Accessibility links

Ақтөбе демократ журналистердің соңғы көші - Андрей Климоновпен қоштасуда

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Тәуелсіз журналист, Азаттық радиосының Ақтөбедегі тілшісі болған Андрей Климонов.

Тәуелсіз журналист, Азаттық радиосының Ақтөбедегі тілшісі болған Андрей Климонов.

20 қаңтар күні Ақтөбе уақытымен таңертеңгілік 9-дар шамасында өз пәтерінде белгілі журналист Андрей Климоновтың жүрегі тоқтап қалған деген қорытынды жасады дәрігерлер.

Ол «Азаттық» радиосының Ақтөбедегі тілшісі, сонымен бірге жергілікті таблоид «Актобе таймс» газетінің редакторы болып жұмыс істеген еді. Андрейдің жасы – 36-да болған, отбасы, бір ұлы бар.

Ол 2006 жылдан бастап, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Ақтөбедегі жұмысының жандануына тікелей ықпал етті. Екі жыл бойы партия филиалы төрағасы міндетін атқара жүріп, соңғы президенттік, парламенттік сайлауларда принципті көзқарастарымен айрықша көзге түсті.

Бұрынғы партиялас серіктерінің бірі Сәрсен Шәкібаев Андрей Климоновтың өте қарапайым және өтірік айтпайтын мінезін айрықша бағалайды. «Ол адамдарға сенгіш және ақкөңіл еді. Билік пен жергілікті ықпалды топтардың шамына бататын жазған мақалаларына қарап, оны білмейтін жандар өмірде де шамшыл адам деп ойлайды. Расында, ол кісі көңілін қалдырмайтын және ретсіз соқтықпайтын жігіт еді».

ЖСДП филиалының қазіргі төрағасы Мейрамбек Камалов та осындай пікірде: «Көп жылдан бері Андреймен бірге жұмыс жасап келдім. Қарапайым. Демократиялық көзқарастарын жасырмайды. Үлкенмен де, кішімен де тең жұмыс жасай білетін. Білгенін аямай үйрететін».

2008 жылдың күзінде Андрей Климонов партия басшылығынан өз еркімен шықты. Денсаулығыма байланысты осындай шешім қабылдадым деп түсіндірген. Сол жылы Андрей омыртқасына зақым келіп, Ресейдің Орынбор қаласына барып емделіп келді.

«Сол жылдың жазында үйіне бейтаныс біреулер қоңырау соғып « балконға шығып, әйелің мен балаңмен қоштасып қал деп қорқытады, содан ол балконға шыққанда анадай жердегі машинаның жанында тұрған бір ер адам оған қол бұлғап, көлікке отырып кете барады, жақындары үшін жанұшырған Андрей екінші қабаттың балконынан секіріп, машинаның артынан қумақ болады, бірақ бел омыртқасына зақым келтіріп алғанын айтып еді»-дейді Сәрсен Шәкібаев. Омыртқасына зақым келіп, емделіп жүріпті.

Андрей Климонов 2006-дан бастап 2007 жылдың соңына дейін Ақтөбеде «Зазеркалье» газетін шығарды. Ол сол жылдары Ақтөбе қаласын басқарған Абай Садықовтың әрекеттеріне қатысты бірнеше мақалалар жариялады. Сол жылдары қалалық сотқа жергілікті шенеуніктер тарапынан бірнеше рет шағымдар түсірілді. Газетін таратпаудың амалдары жасалды. Ақыры таралым дұрыс көрсетілмеді деген желеумен 2007 жылдың күзінде жауып бітірді.

Андрей Климоновтың әйелі Ольга Петрованың айтуынша, қайтыс болатын күні Андрей таңертеңгілік сағат 8.30-дар шамасында сыртқа шығып, көршісімен темекі шегіпті. Сосын үйіне келіп жатқан. «Баламыз екеуміз ұйықтап жатқанбыз. Андрейдің кіріп-шыққанын байқаған жоқпыз. Біз ұйықтайтын бөлмеде жаттық. Андрей төргі бөлмеде. Біраз уақыттан соң тұрып, таңғы асты іш деп шақыруға кішкентай балам жүгіріп қасына барғанда, қозғалмаған. Ыңғайсыз ұйықтап жатқанын көріп оятпақшы болып едім, денесі сұп-суық».

Бірер ай бұрын «Азаттық» интернет-сайтында оның ақтөбелік тәуелсіз журналист Дулат Төлегеновтың өліміне қатысты мақаласы жарияланды. Оншақты жыл бұрынғы оқиғаны қайта қозғап, өз пәтерінің балконынан құлап өлді деп, полицейлер жасаған сараптама қорытындысының шикі тұстарын тағы бір екшелеп өткен. Андрейдің сыни көзқарастары көпшілікті бей-жай қалдырмады.

90-шы жылдары демократиялық журналистиканың құлшыныстары бұл жақта да тым ерекше болатын. Қазірде сол тәуелсіз журналистерден із де қалмады. Ақтөбедегі саусақпен санарлықтай ғана демократ журналистердің соңғы көші Андрей Климоновпен бірге кетіп қалғандай…

Андрей Климоновты жерлеу рәсімі бейсенбі күні Ақтөбе уақытымен түскі сағат 12-де болады.
XS
SM
MD
LG