Accessibility links

Ақтөбеде "дәрігерлік құпияны" түрліше түсінеді


Ақтөбе қаласы әкімдігі сайтының скриншоты. 14 наурыз 2013 жыл.

Ақтөбе қаласы әкімдігі сайтының скриншоты. 14 наурыз 2013 жыл.

Ақтөбеде туберкулездің ашық формасымен ауыратын 139 адамның аты-жөні қалалық әкімдік сайтында жаңартылып жарияланып тұрады.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі сырқаттардың аты-жөнін жариялауға қатысты «Бұл – заңсыздық! Дәрігерлік құпияны әшкере етуге болмайды» десе, қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі «заң талабын орындадық» деген уәж айтты.

«ЖАРИЯ ҚЫЛМАУҒА ТЫРЫСАМЫЗ»

14 жастағы Еркебұлан есімді ақтөбелік қазір облыстық туберкулез диспансерінде ем алып жатыр.

- Уақытылы тынығып, ас ішкенім жоқ. Сөйтіп иммунитетімді әлсіретіп алдым. Компьютердің алдынан ауруханаға әкетерде бір-ақ тұрдым. Ата-анам да, мен де «туберкулез» деген диагнозды ар санаймыз. Сондықтан менің ауруханада жатқанымды да, диагнозымды да мейлінше жария қылмауға тырысамыз, - дейді Еркебұлан.

Облыстық туберкулез диспансеріне Әйтеке би ауданынан келіп түскен 49 жастағы Серік те сырқатының жалпыға жария болғанын қаламайды.

Ақтөбедегі облыстық туберкулез диспансерінің сыртқы көрінісі. Ақтөбе, 14 наурыз 2013 жыл.

Ақтөбедегі облыстық туберкулез диспансерінің сыртқы көрінісі. Ақтөбе, 14 наурыз 2013 жыл.


- Қысы-жазы құрылыстың басында жүріп тапқан «пайдам», - дейді ол өзіне қойылған диагноз туралы қысқа ғана қайырып. Серіктің сөзіне қарағанда, ол ауылдастарынан туберкулездің ашық формасымен ауыратынын жасырып, «қатты суық өткендіктен қалаға бара жатырмын» деген.

Қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова қалалық әкімдіктің сайтында туберкулезбен ауыратын 139 адамның тізімі жарияланғанын растады.

- «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның талаптарына сәйкес кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын азаматтарға мемлекет есебінен тегін пәтер беріледі. Туберкулездің ашық формасымен ауыратындар да осы санатта.

Олардың жалпы саны – 139 адам. Сайттағы тізім ең алдымен пәтерден үміттілердің өздері үшін қажет. Тізімді жариялағандағы тағы бір мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу болатын. Біз «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның талаптарына сай әрекет еттік, - дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова Азаттық тілшісіне.

«БҰЛ - ЗАҢСЫЗДЫҚ»

Ал медицина саласының ардагері, ұзақ жылдар бойы жедел жәрдем ауруханасын басқарған Ізбасқан Аймағамбетовтің сөзіне қарағанда, бұл –заңсыздық. Қандай жағдайда да дәрігерлік құпияны әшкере етуге болмайды.

- Мен жедел жәрдем ауруханасын басқарған жылдары науқас адамға «сен раксың» деп айтқан дәрігерлер болды. Өз басым ондайларды қатты жазалайтынмын. Дәрігерлік құпия, дәрігерлік этика деген ұғымдар бәрінен де қымбат. Біз тұрғын үй секторымен де, қалалық әкімдікпен де байланысамыз. Болашақта мұндай жайттардың қайталануына жол бермеуіміз керек, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментіндегі бұқарамен байланыс бөлімінің бастығы Ізбасқан Аймағамбетов.

Бірақ кейбір ақтөбеліктер бұл мәселеге басқа қырынан қарап, керісінше қоғамға жұқпалы ауруға шалдыққан науқастар туралы мәлімет ашық хабарлануы тиіс деп ойлайды.

- Туберкулездің ашық формасымен ауыратын және ем алудан қашып жүрген азаматтардың тізімі ғана емес, фотосуреттері де газеттерде жиі жарияланып тұруы керек, - дейді ақтөбелік Людмила Шарапова.

«ӨЗІНЕ ҚАРАМАЙТЫНДАР, ҚОҒАМҒА ҚАРАЙ МА?»

Людмила қолқасы қабынғандықтан дәрігерлерге көрінгенді жөн санапты. Учаскелік дәрігері «туберкулезден амансың» десе де, фтизиатрларға келіп тұрғанын айтты. Ол сақтық үшін бетіне маска киіп алыпты. Азаттық тілшісі Людмиламен облыстық туберкулез диспансерінің ғимаратында кездесті.
Оның сөзінше, оның алаңдауына себепкер – көршісі екен.

Людмила Шарапова. Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ақтөбе, 14 наурыз 2013 жыл.

Людмила Шарапова. Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ақтөбе, 14 наурыз 2013 жыл.


- Көршім туберкулездің ашық формасымен ауырады. Бірақ емделіп жүрген жоқ. Бетпе-бет келіп қалсақ, зәрем ұшады. Өз денсаулығын ойламайтын адамдар, қоғамды ойлайды дейсіз бе? Сондықтан олардың аты-жөнін жариялағанда тұрған ештеңе жоқ. Дәрігерлік құпияның да шеті мен шегі болуы тиіс! - дейді Людмила Шарапова.

Туберкулездің ашық формасымен ауыратындардың тізімі Ақтөбе қалалық тұрғын үй секторының дәлізінде де ілініп тұр. Сектор меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова мұны да «заң талабы» және «ашықтық» деп түсіндірді.

- Бұл тізім қалалық әкімдіктің сайтында 2009 жылдан бері ілулі тұр. Бірақ осы кезге дейін науқас адамдар бірде-бір рет наразылық білдірген емес. Біз болашақта бұл мәселеге басқаша қараймыз. Яғни, тізімді жариялау әдістерін жетілдіре түспек ойымыз бар, - деді Жанаргүл Дүйсекенова.

Ақтөбелік заңгер Юрий Фильчуков қандай жағдайда болсын медициналық құпияны жариялауға болмайтынын ескертеді.

- Әкімдіктің болсын, басқаның болсын, медициналық құпияны жалпыға жария етуге хақысы жоқ. Аты-жөндері сайтта жарияланған науқастар сотқа шағымдануға құқылы. Егер олар өздері туралы ақпаратты жариялауға рұқсат еткен болса, әңгіме басқа. Онда да рұқсат жазбаша түрде берілуі тиіс, - деді заңгер Азаттық тілшісіне.

Ресми мәліметке сәйкес Қазақстанда жыл сайын туберкулездің ашық формасын 23 мың адам жаңадан жұқтырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG