Accessibility links

Жоғарғы сот ақтөбелік судьяны қызметтен босату туралы шешімді өзгертпей қалдырды


Ақтөбе облыстық сотының судьясы Ағызбек Төлегенов.

Ақтөбе облыстық сотының судьясы Ағызбек Төлегенов.

Жоғарғы сот қызметтен шеттетілген ақтөбелік судьяға байланысты облыстық сот шешімін жақтады. Діни ұйыммен байланыс орнатты деген айып тағылған судья өзінің «кінәсіздігін» ары қарай сот арқылы дәлелдеуге ұмтылатынын айтады.


Қазанның 17-сі күні Жоғарғы соттағы республикалық тәртіп-біліктілік алқасы «экстремистік ағымдағы діни ұйымдармен байланыс орнатқаны үшін» ақтөбелік судья Ағызбек Төлегеновты қызметтен шеттету туралы шешімді күшінде қалдырды. Бұл шешімді қыркүйек айының соңында Ақтөбе облыстық судьяларының тәртіп-біліктілік алқасы шығарған еді.

ШЕШІМ

– Республикалық тәртіптік-біліктілік алқасы облыстық алқаның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бүгін жоғарғы сот төрағасының Ағысбек Тұрсынұлы Төлегеновтің өкілеттілігін тоқтата тұру туралы өкімі шықты. Енді жоғарғы Жоғарғы соттың ресми өкілі Оксана Петерс. ("Нұр Отан" партиясының сайтынан алынған сурет)

Жоғарғы соттың ресми өкілі Оксана Петерс. ("Нұр Отан" партиясының сайтынан алынған сурет)

сот төрағасы жоғарғы сот кеңесіне Ағысбек Төлегеновті қызметінен босату туралы ұсыныс жасайды. Бұдан кейін аталмыш мәселе бойынша шешімді жоғарғы сот кеңесі қабылдайды, – деді жоғарғы соттың ресми өкілі Оксана Петерс дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне.

Судья Ағызбек Төлегенов бұл шешіммен келіспейтінін айтады.

– Қолыма бір ақпарат (судьяның түрлі діни ұйымдарға қатысы бары туралы облыстық сот қызметкерлері жазған – Азаттық) берді. Бәрі өтірік оның ішіндегі, – деді Ағызбек Төлегенов Азаттық тілшісіне.

Ол алты адамнан құралған алқа отырысының ашық деп жарияланғанына қарамастан, журналистердің кіргізілмегенін айтады.

Бұл ақпаратты республикалық адам құқығы мен бостандықтарын қорғау жөніндегі коалиция өкілдері де растайды.

– Біз қатысып, өз ойымызды білдіреміз деп едік, алқа отырысы жабық түрде өтті. Соған байланысты қатыса алмадық. Ол жерде мәселе қалай қаралғаны, не болғаны әзірге бізге белгісіз, – деді коалиция төрағасының орынбасары Мақсат Ілиясұлы.

«ДІНИ ҰЙЫМДАРМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС...»

Қыркүйектің 27-сі күні Ақтөбе облыстық судьяларының тәртіп-біліктілік алқасы судья Ағызбек Төлегеновты қызметінен босату туралы шешім шығарған еді. Бұл шешімге оның «елге жат экстремистік ағымдағы діни ұйымдармен тығыз байланыста» болғаны туралы ұлттық қауіпсіздік департаментінің ақпараты негіз болған.

Республикалық адам құқығы мен бостандықтарын қорғау жөніндегі коалиция өкілдерінің айтуынша, онда Ағызбек Төлегеновтың бұл ұйымдарға «материалдық-құқықтық тұрғыда көмек бергені» туралы айтылған.

Ал Ағызбек Төлегенов «шариғат заңдарын он жылдан бері сақтап жүргенін, бірақ сол үшін адамды айыптауға болмайтынын» айтады.

– Мешітке баратынымды жасырмаймын. Барамын, адамдармен кездесемін, сөйлесемін. Кафелерде қыдырамын, жүремін. Бірақ мен ешбір заңды бұзған жоқпын. Тек олар қауіп ойлайтын шығар. «Оларға қауіп болса, маған қауіп емес» дедім, – дейді Ағызбек Төлегенов.

Ол өзіне қатысы бар делінген «Таблиғ-и-жамағат» ұйымы қайдан шыққанын түсінбейтінін айтады.

Ағызбек Төлегенов қазанның 3-і күні Ақтөбе гарнизонының әскери сотына ұлттық қауіпсіздік департаменті берген мәліметті жалған деп тану туралы талап-арыз түсіріп қойғанын, бірақ жоғарғы сот алқасы осы азаматтық істің аяғын күтпегенін айтады. Оның айтуынша, қазанның 19-ы күні осы талап-арызға байланысты іс басталады.

КЕМСІТУ

Республикалық адам құқығы мен бостандықтарын қорғау жөніндегі коалиция өкілдері қолдарында бұл мәселеге қатысты әзірге тек біржақты ақпарат (Төлегеновтың арызы) бар екенін, сондықтан қандай да бір баға беру қиын екенін айтады. Коалиция төрағасының орынбасары Мақсат Ілиясұлы «қалай болған күнде бұл Конституцияның 14-бабына қайшы келетінін» айтады.

– Онда «тегіне, әлеуметтік-лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазады, – дейді коалиция төрағасының орынбасары Мақсат Ілиясұлы.

Ағызбек Төлегеновтың айтуынша, ол заңгерлік кәсіппен 18 жылдан бері шұғылданып келеді. Оның 14 жыл 8 айында судьялық қызмет атқарған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG