Accessibility links

Ақтөбеде шабуылдан мерт болған адамдардың үшеуін жерледі


Андрей Максименкомен қоштасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Андрей Максименкомен қоштасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеліктер бүгін 5 маусымда қаза тапқан үш бейбіт тұрғынмен бақұлдасты. Ал шабуылшы топ құрамында жүріп оққа ұшқан адамдардың мәйіттері туыстарына әлі берілмеген.

Ақтөбеліктер 5 маусымда белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған кезде мерт болған бейбіт тұрғындарды жер қойнына тапсырып жатыр. Бүгін қала тұрғындары Николай Онищенко (68 жасында көз жұмған) мен Андрей Максименко (43 жасында оққа ұшқан) және Михаил Матросовтармен (35 жасында мерт болған) қоштасты.

АНДРЕЙ МАКСИМЕНКО

Андрей Максименконың сүйегін өзі соңғы сегіз жыл бойы жұмыс істеп, 5 маусымда оққа ұшқан жерінен – «Паллада» қару-жарақ дүкенінен шығарды. Ақтөбенің орталығындағы Молдағұлова даңғылы бойындағы 12-үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкен маңына жүздеген адам – марқұмның жақындары мен достары және қала тұрғындары келді. Жұртты жан-жақтан қарулы күзет қадағалап тұрды.

Андрей Максименкомен қоштасуға келген адамдардың бірі өзін «осы дүкенмен іргелес сән салонының шаштаразы Надеждамын» деп таныстырды.

– Андрей тұрақты клиенттерімнің бірі еді. Оққа ұшарынан бір апта бұрын шашын қиып бергенмін. Мінезі жайдары, үлкенге де, кішіге де ізетті жігіт болатын. Жұмыс орнына елден бұрын келіп, кеш кететін еңбекқор еді, – дейді Надежда.

Андрей Максименкомен қоштасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Андрей Максименкомен қоштасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Максименконың көршілері, ерлі-зайыптылар Елена мен Виктор Уделялар «20 жыл көрші тұрғанда Андрейдің бірде бір рет мас болғанын көрмеппіз» дейді.

– Елгезек еді. Әрі қолы шебер, шаруаға мығым болатын. Электр желісінен кінәрат табылып жарықсыз қалсақ, Андрейдің есігін қағатынбыз. Ол түн ортасы екеніне қарамастан орнынан ұшып тұрып, қол ұшын беретін, – дейді марқұмның көршілері.

44 жасқа толатын туған күніне – 8 маусымға 3 тәулік қалғанда оққа ұшқан Андрей Максименконың соңында зейнет жасындағы ата-анасы мен жұбайы қалды.

Андрей Максименкомен қоштасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Андрей Максименкомен қоштасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

НИКОЛАЙ ОНИЩЕНКО

Ақтөбеде бүгін үш күн бұрын қаза тапқан тұрғындардың бірі Николай Онищенкомен де қоштасты. Марқұмныңдосы Виктор Фишердің айтуынша, «Паллада» қару-жарақ дүкені орналасқан үйдің үшінші қабатында тұратын ол кісі жұбайының көз алдында мерт болған.

– Коля 5 маусым күні жеке көлігімен өз балконының түбіне келіп тоқтайды. Тап осы кезде «Паллада» дүкенін тонап шыққан лаңкестер Коляның көлігін тартып алмақ болып, жүрек тұсына пышақ сұққан. Осының бәрін балконнан Коляның жұбайы Галина Степановна көріп тұрады. Қапелімде не болып, не қойғанын түсіне алмай қалған Галя есін жиған соң дәрігер шақыртқан. Бірақ жедел жәрдем келіп болмапты. Сондықтан қансырап жатқан Николай Онищенконы өзінің Chevrolet Niva көлігімен жедел жәрдем ауруханасына апарған, – дейді марқұмның бала күннен бірге өскен досы Виктор Фишер.

Николай Онищенкомен бақұлдасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Николай Онищенкомен бақұлдасу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Николай Онищенконың апайы Вера Миченко 6 маусымда 69 жасқа толуы керек інісінің ол күнге 3 сағат қалғанда аурухана төсегінде жан тапсырғанын айтады.

– Коля былтыр инфаркт алып, өліп қала жаздаған еді. Тағдырды қарасаңызшы, әлгі қарақшылар пышақты дәл жүрегіне сұғыпты. Ауруханаға жеткенше 3 литр қан жоғалтқан. Бұл – Коляның отбасы мен жақындарына өте ауыр қайғы. Марқұмның кісіге қайырымы көп еді. Жарық жалғандағы жанашырым еді, жақсы еді. Қайтейін енді! – деп жылады Вера Миченко.

Электромонтер болған Николай Онищенконың артында жұбайы, ұлы мен немересі қалды.

МИХАИЛ МАТРОСОВ

Ақтөбе 5 маусымдағы шабуыл кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындардың тағы бірі Михаил Матросовты да жақындары мен достары ақтық сапарға бүгін аттандырды.

35 жастағы Михаил Матросов қарулы топ шабуыл жасаған тағы бір қару-жарақ дүкені «Пантерада» мерт болған. Бауыры мен бүйрегіне қанжар сұғылып, кеуде тұсына оқ тиген жігіт ауруханаға жетпей көз жұмған.

Маусымның 5-інде «Паллада» дүкенінен дабыл белгісі жеткен кезде сол маңға жетіп, шабуылдаушылардың оғына ұшып қаза тапқан жедел күзет қызметінің 32 жастағы өкілі Мейірхан Тәжібаевты 7 маусымда жерлеген еді.

– Балам 5 маусым күні демалуы тиіс болатын. Әріптестерінің бірі шұғыл шаруасы шығып қалғанын хабарлап, орнына кезекшілікке баруды өтінгеннен кейін жұмысына кетті. Содан қайтып оралған жоқ, – дейді марқұмның әкесі Есенбай Тәжібаев.

Ақтөбеде кешелі бері жерленгендер – негізінен қарулы қақтығыс кезінде қаза болған бейбіт тұрғындар.

– Ал шабуылшы топ құрамында болған азаматтардың мәйіттері туыстарына әлі берілген жоқ, – дейді Ақтөбе облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Ернұр Бурахан.

ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАНҒАН 7 КҮДІКТІНІҢ БІРЕУІ ҰСТАЛДЫ

Ақтөбедегі шабуылға байланысты іздеу жарияланған жеті адамның бірі бүгін Ақтөбеден 110 шақырым жердегі Қобда кентінде қолға түскені хабарланды. Ол деректі Ақтөбе облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Ернұр Бурахан да растады. Бірақ жергілікті билік «тергеу мүддесіне қайшы» екенін мәлімдеп, ол адамның аты-жөнін жария етуден бас тартты.

Ал ақтөбеліктер іздеу жарияланған күдіктілердің кейбіреулерін көргендерін айтып, полицияға хабар бере бастаған.

– Таңертең жұмысқа бара жатып, Сәңкібай батыр даңғылындағы «Ақбөбек» оқу орталығының жанынан күдікті Дмитрий Таңатаровқа ұқсас жігітті көрдім. Тор көз жейдесі, көк джинсы шалбары бар жігіт айналасына алақ-жұлақ қарап, жолдан өтіп бара жатты. Қолындағы рюкзагы өте ауыр сияқты көрінді. Дереу полицияға хабарладым. Олар жылдам жетіп, менен түсініктеме алды. Бір топ полицей әлгі жігіттің ізінен кетті. Сөйтсем, тап осы маңнан күдіктіні көргенін айтып, полицияға менен өзге үш адам хабар берген екен, – дейді қала тұрғыны Юлия Минина.

Қала көшелеріндегі полиция көлігі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Қала көшелеріндегі полиция көлігі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Маусымның 8-і күні түс ауа Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар елді мекенінің тұрғыны Раушан есімді әйел Азаттық тілшісіне хабарласып:

– Ақжарда таң атқалы әскери көлік көбейіп кетті. Полиция үй жағалап, тұрғындар тізімін алып жүр. Үрейленіп отырмыз, – деді.

Маусымның 5-інде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 20 адам қаза тапқан Олардың 13-і – «шабуыл жасады» деген күдіктілер, жетеуі – бейбіт тұрғын (үшеуі әскерилер - Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев, Берікжан Қалиев, төртеуі қарапайым тұрғындар - Андрей Максименко, Николай Онищенко, Михаил Матросов және жедел күзет қызметінің өкілі Мейірхан Тәжібаев).

Маусымның 5-індегі шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы – қызыл деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдар жайлы үш күннен соң мәлімдеме жасап, «террористік актіні радикал жалған діни ағым өкілдері ұйымдастырғанын, олар нұсқауды шетелден алғанын» хабарлады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG