Accessibility links

Әкімнен пәтер алған имамдар «дәстүрлі Исламға» шақырады


Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков (сол жақта). Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.

Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков (сол жақта). Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.

Дін істері бойынша әкімдік өкілі мемлекеттің мешіттердің жұмысына араласпайтынын айтады, бірақ «күллі Қазақстан мұсылмандары дін туралы заңда көрсетілген мазхабты ұстануы керек» деп санайды.

Ақтөбе облысының мешіттерінде қызмет етіп жүрген үш имамға пәтер сертификаттарын тамыздың 3-і күнгі ауызашарда осы облыстың әкімі Архимед Мұхамбетов тапсырды.

Рамазан айында пәтер сертификатын алған имамдардың бірі - Әбдімүтәліп Дәуренбеков. Ол Ақтөбе облысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жолдамасымен былтыр имам болып тағайындалды. «Нұрғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы Нұрсәуле Құрбанаистың айтуынша, «бас имам бір жылдан астам бес баласымен бірге пәтерден пәтерге көшіп жүрген».

Облыс әкімі пәтер сертификатын тапсырған «Нұрғасырдың» наиб имамы Сансызбай Шоқанов пен қалалық мешіттің имамы Бақытбек Тәжімбетті баспасөз хатшысы «балалы-шағалы, білімді мамандар» деп сипаттады.

Дін істері жөніндегі облыстық департаменттің бастығы Бауыржан Есмаханның айтуынша, бұл имамдардың қай-қайсысы да төрт және одан да көп баланың әкесі.

- Көп балалы шаңырақтың иелері қай саланың қызметкері екендігіне қарамастан пәтер кезегіне тіркелуге құқылы. Әрі бұл – жалға беріліп отырған қызметтік пәтерлер, - деді Бауыржан Есмахан.

АУЫЗАШАР КЕЗІНДЕГІ ӘКІМНІҢ НҰСҚАУЫ

Тамыз айының 3-і күні Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов 12 аудан мен орталықтағы басты мешіттердің имамдарына арнап ифтар өткізді. Ауызашар алдындағы сөзінде облыс басшысы аймақтағы діни ахуал, оны жақсарту жолындағы жұмыстарға көбірек тоқталды.

– Ең бастысы - сіздер өз өңірлеріңізде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі исламды насихаттауларыңыз керек. Әрбір имам әрбір елді-мекендегі жамағатты біліп отыруға міндетті, - деді әкім.
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов (сол жақта) пен Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров (оң жақта) облыс имамдарымен кездесуде отыр. Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.

Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов (сол жақта) пен Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров (оң жақта) облыс имамдарымен кездесуде отыр. Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.


Архимед Мұхамбетов дін істері жөніндегі департамент басшысына қаратып «теріс ағымды ұстанушылар шоғырланған жерлерге имамдық қызметке баратын азаматтар ең алдымен орталықтағы «Нұрғасыр» мешітінде іс-тәжірбиеден өтіп, шеберліктерін шыңдауы тиіс» екенін айтып, тапсырма беріп жатты.

Азаттық тілшісінің «Дәстүрлі Исламды ұстанушылар» деген діни категорияны кім бекітті, оның сипаттары қандай? Неліктен облыс халқы тек ҚМДБ атты республикалық діни бірлестіктің ұғымындағы «дәстүрлі исламды» ұстануы керек деп ойлайсыз?» деген сауалына дін істері жөніндегі облыстық департаменттің бастығы Бауыржан Есмахан былай деп жауап берді:

- «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңның кіріспесінде тарихи маңыздылығына байланысты Қазақстанда ханафи мазхабына басымдық беріледі» деп жазылған. Дәстүрлі ислам дегеніміз – осы. Сондықтан Ақтөбе ғана емес, күллі Қазақстанның мұсылмандары ханафи бағытын ұстануы керек. Басқа бағытты ұстанатын болса, ол дәстүрлі деп есептелмейді. Және бұл ешқандай діни наным-сенім принциптеріне қайшы емес.

181 КЕЗДЕСУ

Ақтөбе облысының өкіл имамы Әбдімүтәліп Дәуренбековтің айтуынша, «дәстүрлі емес, теріс ағымды ұстанушылар» облыстың Шалқар, Ембі, Қандыағаш секілді шағын қалалары мен Темір ауданында әлі де бар. Олармен күресу үшін бас имам былтыр желтоқсан айынан бері ауыл-аудандарды аралап, жамағатпен «181 рет кездескенін» айтады.

- Жұмыс болған соң әртүрлі нәрселердің туындайтыны заңдылық. Былтыр халықпен жұмыс жасай алмағаны үшін екі имамды қызметтен шеттеттік, -деді Әбдімүтәліп Дәуренбеков.
Облыс имамдары әкімнің ауызашарына жиналды. Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.

Облыс имамдары әкімнің ауызашарына жиналды. Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.


Биыл маусым айында Шұбаршидегі «Ақмешіттің» имамы ауысқан болатын. Шұбаршиге бір жылға жетер-жетпес уақыт тұрақтаған Нұрмұхамбет Бижанов Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәліп Дәуренбековтің айтуынша, жоғары білім алмақ оймен «Ақмешіттің» имамдығынан бас тартқан. Қазір «Ақмешітті» Алматы ислам институтының түлегі Кенжетай Шалқаров есімді азамат басқарып отыр. Бас имамның сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысындағы 64 мешітте жоғары білімді 17 имам қызмет етіп жүр. Солардың бірі - 45 мыңнан астам тұрғыны бар Шалқар ауданының бас имамы Нұрлыбек Тәкиев.

«ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМДЫ ҚОШТАМАЙТЫНДАРМЕН КҮРЕС»

- Мен ауылдарды жиі аралаймын. Шалқардың Бозой ауылында екі-үш баланың имамдарға бағынбай жүргені болмаса, жалпы діни ахуал тұрақты. Және бір айта кетер жайт, Шалқардың Шоқысу деген жерінен де қиын жамағат шығып, уағызды күшейтіп жатырмыз. Дәстүрлі исламды қоштамайтын бұл азаматтар салафизм бағытын ұстанады. Бір ғана мысал, біздер намаз оқығанда «әминді» іштей айтамыз. Ал олар дауыстап оқиды. Қиын жамағат қазақтың салт-дәстүрлерін де үнемі жоққа шығарып отырады. Ең аяғы келіннің үлкендерге сәлем етуін «ширк» яғни, Аллаға серік қосу деп санайды. Олардың ұғымында өлілерге Құран бағыштау да өрескел нәрсе. Бұрын Шалқарда адасып осы жолға түскен егде адамдар да көп болатын. Уағыз арқылы олардың бетін бері қараттық. Әзірге бірлі-жарым азаматтардың ғана бізге бағынғысы келмейді, - деді Шалқар ауданының бас имамы Нұрлыбек Тәкиев.
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов (сол жақта) пен Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров (оң жақта) облыс имамдарымен кездесуде отыр. Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.

Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов (сол жақта) пен Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров (оң жақта) облыс имамдарымен кездесуде отыр. Ақтөбе, 3 тамыз 2012 жыл.


Нұрлыбек Тәкиев пен оның өзге де әріптестері биыл қаңтар айынан бастап ай сайын тұрақты жалақы алып отыр. Имамдарға ай сайын жалақы төлеу Ақтөбе ғана емес, күллі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жағдай. Ақтөбе облысы имамдарының жалақысы ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының облыстық филиалына дәулетті азаматтар мен ірі кәсіпорындардан түскен қаржыдан өтеледі. Биыл жыл басында Ақтөбе облысының бас имамы Әбдүмүтәліп Дәуренбеков бұған дейін жұрттың пітір-садақасымен ғана күнелтіп келген аудан имамдарының айлық табысын 50 мың теңге, ауыл имамдарының жалақысын 35 мың теңге деп бекіткенін айтты.

Мүфтияттың жеке сайтындағы мәліметке қарағанда, «Зекет» қоры – жеке және заңды тұлғалардың зекеттері мен садақаларын қабылдап, оны Шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысатын ұйым. Қордың құрылтайшысы – ҚМДБ. Қордың миссиясы – «қасиетті Құран Кәрім мен сүнетті басшылыққа ала отырып, шариғат үкімдеріне сәйкес Қазақстан мұсылмандары зекетінің жиналуы мен таратылуын жүзеге асыру» деп көрсетілген.

«ДІНДІ САЯСАТҚА АРАЛАСТЫРУҒА ҚАРСЫМЫН»

Қазақстанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданғаннан кейін Бауыржан Есмахан Ақтөбеде тіркелген дәстүрлі емес мұсылмандық ұйымдарға ескерту хат жолдағанын айтады. Онда жаңа заңға сәйкес мұсылмандық ұйымдардың жарғыларын, құрылтай құжаттарын ауыстыруы керектігі айтылған.

- «Пәленбай ата», «Түгенбай әулие» атындағы бұл қорлар бұрын ел арасында уағыз айтып, қайырымдылық шараларын өткізетін. Ақтөбеде осындай 4-5 мұсылмандық ұйым бар. Жаңа заң бойынша олар жойылады. Өйткені құрылтайшыларының саны аз. Оншақты адам. Жергілікті діни бірлестік құру үшін кемінде елу кісі құрылтайшы болуы тиіс, - деді Бауыржан Есмахан.

Дін істері жөніндегі департамент бастығының пікірінше, жергілікті билік мешіттердің шаруасына ешқашан араласқан емес. Ал кәсіпкерлер болса, мешіттерге атқарушы биліктің нұсқауынсыз, өз ықтиярларымен қолдау көрсетіп отыр.
Шұбаршидегі Ақмешіттің көрінісі. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.

Шұбаршидегі Ақмешіттің көрінісі. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл.


- Бюджет дін саласына бір тиын да бөлген емес. Өйткені ел конституциясында «мемлекет пен дін бөлек» деп көрсетілген. «Ақтөбенің мешіттері мен имамдар жергілікті биліктің қамқорлығына көшті» деген көзқарас журналистердің ақпаратты дұрыс таратпауынан қалыптасып отыр, –деді дін істері жөніндегі Ақтөбе облыстық департаменттің бастығы Бауыржан Есмахан.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысы облыстық бөлімшесінің төрағасы, қоғамдық белсенді Айтқали Итәлиевтің пікірінше, жергілікті билік пен ресми дін өкілдерінің арасында астыртын әріптестік бар.

- «Дінге берілген адам таза, әділетті болады. Әділетті адам – қоғам үшін қауіпті. Сондықтан мемлекет дінді жанама түрде болса да бақылап отыр. «Жергілікті билік діннің шаруасына ешқашан араласқан емес» деген сөз жұмсартып айтқанда, шындыққа жатпайды. Мысалы, облыстағы Ырғыз және Мұғалжар ауданының кәсіпкерлері имамдарға бірдей жағдай жасай бастады. Бұл екі ауданның экономикалық ахуалы жер мен көктей. Соған қарамастан біркелкі қолдау байқалады. Күмән туғызатыны да осы. Әрине, имамдардың жағдайы аянышты. Мешіттерге қамқорлық қажет. Мен оны құптаймын. Бірақ, дінді саясатқа араластыруға қарсымын. Оның нәтижесі көзге ұрып тұр. Қазір имамдар әкім-қаралардың төбесі көрінгенде орындарынан ұшып тұратындай жағдайға жетті. Араларында теңдік жоқ, - деді Айтқали Итәлиев.

2011 жылы Қазақстанның батыс өңірінде болған бірнеше жанкештілік шабуылдан кейін елдің осы аймағындағы пуритандық Ислам ұстанушыларын құқық қорғау орындары ерекше қатаң бақылауға алған еді. Eurasianet.org сайты биылғы наурыз айында мұндай іс-шаралардың кейде шектен тыс қысым жасауға ұласатынын және жергілікті кейбір діни азшылық өкілдері көзқарасын жасырып жүруге мәжбүр екенін сипаттап жазған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG