Accessibility links

Мақатов жаралаған Молдин ҰҚК-ні жеңе алмады


Жеңісбек Молдин судьяның сауалдарына жауап беріп тұр. Ақтөбе, 20 қаңтар 2012 жыл.
Жеңісбек Молдин судьяның сауалдарына жауап беріп тұр. Ақтөбе, 20 қаңтар 2012 жыл.

Былтыр мамырдың 17-сі күні Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінде Рахымжан Мақатов есімді азамат өзін-өзі жарып жібергенде жараланған Жеңісбек Молдин ҰҚК-ні сотқа беріп, 10 миллион теңге талап етті. Қаңтардың 24-і күні өткен сотта Ақтөбе қалалық сотының судьясы Нәзира Аманқұлова ол талапты қанағаттандырмады.


2011 жылы мамырдың 17-сі күні Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментіне келген Жеңісбек Молдин (мұнай компаниясының менеджері) есік аузындағы кезекшіге шаруасын айтып болып, бұрыла берген кезде ғана Рақымжан Мақатовты байқаған. «Сол сәтті не болғанын түсінбей де қалдым» дейді жараланған азамат.

ЖАРЫЛЫСТЫҢ ЗАРДАБЫ

Дәрігерлер Жеңісбек Молдинге 6 сағат бойы операция жасағанмен денесіндегі бомба жарықшақтарын түгел ала алмапты.

– Кеудем мен мойнымда жарылғыш заттың жарықшақтары әлі де бар. Дәрігерлер ағзаға салмақ түсіретін ауыр жұмыс істеуге, спортпен айналысуға тыйым салды. Жарылыстан соң еңбекке қабілеттілігімді 29 пайызға жоғалттым, – дейді Жеңісбек Молдин.

«Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментіндегі жарылыстан соң оң құлағым мүлдем естімейді» деген Жеңісбек Молдин сот процессі барысында сол құлағын алақанымен көлегейлеп, қинала сөйлеп отырды.

Ол мамырдың 17-сі күнгі жарылыс кесірінен маусым айына жоспарланған үйлену тойын да кейінге шегергенін айтады. Былтыр қазан айында тұңғыштары өмірге келген жас отбасы қазір «бала күтімі үшін берілетін жөргекпұлға ғана қарап отыр» екен.

ҰҚК: ЖАРЫЛЫСҚА БІЗ КІНӘЛІ ЕМЕСПІЗ

Жеңісбек Молдин алғашында 10 миллион теңге моральдық шығынды Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінен өндіріп алмақ болған еді. Кейін адвокатымен кеңесе келе, Қазақстанның қаржы министрлігін де жауапқа тартуды соттан өтінген.

Бүгінгі сот мәжілісінде прокурор судьядан «Жеңісбек Молдинге 200 мың теңге өндіріп беруді» сұрап, «ол қаржы мемлекеттің есебінен болсын, яғни Қазақстанның қаржы министрлігі төлесін» деп өтінді.

Сотта қаржы министрлігі мен Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінің өкілдері «өздерінің еш кінәсі жоғын» айтты.
Шағымданушы аталмыш департамент қызметінен немесе осы департаментке тиесілі автокөлік паркінен, электр, газ таратушы желісінің кінәратынан жарақат алмаған.

ҰҚК өкілі Виталий Беспалько «Жеңісбек Молдиннің бізден моральдық шығын талап етуі жөнсіз» деп, «шағымданушының аталмыш департамент қызметінен немесе осы департаментке тиесілі автокөлік паркінен, электр, газ таратушы желісінің кінәратынан жарақат алмағанын» айтты.

– Қазақстанның бас прокуратурасы да, Ақтөбе облыстық прокуратурасы да мамырдың 17-сі күнгі жарылыстан соңғы тексеруде біздің тарапымыздан заңсыздықтарға жол берілмегенін анықтады. Яғни ҰҚК-нің үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ. Қандай да бір лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылсын деген қаулы да болған жоқ. Жарылысқа біз кінәлі емеспіз, – дейді Ақтөбе облысы ҰҚК департаментінің өкілі Виталий Беспалько.

Ақтөбе қалалық соты «2011 жылғы мамырдың 17-сі күнгі жарылысқа Ақтөбе облысы ҰҚК департаментінің де, Қазақстан қаржы министрлігінің де еш қатысы жоқ» деп шешті.

– Бұл шешімге қанағаттанбаймын. Өйткені мен қалай болғанда да дене жарақатын
Ақтөбе қалалық сотының судьясы Нәзира Аманқұлова. Ақтөбе, 20 қаңтар 2012 жыл.
Ақтөбе қалалық сотының судьясы Нәзира Аманқұлова. Ақтөбе, 20 қаңтар 2012 жыл.
алдым ғой. Бұл қалай болғаны? Мысалы, сіз жарақат аласыз, сөйте тұра сізге ешқандай моральдық шығын өтелмейді. Маған осы жағы түсініксіз, – дейді Жеңісбек Молдин.

Естеріңізде болса, 2011 жылы мамырдың 17-сі күні Рахымжан Мақатов есімді азамат Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінде өзін-өзі жарып жіберген еді. Осы жарылыс кезінде Мақатовтың өзі қайтыс болып, Жеңісбек Молдин мен осы департаменттің күзетшісі жараланған.

Кейін тергеу орындары бұл оқиғаны «лаңкестік» деп атап, «Рахымжан Мақатовтың сыбайласы» деген айыппен 12 адамды тұтқындады. Тергеу ҰҚК-дегі жарылысқа бұл топтың қатысын дәлелдей алмады. Ал террористік пиғылы үшін және экстремистік топ құрғаны үшін деп айыпталған Есет Мақуов – 17 жылға, Алмас Жолбаев пен Асхат Бегаманов – 10 жылға, Әнуар Сүйінтаев – 8 жылға, Игілік Сағынаев пен Марат Палтоев – 5 жылға, Жанболат Сәрсенбаев, Нұрлыбек Мусин, Ғани Еңсепов, Біржан Алдамжаров, Хабидолда Жаңбыршин, Әлібек Бердібаев – 3 жылға сотталды.
XS
SM
MD
LG