Accessibility links

Діндар топ мұқтаж мұсылмандарға үй салып жатыр


Жұмысшылар тобы мұқтаж мұсылмандарға арналған 4 пәтерлік үйдің қабырғасын көтеріп жатыр. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.

Жұмысшылар тобы мұқтаж мұсылмандарға арналған 4 пәтерлік үйдің қабырғасын көтеріп жатыр. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.

Ақтөбеліктер арасында «сауап жарыс» деген ұғым шықты. «Аллаһ ризашылығы үшін» деген бір топ жігіт қала іргесіндегі Ақшат ауылында мұсылмандарға арнап үй салып жатыр.

Ақтөбе қаласынан 11 шақырым жердегі Ақшат ауылы трассадан 2-3 шақырым жырақта тұр. Тас жолдан оңға қарай бөлініп шығатын қара жол ескі көпірге алып келеді. Көпірден өте бере алдыңнан шағын да, жұпыны ауыл шығады. Бұл ауылға жергілікті жұрт «новостройка» деп атайтын жаңа бөлігі ғана әр беріп тұр. Мұқтаж мұсылмандар үшін салынып жатқан 4 пәтерлік үй де осы тұста.
Жексенбі күні құрылыс басында 5-6 жігіт жүрді. Олардың бірі Нұржан Бесайдаров:

- Бұл үйдің іргетасының ұзындығын - 20, енін 12 метр етіп құйдық. Аллаһ нәсіп етсе, күз түскенше әрқайсысы 60 шаршы метр болатын 4 пәтерді тапсыруымыз керек. Бір шаңырақ астындағы екі пәтердің есігі солтүстікке, екеуі оңтүстікке қарайтын болады. Үй иелерінің ваннасын, басқа да жағдайларын жасап береміз, - деді.

Құрылыстың басы-қасында жүрген Бесайдаров өзінің «прораб» екенін айтты. Ал жанындағы жігіттердің бірі – «мұғалім», бірі – «мұнайшы», енді бірі «күзетші» болып шықты. «Бір күн демалыстарын Аллаһтың ризашылығы үшін осы құрылысқа арнаған» бұл кісілердің өзара көп сөйлеспейтіндері, жұмыстарын үнсіз жүріп істейтіндері байқалды.

«ДІН ДЕГЕН ТЕК НАМАЗ БЕН САҚАЛ ЕМЕС»

Төрт пәтерлік үйді «құрылысшылар» қамыстан салмақшы. Өздерінің айтуларынша, әуелі ағаштан қаңқасын тұрғызып алады. Олардың сөздерінше, «қамыс үй жазда салқын, қыста жылы. Әрі қамыс – экологиялық таза материал, шығыны да көп емес. Бірақ жұмысы ауырлау. Қол күшін көп қажет етеді».
Құрылыс басындағы жұмысшылар тобы. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.

Құрылыс басындағы жұмысшылар тобы. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.


Құрылыс басында бұрын пайдаланылған силикат кірпіш, ескі тақтай, құм үйіліп жатты. «Жигулиінің» жүк салғышы мен артқы орындығына тиеп, бірнеше қап құм жеткізіп берген жігітті «құрылысшылар» жете танымайтындарын айтты. Нұржан Бесайдаров шоқша сақалы бар жас жігіт туралы:

– Осы ауылдың тұрғыны. Біздің мұқтаж мұсылмандарға арнап үй сала бастағанымызды естіп, қолынан келген көмегін көрсетіп жатыр, – деді.

Бесайдаровтың айтуынша, үй «Аллаһтың ризашылығы үшін» салынып жатыр.

- Біз рияны, яғни «показуханы» жаратпаймыз. «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген сөз бар емес пе? Мысалы мына 10 сотық жер учаскесі - дін жолында жүрген бір азаматтың сыйы. Бірақ құрылыстың басында жүрген жігіттердің бірде-біреуі оның аты-жөнін де, телефон нөмірін де білмейміз. Оның бізге де, оған да қажеті шамалы, - деді жүзін күн қақтаған құрлысшы жігіт.

«Менің де есімім – Нұржан» деген ақсары азамат мұнайшы киімін киіп алыпты. Ол «Жаңажол кенішіндегі мұнай компаниясында 12 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын» айтты.
Жұмысшылар тобы мұқтаж мұсылмандарға арналған 4 пәтерлік үйдің қабырғасын көтеріп жатыр. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.

Жұмысшылар тобы мұқтаж мұсылмандарға арналған 4 пәтерлік үйдің қабырғасын көтеріп жатыр. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.


- Айлық табысымның 20-30 пайызын садақаға жұмсаймын. Тек мен емес, мен танитын мұсылман бауырлардың көпшілігі отбасынан артылғанын садақа етеді. Мұқтаж мұсылмандарға арналған мына үй сол қаржыға салынып жатыр. Дін деген намаз оқып, сақал өсіру ғана емес. Дін деген – ауызбіршілік, - деді фамилиясын атамауды жөн көрген «мұнайшы».

Сол маңда үйіліп жатқан құрылыс материалдарының жаңасы да, қымбаты да 7 текше метр тақтай. «Мұнайшы» Нұржанның айтуынша, «оны базарда құрылыс материалдарын сататын діндар жігіттер жарты ақысына берген».

- 400 мыңның тақтайы 200 мың теңгеге келді. Осының бәрі - Аллаһтың берген ризығы. АльхамдулиллаҺ, - деп қуанып тұрды ол.

«ОРАЗАҒА ДЕЙІН ТӨБЕСІН ЖАПСАҚ»

Оның сөзіне қарағанда, «жергілікті мешіттердің имамдары бұл құрылыстың жайынан хабардар».

– Біз арақ сатып жатқан жоқпыз. Есірткі де сатып жатқанымыз жоқ. Оның несін жасырамыз? Ұзынқұлақтан атыраулық бауырларымыз да мұқтаж мұсылмандарға арнап құрылыс бастапты дегенді естіп қуанып қалдық. Оразаға дейін мына үйдің қабырғасын тұрғызып, төбесін жауып алсақ жақсы болар еді. Бізден де басқа мұсылман бауырлар қол қусырып отырған жоқ. 5-6 жігіт қамыс буып жатыр. Біреулерге осы 4 пәтердің терезесін жасау тапсырылды. Енді біреулер біз жұмыста болған кезде құрылыс басына келеді, - деді өзін «мұнайшы» атаған жігіт.

Ақшатқа түс ауа келген жігіт «Асланбек Меркашевпін» деп танысты. Асланбектің айтуынша, «жергілікті мұсылмандар арасында сауап жарыстың басталғанына 2-3 жыл болған». Ол «Ақтөбенің маңында тап осындай тағы 2 үй салынып жатқанын» айтты. Ал күзге салым құрылыс аяқталар болса, Ақшаттағы 4 пәтерге қоныстанатындардың аты-жөндері де осы бастан белгілі. Меркашевтің сөзіне қарағанда, «Олардың ешқайсысының жеке баспанасы жоқ. Көптен бері пәтер жалдап жүр».
Асланбек Меркашев құрылыс басында. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.

Асланбек Меркашев құрылыс басында. Ақшат ауылы, 14 сәуір 2013 жыл.


- Ер-азаматтары жоқ, балалы-шағалы әйелдер. Бірінің ері сотталып кеткен. Енді бірінікі қайтыс болған. Тағы бірі - талақ етілген әйел. Араларында 2 дипломы бар әйелдер де кездеседі. Бірақ олар орамал таққандықтан ғана жұмыссыз жүр. Мен де жұмыстан намаз оқығаным үшін қуылған болатынмын. Сондықтан бауырларымды жақсы түсінемін. Олардың ас-суы мен пәтерақысын, балаларының оқу құралдары мен балабақша төлемін мұсылман бауырлар бірлесе көтеріп келеміз. Ол үшін айына 200 мың теңге жұмсалады. Мына құрылыс аяқталса, өзге де мұқтаж мұсылмандарға көмек беретіндей мүмкіндік туар еді, - деді Асланбек Меркашев.

«БӘРІНЕ БІРДЕЙ КӨМЕК ҚЫЛУ МҮМКІН ЕМЕС»

Меркашев та, Бесайдаров та, құрылыс басындағы басқа жігіттер де болашақ пәтер иелерінің аты-жөндерін, телефондарын сұрағанда «сестралардың келісімінсіз бере алмаймыз» деген уәж айтты.

Ақтөбеде ислам дінін тұтынатын тұрғындардың бір-біріне көмек беруі бұған дейін де байқалып жүрді. Мәселен 2011 жылы мамырдың 17-сі күні ҰҚК-нің Ақтөбе облыстық департаменті ғимаратында өзін-өзі жарып жіберген Рақымжан Мақатовтың жесірі Мейрамгүл Сатаева Ақшатпен іргелес Кірпішті ауылында тұрып жатқандығын айтқан еді.

– Бұл үйдің иесі – Орынтай ахи (ахи – «аға» деген сөздің арабшасы – ред.). Туыстығымыз жоқ. Бірақ әйелі де, өзі де – дін жолын ұстанатын мұсылман бауырымыз, – деген Мейрамгүл бос тұрған үйін паналатқан отбасының пәтерақы алмайтынын айтқан еді.

Азаттық тілшісі «жанкешті Рақымжан Мақатовтың сыбайласы болды» деген айыппен 17 жылға сотталған Есет Мақуовтың отбасына хабарласқан болатын. Өзін телефоннан «Есеттің әйелімін» деп таныстырған келіншек «енді ғана ес жия бастағанын» айтты. Ол салынып жатқан пәтерден хабарсыз екен. «Алты баламның мұқтаждық көрмей отырғаны Аллаһ пен ата-анамның арқасы» деген ол өзін «енді қайтып мазаламауды» өтінді.

Ал Асланбек Меркашев:

- Мұқтаж мұсылмандардың барлығына бірдей жағдай жасай алмай отырғанымыз рас, Өйткені соңғы жылдары біреу емес, екеу емес, 300-ден астам мұсылман жігіт сотталып кетті. Олардың әрқайсысының артында ата-анасы, бала-шағасы бар. Қазір мұсылмандар құқығы кез-келген жерде бұзылып жатыр. Дінге бет бұрған 5 жыл аралығында өзімнің де көрмеген құқайым жоқ, біз «аһли сунна уәл жамағаттанбыз, - деді.

«ЖАЛҚАУЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ»

Мемлекет қолдауындағы ресми «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты діни бірлестіктің Ақтөбе облысына тағайындаған бас имамы Әбдімүтәліп Дәуренбековтің айтуынша, «аһли сунна - исламдағы 4 мәзхабтың басын біріктіру жолындағы ілім».

- Ал, жігіттердің жамағатпыз деп бөлінгендерін мен жөн көрмеймін. Мұқтаж мұсылмандарға үй салып жатқан жігіттер құрбан айттың кезінде мешітке келіп, ет алып кететін. Бірақ «сауап жарыстарынан» хабарым жоқ. Құрылыстан да хабарсызбын, - деді ол.

- Жалпы ислам сауапты іс жасауды құптайды. Бірақ оның өз тәртібі бар. Пайғамбармызға бір кісі садақа сұрап келген екен. Пайғамбар Мұхамбет ғалейһиуәссәләм оның қолына еңбек ет деп балта ұстатыпты. Яғни ислам ең алдымен адамды еңбекке баулуды құптайды. Мұсылманға мұқтаж екенсің деп күнделікті ас-суынан артық нәрсе беру – сауапты іс емес. Керісінше жалқаулыққа тәрбиелеу. Сондықтан мұндай нәрселерді діни мекемелермен ақылдасып жасаған жөн, - деді Әбдімүтәліп Дәуренбеков.

2011 жылы Ақтөбе қаласы мен Темір ауданында іркес-тіркес болған Рақымжан Мақатовтың жанкешті әрекеті мен Шұбарши оқиғасынан кейін ресми билік органдары «Ақтөбе облысына жайылған діни экстремизм» туралы жиі айтатын болды. 2011 жылғы шілде айында Шұбарши ауылында діндар топ пен полиция арасында туған атыс кезінде 17 адамның (5-еуі – полицей) оққа ұшқаны хабарланған еді. Іле-шала облыс бойынша жүздеген адам «радикалдық Ислам ұстанушылары» деген желеумен түрмеге жабылды. Былтырғы қараша айында Ақтөбеде дін істері агенттігі өткізген «діни ахуал туралы» жиында облыстық ІІД-нің өкілі «қала түрмелерінде радикалдық ислам ұстанатын 300 адам отыр» деп мәлімдеген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG