Accessibility links

Ақтөбе соты екі полицейді түрмеден босатты


Түрмеден шыққан полицей Нұржан Бимағанбетов жұбайы Айзатпен бірге. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.
Түрмеден шыққан полицей Нұржан Бимағанбетов жұбайы Айзатпен бірге. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.

Ақтөбе соты екі жылға сотталған полицейлер – Арыстанбек Таңжарықов пен Нұржан Бимағамбетовті мерзімінен бұрын босатты. Бірақ «полицейлерден жәбір көрдім» деген Азамат Айдосов бұл үкімге наразы.


Сотталған полицейлердің туыстары мен қала тұрғындары «үкім әділетсіз болды» деп, апелляциялық шағым түсірген еді. Апелляциялық алқа «екі полицейді тергеп, соттау кезінде заң талаптары өрескел бұзылғанын» айтып, оларды бостандыққа шығарды.

«ҚЫЗМЕТ БАБЫН АСЫРА ПАЙДАЛАНДЫ»

Бұл оқиға 2010 жылы басталған. Ақтөбе қаласындағы Зауыт полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Арыстанбек Таңжарықов пен Нұржан Бимағамбетов сол жылы наурыз айында тұрғын үй аулаларының біріне тұрғындардың шағымы бойынша барып, тәртіп бұзған Азамат Айдосовты учаскеге алып кетеді.

Кейін Азамат Айдосов «полицейлер мені ұрып соқты, миым шайқалды» деп сотқа арызданған. Сол шағым негізінде аға лейтенант Таңжарықов пен капитан Бимағамбетов «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен 2011 жылы қараша айында екі жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Ақтөбе қалалық соты олардың мүліктерін тәркілеуге бұйырып, өздерін жазаларын өтеп шыққаннан кейін бес жыл бойы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқықтарынан айыруға үкім шығарған.

«ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ БҰЗЫЛЫПТЫ»

Ақтөбе облыстық сотының судьясы Гүлжаһан Байтұрсынова сотталушылардың туыстары мен тұрғындардың арызы бойынша қылмыстық қылмыстық істі қайта қарап, қаңтардың 26-сы күні Арыстанбек Таңжарықов пен Нұржан Бимағамбетовті түрмеден босатуға үкім етті.

Апелляциялық алқа «тергеу барысында қылмыстық-процессуальдық кодекс талаптары бұзылғандығын», «Азамат Айдосовтың ешқандай бас-ми жарақатын алмағанын анықтағандарын» айтады.

– Қылмыстық іс қозғалған кезде де, алдын-ала тергеу барысында да өрескел қателіктер жіберілген. Яғни қаржы полициясының тергеушілері қылмыстық іс қозғамау туралы қаулының барын елеп-ескермеген. Полицейлерді заңсыз тергеп, істі сотқа жолдаған. Апелляциялық алқа осыны ескеріп, істі қысқартты, – дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлнұр Симатова.

«ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ АРАША ТҮСКЕНІН АЛҒАШ КӨРІП ОТЫРМЫЗ»

Полицейлерді ақтау туралы үкімді естіген тұрғындар «судьяның шешіміне ризамыз» дейді.

– Жігіттердің істі болып жатқанын газеттен оқығанмын. Әділетсіздікке шыдамадым.
Қала тұрғындарының бірі Людмила Штеклер. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.
Қала тұрғындарының бірі Людмила Штеклер. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.
Көршілерімізбен бірлесе шағым айтып бармаған жеріміз жоқ. Өйткені олардың неше жылдан бері қалай жұмыс істеп жүргенін көзімізбен көріп отырмыз ғой. Екеуі де сыпайы, істеріне мығым, – дейді тұрғындардың бірі Людмила Штеклер.

Нұржан Бимағамбетовтың жұбайы Айзат Шерипова күйеуі тұтқындалған сәттен бастап қарапайым тұрғындардың көп қолдау көрсеткенін айтады.

– Үйіміздің телефонын полиция пунктінен алса керек, жылап отырғанымда Нұржан қызмет ететін учаскенің тұрғындары – 75 жастағы Роза апай, Әбубәкір деген ағай хабарласып, маған күш-жігер берді. «Қарағым, біз сенімен біргеміз» деп демеу болды, – дейді Айзат Шерипова.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиевтің айтуынша, «қазір 69 күн абақтыда отырған екі офицерді қызметтеріне қайта алу мәселесі қаралып жатыр».

– Тұрғындардың полицейлерге араша түскенін мен де, әріптестерім де алғаш рет көріп отырмыз, – дейді ол.

«ҚАТЕЛІК» ПЕН «ҚОҚАН-ЛОҚЫ»

Түрмеден шыққан бұрынғы полицейлер Арыстанбек Таңжарықов пен Нұржан Бимағамбетов әзірше облыстық ішкі істер департаментінен ешкім хабарласпағанын айтады.

– Біз ол жерде болмауымыз керек еді. Біреулердің қателігінің құрбаны болдық.
Түрмеден шыққан полицей Нұржан Бимағанбетов құрбан шалып, дұға қылып отыр. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.
Түрмеден шыққан полицей Нұржан Бимағанбетов құрбан шалып, дұға қылып отыр. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.
Оны қателік деп айтуға да аузым бармайды, – дейді Арыстанбек Таңжарықов.

Ал Нұржан Бимағамбетов «біздің ғана емес, отбасымыздың, ет жақындарымыздың өмірімен ойнаған адамдар жауап беруі тиіс» дейді.

– Біздің басымызды шырғалаңға салған жігіт 20-дан енді ғана асқан тым жас болатын. Ал оның әкесі полицей атаулыны қарадай жек көретін адам екен. Меніңше, жас бала әкесінің жетегінде кетті, – дейді Нұржан Бимағамбетов.

Бұл оқиғада әу баста «жәбірленуші» атанған Азамат Айдосов апелляциялық алқаның екі полицейді ақтаған шешіміне разы емес.

– Апелляциялық алқа қандай шешім шығарса да, мен өз ойымнан айнығаным жоқ. Дәлелдей алмай отырған да болармын. Бірақ полицейлердің маған қоқан-лоқы көрсеткені рас. Қазір сырқаттанып жүрмін. Ауруымнан айыққан соң мен де баратын жерге барамын, – дейді Азамат Айдосов.
XS
SM
MD
LG