Accessibility links

Ақтөбелік мектеп «аттестат сату» дауына қалды


Ақтөбедегі "Шаңырақ" жеке мектебінің сыртқы көрінісі. Сурет "Шаңырақ" мектебінің ресми сайтынан алынды.

Ақтөбедегі "Шаңырақ" жеке мектебінің сыртқы көрінісі. Сурет "Шаңырақ" мектебінің ресми сайтынан алынды.

«Россия 1» телеарнасы көрсеткен репортажда «ресейліктерге аттестат сатады» деп сипатталған ақтөбелік жеке меншік мектепті прокуратура тексере бастады. Мұғалімдер айыпты жоққа шығарады.

Ақтөбедегі «Шаңырақ» жеке мектебі ресейліктерге аттестат сатуы мүмкін деген күдікке ілінді. Педагогтар «бізге жазықсыздан жазықсыз жала жабылды» дейді. Ал облыстық білім саласын бақылау департаментінің мәліметінше, қазір жеке мектепті прокуратура тексеріп жатыр.

Қыркүйектің 22-сі күні «Россия 1» арнасының «Вести недели» бағдарламасында Ресейдің мемлекеттік емес жоғарғы оқу орындарындағы жемқорлық туралы тілші Борис Соболевтің репортажы көрсетілген. Осы репортаждың соңғы жағында тілші «Ақтөбедегі «Шаңырақ» жеке мектебінің бас директоры Галина Думанская» деп таныстырған әйелдің сұхбаты бар. Жасырын камерамен жазып алынған сұхбатта «бас директор» ақысын төлеген жағдайда ресейлік мектеп бітірушілерге Қазақстанға келмесе де, мемлекеттік аттестат берілетіні туралы айтады. Борис Соболевтің сөзіне қарағанда, мектеп директоры 1 аттестатты 120 000 Ресей рубліне сатпақшы болған.

Азаттық тілшісі әңгімелескен ақтөбелік білім саласының қызметкерлері өзге ел азаматтарына заңсыз жолмен аттестат сату әрекетіне күмәнмен қарайды. Орта мектеп мұғалімі Марина Стародубова «Шаңырақ» жеке мектебінде туған дауға қатысты:
"Шаңырақ" мектебіндегі медициналық пункт. Сурет "Шаңырақ" мектебінің ресми сайтынан.

"Шаңырақ" мектебіндегі медициналық пункт. Сурет "Шаңырақ" мектебінің ресми сайтынан.


- Баланы қаланың ішіндегі бір мектептен екіншісіне ауыстырудың өзі үлкен проблема. Арнайы талон, оқушының үлгерімі көрсетілген табель талап етіледі. Басқа да толып жатқан құжаттар қажет. Меніңше, бас директордың жалғыз өзі оңды-солды аттестат үлестіре алмайды, - дейді.

Ал «Шаңырақ» жеке мектебінің бас директоры Галина Думанская бірнеше күннен бері жұмыс орнында жоқ. Әріптестерінің айтуынша, ол «Россия 1» телеарнасының тілшісі Борис Соболевпен соттасу үшін Мәскеуге кеткен.

- Біз ешқашан аттестат сатқан емеспіз! Жазықсыздан жазықсыз жала жабылды. Қатты уайымдап отырмыз. Басқа ештеңе айта алмаймын. Мәскеуден оралған соң Галина Думанская баспасөз мәслихатын өткізеді, - деді Азаттықтың тілшісіне телефонмен берген сұхбатында «Шаңырақ» мектебінің директоры Ақмаржан Қожанова.

Ақтөбе облыстық білім саласын бақылау департаментінің бастығы Әкімгерей Көшербаевтің сөзіне қарағанда, қазір қалалық прокуратура «Шаңырақ» жеке мектебін тексере бастаған. Комиссия құрамына облыстық білім саласын бақылау департаментінің де бір қызметкері енген.

- «Шаңырақ» материалдық-техникалық базасы тәуір, педагогтары да тәжірбиелі мектептердің бірі болатын. Біз бұл ұжымды жоспар бойынша 2014 жылы тексеруіміз керек еді. Заң талабы – осы. Жеке мектептерді әр 5 жыл сайын ғана тексеруге құқылымыз, - дейді Әкімгерей Көшербаев.
Ләззат Оразбаева. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы. Сурет Ақтөбе қалалық әкімдігінің сайтынан алынды.

Ләззат Оразбаева. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы. Сурет Ақтөбе қалалық әкімдігінің сайтынан алынды.


Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева өткен оқу жылында «Шаңырақ» жеке мектебін 21 түлектің тәмамдағандығын айтады. Ләззат Оразбаева 2013 жылғы түлектердің арасында ресейліктердің болмағанына сенімді.

- Мемлекеттік, жеке мектептердің барлығы аттестатты білім бөлімінен алады. Биыл «Шаңырақ» жеке мектебін 21 бала бітірді. Соның біреуі ғана «Шаңыраққа» Ақтөбедегі «Сымбат» жеке мектебінен ауысып барған болатын. Өзгелері – сол мектепте бұрыннан білім алып жүрген балалар. Мен басқа ештеңе білмеймін. «Шаңырақ» - жеке мектеп. Жасалған жұмыстарының есебін қабылдап алғаны болмаса, білім бөлімі жеке мекеменің шаруасына араласа алмайды, - деді Ләззат Оразбаева.

"Шаңырақ" мектебіне қатысты туған дау туралы қыркүйектің 27-сі күні Ақтөбе облысында іссапарда жүрген Қазақстанның білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов журналистерге комментарий берді.

- Ақтөбедегі жағдайдан хабардармын. Бұл жайт алдағы уақытта да менің назарымда болды. Талдау жасап, шара қолдануға уәде беремін, - деді министр.

Ақтөбе қаласында 67 орта мектеп және 5 жекеменшік мектеп бар.

Қазақстан мектептерінде аттестат сату, я аттестат бағасын өзгерту әрекетін байқаған кезіңіз болды ма? Ондай мәліметіңіз болса, azattyq@rferl.org электрондық поштасына хат жазып, Азаттықпен бөлісіңіз.
XS
SM
MD
LG