Accessibility links

Ақтөбеде табылған бес адамды буындырып өлтірген


Ақтөбеліктер ықшамауданға айналдырып алған саяжайлар. (Көрнекі сурет). Ақтөбе, 24 қараша 2011 ж.

Ақтөбеліктер ықшамауданға айналдырып алған саяжайлар. (Көрнекі сурет). Ақтөбе, 24 қараша 2011 ж.

Ақтөбе полициясы сейсенбінің кешінде қала шетіндегі саяжайлардағы үйлердің бірінен жансыз денелері табылған бес адамның кісі қолынан қаза болғаны анықталғанын хабарлады. Бұл қылмысты кім жасағаны әзірше белгісіз.


Ақтөбе қаласының шетіндегі, ел арасында ГМЗ деп аталатын аудандағы саяжайлардың бірінен өлі күйінде табылған бес адамның денелеріне сот-сараптамалық зерттеу жүргізген полиция олардың қасақана өлтірілгені анықталғанын хабарлады.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қарашаның 22-сі күні кешке 50 жастағы ер адам қала шетіндегі саяжайға барғанында, өзінің інісімен қоса тағы төрт адамның өлі денелерінің үстінен түскенін полицияға хабарлаған.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жас мөлшері шамамен 34 пен 54 жас аралығында төрт ер адам және бір әйелдің мәйіттерін көрген.

- Алғашында бұл бес кісі түтіннен ыс тиіп немесе спирттік ішімдіктен уланған болуы мүмкін деген алдын-ала болжам жасалған. Бірақ бүгін шыққан сот-медициналық сараптамасының қорытындысында бесеуінің де буындырылып өлтірілгенін анықталды, - деді ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Алмат Иманғалиев.

Полиция қаза тапқандардың бәрі жергілікті тұрғындар деп хабарлады.

Бұл оқиғаға байланысты Қазақстан қылмыстық кодексінің 96-бабы ("кісі өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал қаза болғандардың кім екендігі және бұл іс бойынша күдіктілердің бар-жоғын тергеу құпиялығына сілтеген құқық қызметкерлері журналистерге айтпай отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG