жасауы түрткі болған көрінеді.

- Қалалық полиция бөлімінің бастығы Есен Есмахановтың бұйрығымен тәртіп сақшылары түрлі құйтырқы әрекеттерге көшті, жүргізушілердің өздерін арандата бастады. Қатты қысым көріп, зәрезап болған олардың төртеуі аштық жариялауды доғаруға мәжбүр болды. Қалған екі жүргізуші өз ұстанымдарына беріктігін танытты, талаптары орындалмаған жағдайда олар аштан өлуге де дайын еді, - дейді Айдос Садықов.

ЕНДІ ЖҮРГІЗУШІЛЕР ІСІМЕН АРНАЙЫ КОМИССИЯ ШҰҒЫЛДАНАДЫ

Ал 21 қазан күні қала басшылығы алған бетінен қайтпай табандылық танытқан қалған екі жүргізушіні райынан қайтара білді.

Қарсылық білдіру шарасына қатысушы Қанат Сағынбаевтың айтуынша, билік өкілдері олардың талап-тілегін біртіндеп орындауға келісім білдірген.

- Біріншіден, қала басшылығы бізді ірі компанияларға жұмысқа орналастыруға уәде етті. Екіншіден, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және мәслихат депутаттарынан жасақталған қоғамдық комиссия құрылатын болады. Бұл комиссия қарызға белшеден батып, қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан жүргізушілердің мәселесін талқыға салып, нақты көмек ету жолдарын ойластырмақ. Бұған қоса, аяқастынан белгісіз жағдайда көз жұмған Иван Назаровтың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол іс қосымша тергеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық прокуратураға жолданды, - деп мәлімдеді Қанат Сағымбаев Азаттық радиосының тілшісіне.

Осы ұсыныстардан кейін жүргізушілер биліктен өз көліктерін кері қайтаруын талап етпейтінін мәлімдеді, бірақ, жоғарыда берілген уәде орындалмаған жағдайда аштық жариялау ісі қайта жалғасын табатынын қатаң ескертті.

Әкімдіктің жүргізушілерге көмек қолын созбақ ниеті барын әкімнің баспасөз хатшысы Лариса Томчук растаған да жоқ, теріске де шығармады.

- Әкім Архимед Бекежанұлының рұқсат, келісімінсіз бұл мәселені растап, немесе теріске шығаруға құқым жоқ, бұл үшін әкімнің рұқсаты керек, - деді Лариса Томчук.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың көктемінде Ақтөбе облысының 27 тұрғыны өзбек елінің шекарасын заңсыз кесіп өтіп, кедендік ережелер мен магистралді газ желісі құбырларын ұрлады деп айыпталған еді. Өзбек үкіметінің мұндай айыптауына наразылық білдірген жүргізушілер Өзбекстан шекарасын абайсызда кесіп өткендіктерін, бұған шекарадағы арнайы белгілердің жоқтығы себеп болғанын айтып, әрі өзбек елінің меншігіне қол сұқпағандықтарын алға тартып, ақталған болатын.

2009 жылдың 24 шілдесінде Қарақалпақстанның Жоғарғы Соты айыпталған азаматтардың барлығына үлкен мөлшерде айыппұл салып, олардың меншігіндегі жүк көліктерін қылмыс жасауға пайдаланылған құрал ретінде танып, тәркілеген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG