Accessibility links

11 бала асырап алған Жетесовтердің үлкен әулеті


Ерлі-зайыпты Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова тәрбиелеп жатқан балалар. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.
Ерлі-зайыпты Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова тәрбиелеп жатқан балалар. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.

Ақтөбеде Жетесовтер отбасы 14 бала тәрбиелеп отыр. Дүниеге үш перзент әкелген ерлі-зайыптылар соңғы жеті жылда балалар үйінен 11 баланы асырап алған.

ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР

Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың есімі Ақтөбе тұрғындарына «Шашу» отбасылық ансамблі арқылы жақсы таныс. Ақтөбедегі халық шығармашылығы үйі жанынан құрылған ансамбльге үш жыл бұрын «халықтық» мәртебесі берілген. Ансамбльде ата-аналарымен бірге өнер көрсететін жас өнерпаздар домбыра, қылқобыз, шаңқобыз тәрізді ұлт аспаптарға қосылып жыр-терме айтып, күй шертеді, эстрадалық әндерді шырқайды.

Көпбалалы өнерлі отбасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:06 0:00
Жүктеп алу

Азаттық тілшісі барғанда Жетесовтер отбасындағы естияр балалар демалыс лагерінде екен, ал кішкентайлары үйде Амангүлдің жанында ойнап жүр. Оқтын-оқтын аналарының иығына бастарын сүйеп, кезекпен бетінен сүйіп кетеді.

ВИДЕО: 14 балалы Жетесовтер отбасы

14 балалы Жетесовтер отбасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

​ - Алғашында сыныптастарының оқу құралдарын ұрлап әкеп жүргендері де болды. Бауырыма басып отырып, олай етуге болмайтынын айтып түсіндірдім. Ертеңіне сыныптасынан кешірім сұрап, алғандарын апарып беретін. Балада не кінә бар? Көргенін істейді емес пе? - дейді Амангүл Ешпанова.

Ол балалардың басынан өткерген бұрынғы ауыр өмірлері жайлы да баяндап берді.

- Бір баламның мектептегі үзіліс кезінде күл-қоқыс контейнерін ақтаратын әдеті болды. Тамағы тоқ, көйлегі көк бола тұра сөйтетін. Өйткені кезінде анасы екеуі солай жан сақтаған. Қазір сол балам өз сыныбындағы үздік оқушылардың бірі. Тағы бірде көшедегі жылу желісінің тұсынан өтіп бара жатқанымызда алты жасар қызым: «Мама, ананы қарашы, біздің құбырлар! Біз осы құбырларды құшақтап ұйықтайтынбыз» деп айқайлап жіберді. Көзімнің жасын тыя алмадым. Туған анасы – көше кезбесі. Қызым көше кезіп жүрген жерінен жетімдер үйіне түскен, - дейді Амангүл.

ОТБАСЫ БЮДЖЕТІ

«Шашу» отбасылық-халықтық ансамблінің жетекшісі Өмірхан Жетесов музыкалық аспаптарды сатып алуға, балалардың музыкалық сауатын жетілдіруге маман жалдауға өздері тапқан-таянған ақшаны жұмсайтынын айтады.

Амангүл Ешпанова қызымен ас әзірлеп жатыр. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.
Амангүл Ешпанова қызымен ас әзірлеп жатыр. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.

​Жыршы-термеші Амангүл Ешпанова мен Өмірхан Жетесов балаларының сахналық костюмдеріне де үлкен мән береді. Айтуларынша, арнайы тапсырыспен тігілетін костюмдердің ең арзаны 40 мың теңге тұрады. Спорт үйірмелері мен тіл үйрену курстарының төлемақысы және бар.

Үлкен әулетті қаржымен қамтамасыз ету міндеті азық-түлік сататын шағын дүкен ұстап, той-томалақта асабалық қызмет атқаратын Өмірханның мойнында. Мемлекет тарапынан әр бала үшін 20 мың теңге жәрдемақы беріледі. Отбасында бала саны көбейген сайын жеке меншік шағын үйіне жапсарластыра бөлме қоса беретін отағасы биыл жазда үлкен асхана тұрғызуды жоспарлап отыр. Ол балалары үшін ойын алаңын да салғысы келеді. Бірақ әзірше отбасы бюджеті ондай шығынды көтермейді.

- Балалардың бәрі үйде тіркеуде болғандықтан, қыстыгүні суық және ыстық судың өзіне ай сайын 60 мың теңгедей төлейміз, - дейді 14 баланың әкесі.

Үйінің алдында тұрған отағасы Өмірхан Жетесов. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.
Үйінің алдында тұрған отағасы Өмірхан Жетесов. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.

Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қанат Айтбаев «халықтық» мәртебесі бар ансамбльге штат тиесілі екенін, бірақ іс жүзінде мәдениет басқармасында штаттық орын жетпейтінін айтады.

- Облыстық мәслихат қосымша қаражат бөлу туралы ұсынысты мақұлдап, қаржы жайы реттелсе, алдымен Жетесовтердің мәселесін шешеміз. Мен бұл отбасына музыкалық аспаптар алып беру жөнінде де сұраныс жасап қойдым, - дейді Қанат Айтбаев.

«ЖЕТІМНІҢ МҰҢЫН ӨЗІНДЕЙ ЖАН ҒАНА ТҮСІНЕДІ»

Амангүл мен Өмірхан осыдан жеті жыл бұрын балалар үйінен алғаш қамқорлығына алған үш баланың үлкені Айгүлдің жасы қазір 21-де. Азаттық тілшісімен әңгімеде ол мектеп бітірген соң өзін өмірге әкелген ата-анасын іздеп тапқысы келгенін айтып берді.

- Биологиялық ата-анамды іздегім келді. Мамам қарсы болған жоқ. Екеуміз бірлесе іздеп, тауып та алдық. Ақтөбедегі мектептердің бірінде мұғалім екен. Бірақ ол мені көріп қуанбады. Керісінше, бала-шағасы бар екенін, отбасының шырқын бұзғысы келмейтінін айтып, енді мазаламауымды өтінді, – дейді қазір жергілікті коллеждердің бірінде оқып жүрген Айгүл.

Жетесовтер отбасындағы балалардың велосипедтері. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.
Жетесовтер отбасындағы балалардың велосипедтері. Ақтөбе, 30 шілде 2016 жыл.

Өмірхан өзі де жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татқанын айтады.

- Анам алты жасымда дүние салды. Маңдайымнан сипайтын адам болмады. Содан да болар, Амангүлдің бойындағы аналық мейірімге өзге тұрмақ, өзім де таңғалумен келемін. Әттең, кезінде өгей шешем Амангүлдей болғанда ғой... Амангүлдің өзі де ата-әжесінің тәрбиесінде болып, ананың аялы алақанын аңсап өскен. Соңғы жеті жылда ұққаным – жетімнің жанындағы жараны басынан өткерген адам ғана түсінеді екен, - дейді Өмірхан Жетесов.

XS
SM
MD
LG