Accessibility links

Құрылыс ауылы «тұщы суға да тәуба» деп отыр


Шахмарал Тулина. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
Шахмарал Тулина. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
– Күз – ауыл адамы үшін тірліктің қыз-қыз қайнайтын кезі, – дейді Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының тұрғыны, шөпшілерге ас дайындап, көмір түсіріп жатқан жігіттерге сусын ұсынып әбігер болып жүрген Шахмарал Тулина.

«АМАЛСЫЗДАН АУЫЛДА ОТЫРМЫЗ»

Шахмарал апайдың айтуынша, жергілікті алыпсатарлар саудагерлердің бірі ауласына әкеп үйіп кеткен бір тонна көмірді «тезекпен араластырып, үнемдеп жақса, отбасын қыстан алып шығады».

– Жаңа ғана 15 мың теңгеге бір тонна көмір түсіртіп алдым. Тағы бір тонна алсақ, қыстан емін-еркін қысылмай шығар едік. Бірақ әзірге ақшаның реті болмай тұр. Күндіз малдың тезегін жағып, түнге қарай ошаққа бір шелектен көмір салсам, бір тоннамен де амалдармын. Бір пенсияға көмір, бір пенсияға малдың жемін аламыз, – дейді ауылдастары «Шәкән апа» атап кеткен зейнеткер Шахмарал Тулина.

Шәкән апа 2009 жылдан бері зейнеткерлік демалыста. Өзінің айтуынша, Құрылыс ауылындағы орта мектепте «универсальный мұғалім» болған.

– Мамандығым – физика пәнінің мұғалімі. Бірақ мен ауыл мектебінде шет тілінен ғана сабақ бермеген болармын. Басқа пәндердің бәрін оқыттым. Ана бір жылдары
Ботаны құшақтап тұрған ауыл баласы. Ақтөбе облысы Құрылыс ауылы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
Ботаны құшақтап тұрған ауыл баласы. Ақтөбе облысы Құрылыс ауылы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
орыс тілінің екі мұғалімі бір мезетте жүктілігіне орай демалысқа кетіп, орыс тілін де оқытқаным бар. Екі аптадан соң ұятым шыдатпай, мектеп директорының алдына бардым. «Балаларды теріс оқытып, обалына қалармын» деп орыс тілін оқытудан бас тарттым, – дейді зейнеткер мұғалім Шахмарал Тулина.

Шахмарал Тулинаның жалғыз қызы Дана да – мұғалім. Педагогикалық институтты тәмамдаған соң Дана ата-анасының ақылымен ауылдан 400 шақырым жердегі облыс орталығы Ақтөбеде қалған.

– Жас қызға жердің шеті, желдің өтінде не бар? Одан да қалада қалғаны дұрыс деп шештік. Біз де қалаға көшер едік. Қолымыздағы бірлі-жарым малдың құны бір бөлмелі пәтер сатып алуға да жетпейтіндіктен амалсыздан ауылдан ұзай алмай отырмыз, – деді Шәкән апа.

«ТАПҚАНЫН МАЛ АЗЫҒЫ МЕН КӨМІРГЕ ЖҰМСАЙДЫ»

Шахмарал Тулинаның жолдасы Қазихан Баймұқашев та – зейнеткер. Ол осы ауылда көп жыл мал дәрігері болған екен. «Сондағы үлесіне тигені ескі трактор ғана» дейді Шахмарал апай.

Азаттық тілшісі Құрылыс ауылына барған күні Шахмарал апайдың жолдасы
Ауыл адамдары Қазихан Баймұқашевтың бұзылған тракторын қарап жүр. Ақтөбе облысы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
Ауыл адамдары Қазихан Баймұқашевтың бұзылған тракторын қарап жүр. Ақтөбе облысы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
Қазихан аға ескі тракторына ауылдастарын тиеп, шөп шабуға кеткен екен.

– Қолдағы азын-аулақ малымызға жеті-сегіз трактор шөп молынан жетеді. Қыркүйектің зейнетақысына малға жем аламыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің ауылда комбикормның бір қабы – 400-500 теңге. Ал бидай қымбат, әр қабы – 1500-2000 теңгеден. Ауыл адамдары ішпей-жемей жинаған тиын-тебенін күзге салым малдың азығы мен көмірге жұмсайды, – дейді Шахмарал Тулина.

Түс ауа бере ентіге басып келіп, ауладағы құдыққа қауға салған жас жігіт «Қазихан ағамның тракторы өртеніп жатыр» деді. Оның айтуынша, ауыл шетіне жақындағанда ескі трактордың моторы қызып, түтіндей бастаған екен. Бір топ жігіт жедел қимылдап, тракторды да, малдың азығын да аман алып қалды. Осы кезде Шәкән апаның құдығындағы су да таусылған болатын.

– Қауғаны екі-үш рет салғаннан соң құдықтың түбі көрініп қалады. Сондықтан
Құдықтан су тартып жатқан Құрылыс ауылының тұрғыны. Ақтөбе облысы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
Құдықтан су тартып жатқан Құрылыс ауылының тұрғыны. Ақтөбе облысы, 8 қыркүйек 2012 жыл.
ауламызға бақша сала алмай отырмыз. Бір жақсысы – ауылымызда ауыз су бар. Құрылыстың халқы ауыз судың зарын көп тартты. Суды осыдан 45 шақырым жердегі аудан орталығы Ырғыздан тасып ішкен күндерімізді әлі ұмытқан жоқпын. Сондықтан тұщы суды ысырап қылып, бақша суаруға обалсынамын, – дейді Шахмарал Тулина.

Құрылыс ауылы тұрғындарының айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ауылдан 10 шақырым жердегі Айырқызыл құмындағы жерасты су бассейнінен су құбыры тартылған екен.

– Оған да шүкір. Әйтпесе айналамызда қара суға зар боп отырған елді-мекендер аз емес, – дейді таза су ішкендеріне қайта-қайта тәуба айтып отырған ауыл адамдары.
XS
SM
MD
LG