Accessibility links

Дағыстанда өлтірілген «ақтөбелік содыр» – Сәбитбай Аманов


Сәбитбай Амановтың туған үйі. Сазды, 23 мамыр 2011 жыл.
Сәбитбай Амановтың туған үйі. Сазды, 23 мамыр 2011 жыл.

Жихадшы идеолог Саид Бурятскийдің оң қолы деп жарияланған 27 жастағы Сәбитбай Амановты Ресейдің арнайы қызметі сәуір айында Дағыстанда өлтірді. Ақтөбенің тумасы Сәбитбай Амановты үй-іші і-түссіз кетті деп санаған еді.


Биыл 20 сәуірде Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) жүргізген операция нәтижесінде Махачкала түбіндегі Новый Хушет кентіндегі жеке үйлердің бірінде қазақтың жас жігіті Сәбитбай Аманов өлтірілді.

САИД БУРЯТСКИЙДІҢ КӨМЕКШІСІ

Ресейдің лаңкестікке қарсы ұлттық комитетінің хабарына қарағанда, ол өз еркімен берілуден бас тартып, Калашников автоматынан оқ жаудырғаннан кейін өлтірілген. Сәбитбай Аманов тұрған үйден автоматтан өзге тапанша, оқ пен «шәһид белбеуі» табылған.

– Ол Махачкала аумағында әрекет еткен Саид Бурятскиймен жақын байланысы бар қарақшылық топ жетекшілерінің бірі ретінде танылды, – деп мәлімдеді Ресей арнайы қызметінің өкілі Николай Синцов.

Арнайы қызмет өкілінің айтуына қарағанда 1983 жылы туған Сәбитбай Аманов Пәкістандағы содырлардың астыртын лагерьлерінің бірінде диверсиялық-лаңкестік дайындықтан өткен.

Сондай-ақ 2007 жылы Саид Бурятскийдің Ингушетиядағы жақын серіктестерінің бірі ретінде астыртын қарулы топтың мүшесі болған. 2008 жылы Дағыстанға өтіп, бірқатар астыртын ұйымдарда жас содырларды мина жару ісіне баулыған.

«Кавказский узел» интернет басылымының хабарына қарағанда 2010 жылы желтоқсанда «Махачкаланың әмірі» Магомед Шейхов өлгеннен кейін Сәбитбай махачкалалық содырлардың тізгінін өз қолына алған.

«ХАБАРСЫЗ КЕТТІ»

Сәбитбай Амановтың ата-аналары Ақтөбе қаласынан 18 шақырым жердегі Сазды кентінде тұрады. Мұндай шағын кенттер мамыр айында құлпырады, айналасын түгел гүл басып, ауылда бір де бір дарақ жоқтығын сездіре қоймайды. Алайда көп ұзамай-ақ күннің көзі даланы қуартып, қоңыр күзден бастап жауын жауғанда бұл кенттің неліктен Сазды деп аталғанын тез түсінуге болады.

Сәбитбай Аманов он балалы отбасынан шыққан. Олар бұл жерге осыдан он жыл бұрын Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының орталығы Ырғыз
Сәбитбай Аманов. Суреттің қашан, қайда түсірілгені белгісіз.

кентінен көшіп келген еді. Азаттық радиосының тілшілері арнайы барған сапарында Сәбитбайдың анасының қайғыны көтере алмай жатып қалғанын білді. Ал әкесі журналистермен сөйлесуден бас тартты.

Сәбитбай Амановтың әпкесі Динара Айтбаева бауырының 2009 жылдың шілдесінде аяқ астынан жоқ болып кеткенін, кешеге дейін еш хабар болмағанын айтып берді:

– Ешкімге ештеңе айтпастан, жер жұтқандай жоқ болды. Ұялы телефоны, заттары – түгел қалды. Үстінде не бар - сол киімімен кетті. Заттарын салған сөмкесі қалып қойыпты, алып үлгере алмаған сияқты. Бір жаққа қатты асығып кеткендей көрінді.

Оның сөзіне қарағанда, Сәбитбай Аманов өзімен-өзі жүрген тыныш бала болған, інілерін ойнатқанды жақсы көретін, ешкіммен ренжісіп, ұрсыспаған.

– Басқа жастар сияқты ол да мешітке барды, намаз оқыды, темекі шеккен жоқ, арақ ішпеді. Лаңкестік топқа қатысы барын, онда да Саид Бурятскийдің көмекшісі болғанын қайдан білейік,- деген Динара Айтбаева «Сәбитбайды әлдекім зорлықпен ұстап отыр ма» деп күдіктенгендерін айтады:

– Жоғалар алдында ол Ақтөбеде әпкесінің пәтерінде тұратын. Бір күні аяқ астынан жоқ болды. Біреулер зорлықпен ұстап отыр ма деп ойлап полицияға хабар бердік. Оның табылғанын бізге тек биыл сәуірде ғана хабарлады. Көрсеткен суреттерінен Сәбитбайды таныдық.

«ҮЛГІЛІ БАЛА, ЖАҚСЫ ОҚУШЫ»

Азаттық радиосының тілшісі Сәбитбай Амановтың Ақтөбе қаласындағы №36 мектепте оқығанын анықтады. Оның сынып жетекшісі Жексенғали Жылгелдин бұл оқиғаға көпке дейін сене алмады:

– Ол белсенді оқушылардың бірі ретінде мектептегі іс-шараларға қатысып жүрді. Жақсы оқыды. Жаман жағын көрген емеспін. Мінез-құлқында шәлкем-шалыс ешнәрсе болған жоқ, тіпті ұрсысып, төбелескенін де байқамаппын. Оған не болғанын түсінбедім. Әлі күнге дейін таңғаламын.

Сынып жетекшісі Жексенғали Жылгелдин мен марқұмның туған-
Оң жақ шеттегі үйде Сәбитбай Амановтың ата-анасы тұрады. Сазды, 23 мамыр 2011 ж.

туыстарының сөзіне қарағанда, Сәбитбай Аманов екі университет бітірген: бірі - Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті, екіншісі - халықаралық «Нұр» университеті. Соңғысы экономика мамандығы бойынша тәмамдаған. Екеуін де үздік аяқтаған.

Динара Айтбаеваның сөзіне қарағанда, бауыры қазақ және орыс тілдеріне қоса түрік, ағылшын, қытай және араб тілдерін жетік білген. Мұның қаншалықты рас екенін анықтай алмадық. Сәбитбай Аманов Ақтөбедегі мұнай компанияларының бірінде аудармашы, администратор және техникалық бөлімнің бастығы болып жұмыс істеген.

Динара Айтбаева «пәленің бәрі Сәбитбайдың Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі мешіт пен «Нұрдәулет» мешітіне баруынан басталды» деп біледі.

– Осы мешіттерге барғалы оның исламға деген көзқарасы өзгерді, – дейді Динара Айтбаева.

Сәбитбай Амановтың денесін туған-туыстары әлі күнге дейін ала алмай отыр. Олар марқұмның сүйегі Махачкаладағы мәйітханада жатқанын айтады.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ДАҒЫСТАН ФАКТОРЫ»

Орталық Азиядан шыққандардың Солтүстік Кавказдағы ұрыс қимылдарына қатысып жүргені туралы ақпарат бір бұл емес. «Ұсталғандар немесе өлтірілген содырлар Қазақстаннан шыққан» дейтін хабарлар жиілеп келеді.

Мәселен, өткен жылдың қазан айында Махачкалада өлтірілген, 1980 жылы туған Ерлан Юсупов Ақтау қаласының тұрғыны болып шықты. Ол да Сәбитбай Аманов секілді «өз еркімен берілуден бас тартып, арнайы қызмет адамдарына оқ жаудырғаннан кейін өлтірілді» деген ақпарат таратылды.

2009 жылы шілдеде Махачкала төңірегінен көздері жойылған бес
Сәбитбай Амановтың ата-анасы тұратын көше. Суретте олардың үйі ортада тұр. Сазды, 23 мамыр 2011 ж.

содырдың қалтасынан Қазақстан паспорты табылғанын көптеген ақпарат құралдары хабарлады.

Қазақ жігіттерінің Солтүстік Кавказдан бір-ақ шығуына Қазақстанға әсіре исламшыл идеолог Саид Бурятскийдің келіп-кетуі түрткі болды деседі. Оның сапарынан соң іле шала Ресеймен шектесетін Атырау және Ақтөбе облыстарында, күш құрылымдардың айтуына қарағанда, Кавказдағы соғысқа аттанған жас қазақ жігіттерінің жолына тосқауыл қойылған. Кейбір жастар «жиһадқа қатыспақ болып Солтүстік Каквказға жол тартқаны үшін» сотталды. Бірақ сотталушылардың өздері бұл айыпты жоққа шығарып келеді.

Азаттық радиосының тілшісіне 2008 жылы Саид Бурятскийдің Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Бестамақ кентіне келіп уағыз айтқаны мәлім болды. Сәбитбай Амановтың Саид Бурятскийдің қозғалысына осы жерден бастап қосылуы да ғажап емес. Саид Бурятскийдің идеялары мен уағыздарын CD, кітапша түрінде таратқаны үшін Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанда бірқатар жастар сотталды.

Қазақстандық сарапшылардың пікіріне қарағанда. Қазақстанның батыс өңірінде әсіре исламшыл көңіл-күйдің күрт өсу себебі «осы өңірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігінің төмендігіне» байланысты. Сонымен қатар «жергілікті тұрғындар негізінен Қазастанның батыс өңірінде өндірілетін мұнайды сатудан түсетін миллиардтаған доллар қаржының әділетсіз бөлінетініне наразы» деген де пікір бар.

Алайда кей сарапшылар Қазақстанның әлеуметтік тұрғыдан алғанда жағдайы біршама тәуір саналатын өңірлерінде де радикалды көңіл-күйдің өсіп келе жатқанын айтады.

Мамыр айының ортасында Қазақстандағы алғашқы жанкештілік жарылыс туралы ақпарат әлемді шарлап кетті. 17 мамырда Ақтөбе қаласында 25 жастағы жанкешті Рахымжан Махатов ҰҚК департаментінің ғимаратындағы жарылыстан өзі қаза болып, үш адамды жаралады.

Арада апта өтісімен Астанадағы ҰҚК ғимаратының жанындағы жарылыста екі адам өлді.

Қазақстан билігі екі жарылысты да лаңкестік акт санатына қоспай отыр. Бірақ билік шұғыл шаралар қолданып, 25 мамырда Астанада Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.
XS
SM
MD
LG