Accessibility links

Шұбаршидегі діндар таксистер мен үгітші әкім


Шұбарши көшелеріндегі таксистердің бір тобы. Шұбарши, 23 маусым 2016 жыл.
Шұбарши көшелеріндегі таксистердің бір тобы. Шұбарши, 23 маусым 2016 жыл.

Бес жыл бұрын шілденің 1-іне қараған түні Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Шұбарши ауылында полицейлерге шабуыл жасалып, оның соңы күш құрылымдарының «терроршы топпен» 10 күндік қарулы қақтығысына ұласқан. Азаттық тілшісі ауылдың қазіргі ахуалын көріп қайтты.

Ақтөбеден 300 шақырымдай қашықта Атырау мен Маңғыстау облыстарының шекарасы үшкілдене түйісетін тұста тұрған Темір ауданындағы Шұбаршидің өзге ауылдардан бір айырмасы – көшеден сырт кейпі мен киімінен діндар екені аңғарылатын адамдарды көп кездестіруге болады. Әсіресе, іргелес ауылдарға және Шұбаршидің өз ішіне жолаушы таситын таксист жігіттердің басым бөлігі «дін жолында жүргендерін» жасырмайды. Клиент салонына жайғаса сала, жүргізушілер «арғы дүниенің қамы» үшін не істеу керектігі жайлы ақырындап әңгіме бастайды. Шұбаршидің әр тұсында топталып тұратын мұндай азаматтардың бергі дүниеге қатысты ортақ бір мұңы бар. Ол – жұмыссыздық.

Шұбаршидегі қанды оқиғаға 5 жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:22 0:00
Жүктеп алу

«МҰСЫЛМАН БОЛҒАСЫН САБЫР ЕТЕМІЗ»

Өзін Асқар Көлекенов деп таныстырған шұбаршилік азаматтың жұмыссыз жүргеніне 16 жыл толыпты. Бұрын «Ақтөбе мұнай сервис» деп аталатын мекемеде көлік жүргізушісі болған. Қазір отбасын жолаушы тасымалымен асырап отыр.

- Әскерден келген ұлым, оқу бітіріп келген тағы бір балам, әйелім, өзім –бәріміз жұмыссызбыз. «Ең болмаса бір балама жұмыс тауып беріңіздерші?» деп бармаған жерім жоқ. Облыстық әкімдік, аудан, ауыл басшылары мен «Нұр Отанға» да бардым. Обалдары нешік, жазып апарған өтінішімді алып қалады. Бірақ осы кезге дейін хабарласқан біреуі жоқ. Мұсылман болғасын сабыр етеміз ғой енді, -дейді Асқар.

Шұбарши көшесі. Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.
Шұбарши көшесі. Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.

Ауылдың әр жерінде топтасып тұратын таксист жігіттер 100-200 теңгеге қалаған жеріңізге жеткізіп салады. Яғни, қоғамдық көліктің қызметін атқарып жүр. Жеке көлігімен жолаушы тасымалдап жүрген бұл азаматтардың да, ауыл басшыларының да тартқыншақтайтын бір тақырыбы бар. Ол – осыдан бес жыл бұрынғы Шұбарши оқиғасы.

2011 жылғы шілденің 1-іне қараған түні белгісіз біреулер Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Шұбарши ауылы жанында екі полиция қызметкерін өлтірген болатын.

Оқи отырыңыз: Полицейлер қазасынан кейін Темір ауданы майдан болғандай көрінеді

«Полицейлерді өлтірді» деп күдікке ілінгендерді тұтқындау мақсатында шілденің 2-сінде жүргізілген арнайы операция барысында «Арлан» арнайы бөлімінің бір сарбазы атыста қаза тауып, үшеуі жараланған. Шілденің 9-ында «Сұңқар» арнайы бөлімінің қызметкерлері күдіктілерді ұстауға әрекет жасап, шабуылдаушы жақтан 9 адамды өлтірген. Қаза тапқандардың көршілес Шұбарши, Сарыкөл және Кеңқияқ ауылдарының тұрғындары екені анықталған. Кейінірек «шабуылға қатысы бар» деген күдікпен төрт адам ұсталып, 2011 жылғы қазанның 6-сы күні олардың екеуіне терроризм айыбымен өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасы кесіліп, қалған екеуі 14 және 6 жылға сотталған. Сот процесі жабық өтіп, айыптылардың аты-жөндері де жарияланбаған болатын.

Оқи отырыңыз: Кеңқияқ пен Шұбаршиде полициямен қақтығыста қаза тапқандар жерленді

«ДІН ЖОЛЫНДАҒЫ 28 АДАМҒА ЖҰМЫС ІЗДЕУ»

Шұбаршидің қазіргі әкімі Азамат Өсербаев бұл қызметке 2013 жылы кіріскен. Оның айтуынша, алғаш әкім болған күннен мойнына жүктелген бір міндет бар, ол – «дін жолын ұстанатын ауылдастарына жұмыс тауып беру».

Шұбарши ауылдық округінің әкімі Азамат Өсербаев. 23 маусым 2016 жыл.
Шұбарши ауылдық округінің әкімі Азамат Өсербаев. 23 маусым 2016 жыл.

- Бізде дін жолындағы адамдардың бәрі бақылауда. Оларды тұрақты бақылап отырмыз. Саны да белгілі. Үйлерінде кімдер жұмыс жасайды, кімдер жұмыс жасамайды оны да білеміз. Қазір Шұбаршидің дін жолында жүрген 28 тұрғыны жұмыссыз. Қазір маған берілген тапсырма – сол 28 адамды жұмысқа орналастыру. Жергілікті мекеме-кәсіпорындарға хат жазып, әкімдік атынан ұсыныс жасаймын. Жұмысқа орналастыру кезінде дін ұстанатын тұрғындарға сәл де болса басымдық береміз, - дейді ауыл әкімі.

Азамат Өсербаевтың сөзіне қарағанда, шұбаршиліктер ақылы қоғамдық жұмысқа құлықсыз. «Жұрттың бәріне мұнай компанияларындағы табысы мол тұрақты жұмыс керек» дейді әкім. Бірақ ондай мүмкіндік бола бермейді екен.

- Әкімдік айтты екен деп ала бермейді ғой. Кейбіреулері емтиханнан өтпей қалады. Олардың да кәсіби біліктілікке қатысты қояр талаптары бар. Мысалы, мен дәнекерлеушіні ұсынамын. Олар емтихан қабылдайды. Әлгі дәнекерлеуші сынақ тапсыра алмай қалуы мүмкін. Сондай кездерді жай-жапсарды жазып, мекеме басшылары маған хат жібереді. «Сіздің ұсынған адамыңыз өткен жоқ» немесе «мына адамыңыз жұмысқа қабылданды» дейді. Жұмыс табу оңай емес, - дейді ол.

ДІНИ МИССИЯ ЖҮКТЕЛГЕН ӘКІМ

Әкім «2011 жылғы Шұбарши оқиғасының қайталанбауы үшін тиісті іс-шара жасап жатқанын» айтады. Орталық билік өзіне жүктеген тағы бір міндеті - «Шафиғи мәзһабын ұстанатын ауылдастарын дәстүрлі дінге үгіттеу». Қазақстан билігінің соңғы жылдары ортодоксалдық сүнниттік исламдағы төрт мәзһабтың бірі Ханафи мәзһабын «дәстүрлі дін» деп жариялап, ҚМДБ ұйымымен бірге барлық облыстарда осы доктринаны орнықтару талабы Шұбаршиде ерекше байқалады.

Шұбаршидегі полицейлерді өлтіріп кеткен жер. Ақтөбе облысы, 2011 жылдың жазы.
Шұбаршидегі полицейлерді өлтіріп кеткен жер. Ақтөбе облысы, 2011 жылдың жазы.

- Ондай оқиғалардың (2011 жылғы Шұбарши оқиғасы – ред.) алдын алу үшін біздерде кәдімгі арнайы жоспар бар. Соның бір бағыты – басқаша ағымда жүрген адамдарды Ханафи мазһабына қарай үгіттеу. Ақтөбеде «Аңсар» деп аталтын діни орталық бар. Сол жерден және республикаға танымал белгілі теологтарды шақырып, кездесулер ұйымдастырып отырмыз. Мамандар әр жұма сайын осында келіп, уағыз айтады. Солар арқылы ағарту жұмыстарымен айналысып отырмыз. Жұма намазына барамыз. Үй-үйді аралаймыз. Шұбаршидегі Ақ мешітке жұма сайын 70-80 адамға дейін жиналады, - деді Азамат Өсербаев.

Азаттық тілшісінің «Соңғы бес жылда Шұбаршиде не өзгерді?» деген сауалына ауыл әкімі мектеп, ауыл клубы мен әкімдік ғимартының жаңадан салынғанын, Мұнайшылар мен Геолог көшесіне тас жол төселіп, 7 шақырым жердегі Құмсайдан ауыз су құбырының тартылғанын тізіп өтті. Ал аты-жөнін атағысы келмеген шұбаршиліктер ауыз судың «түнге қарай ғана ағатынын» айтты. Ауыл әкімі Азамат Өсербаев су скважиналарын қайта-қайта құм басып қала беретінін растады. Әкім бұл олқылықтың орны тез арада толады деген сыңайда сөйледі.

«ҚЫСЫМ ЖАСАЛҒАСЫН ҚОЛДАРЫНА ҚАРУ АЛДЫ»

Кезінде «терроршы шабуылдаушы топтың діни орталығы» деп сипатталған Шұбаршидің атышулы Ақ мешіті әкімдік ғимаратымен іргелес. Азамат Өсербаевтың сөзіне қарағанда, кейіннен тағайындалған бас имам Дархан Өксікбаев ауыл әкімінен сұранып, қалаға кеткен. Есігі ашық тұрған мешіт ішінде 10-12 шамасындағы екі бала ойнап отырды.

Шұбарши ауылындағы мешіт. 23 маусым 2016 жыл.
Шұбарши ауылындағы мешіт. 23 маусым 2016 жыл.

- Менің есімім – Ислам. Жасым онда. Осыдан бес ай бұрын 21 жастағы ағам екеуміз намазға жығылдық. Маған Аллаға құлшылық еткен ұнайды, - дейді томпақ сары бала.

Ал оның досы «сен де намаз оқимысың?» деген сауалға басын изегені болмаса, сөйлесуге ыңғай танытпады.

Дін жолын ұстанатын шұбаршиліктердің сөзіне қарағанда, ауылдағы мұсылмандардың әр қадамы аңдулы. Соған қарамастан діни наным-сенімінен бас тартушылар жоқтың қасы. Шұбарши оқиғасынан кейін істі болып, 14 жылға бас бостандығынан айрылған Артық есімді жігіттің жұбайы Гүлмира соңғы бес жылда көрмеген құқайы жоқ екенін айтады.

- Ауылда жүр ме, жоқ па деп мені сыртымнан бақылап отырады. Егер ауылда жүрмейтін болсам, маған милиция телефон соғады да: «Сіз ауылда емессіз. Қайдасыз?» деп сұраған жағдайлар болды. «Сендер кететін болсаңдар біздерге айтып кетіңдер, хабарласып кетіңдер» дейді. Ондайда хабарласып та жүрдік. Мысалы, мен «Батыс Қазақстан облысында жазасын өтеп жатқан күйеуіме бара жатырмын», «ана жерден келе жатырмын», «бүйтіп келе жатырмын» деп есеп беремін. Оралға пойызбен мүлдем барғым келмейді. Қымбат та болса таксимен барамын. Өйткені, жол-жөнекей жұрттың затын ақтармаса да, менің затымды ақтарады, - дейді Гүлмира.

Төрт баланың анасы Гүлмира жұмыссыз. Оның сөзіне қарағанда, балаларының нәпақасын ауылдастарының үйін әктеп, сауда-саттық жасап тауып жүр.

Шұбарши оқиғасы кезінде екі ұлынан айрылған Шолпан Мұқанова. 2011 жылдың жазы.
Шұбарши оқиғасы кезінде екі ұлынан айрылған Шолпан Мұқанова. 2011 жылдың жазы.

Шұбарши оқиғасы кезінде екі ұлынан айрылған Шолпан Мұқанованың да тұрақты жұмысы жоқ. Шолпан «Мұсылмандар қанағат пен тәубаны біледі. Бірдеңеден таршылық көріп жатсам, браттар мен сестралар көмектеседі» дейді. Шолпан Мұқанова «брат», «сестра» деп дін ұстанатын ауылдастарын айтып отыр. Осыдан 11 жыл бұрын намазға жығылғанын айтқан Шолпанның екі ұлы Тоқтарбек Мамбетов (1984) пен Ақылбек Мамбетов (1986) Шұбарши оқиғасы кезінде күш құрылымдарымен атысып, қаза тапқан. Ағайынды Мамбетовтерден қалған үлкені 9 жастағы алты бала қазір нағашыларының қамқорлығында. Шолпан Мұқанованың үшінші перзенті Жанар жуырда тұрмыс құрып кеткен. Жанардың бірінші некесінен қалған ер бала қазір Шұбаршиде нағашы әжесі екеуі тұрып жатыр.

- Ауылда атыс басталған кезде мен Ақтөбенің іргесіндегі Тамды ауылындағы төркіндерімде жүр едім. Кіші ұлым Ақылбек телефон шалып «Анашым, біз Аллаһтың жолында кетіп барамыз. Не болса да діннен қайтпаймыз. Біліп-білмей істеген күнәларымызды кеш» деді. Сол соңғы рет сөйлескенім екен. Мен балаларымды «террорист» деп есептемеймін. Кезінде оларға қысым жасалды. Сондықтан қолдарына қару алды, - дейді Шолпан Мұқанова.

Шұбарши оқиғасы кезінде қаза тапқан Тоқтарбек Мәмбетов.
Шұбарши оқиғасы кезінде қаза тапқан Тоқтарбек Мәмбетов.

Бес жыл бұрын Ақтөбе облысының Темір ауданында болған қарулы топ пен полиция арасындағы қарулы қақтығыс 10 күнге созылған еді. Арнайы операция 2011 жылы маусымның 30-ы басталып, шілденің 29-ы аяқталған. Қақтығыстан қаза тапқан адамдардың жалпы саны – 18, оның алтауы – полицей, 12-сі – қарулы топ мүшелері. Билік арнайы жасақпен атыста қаза тапқан азаматтардың барлығын «дінді жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан топ» деп сипаттаған. Ал қаза тапқандардың туыстары діндар топтың қолына қару алғызған себептер ретінде «парақорлық», «әлеуметтік әділетсіздік» пен «жергілікті полицияның әлімжеттігі» сияқты факторларды атаған.

XS
SM
MD
LG