Accessibility links

Биыл мамыр айының ортасына облыстық телеарна тілшісінің сұрағына жауап берген Ақтөбе облысы Шалқар ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлім бастығы Аян Қорқытұлы біраз күн әлеуметтік желінің күлкілі кейіпкеріне айналды.

Ойдым-ойдым жолды, қираған көлікті көрсеткен тілші Аян Қорқытұлынан «Жолды неге жөндемейсіздер?» деп сұрайды. Былтыр бірнеше көшені жөндеуге ақша бөлінгенін айтқан шенеунік «бірақ биыл ол қаржыны қайтып алып кетті» деп ағынан жарылады.

Жауап анық, мәселе түсінікті еді сонымен. Өйткені жол жөндеуге аудандық бюджеттің шамасы жетпейді, ақша облыстық не республикалық бюджеттен бөлінеді. Яғни әуелде ақша бөлінген, бірақ кейін алып қойған. Неге қайтарып алғанын аудандық деңгейдегі шенеунік бәрібір түсіндіре алмас еді.

Бірақ шенеунік онымен тоқтамай, «егер ақша болса, мұрынбоғын шашыратып жолды жасайтынын» айтып салды. Онымен қоймай, «Қысқасы, ақша жоқ десей, басыңды ауыртпа... Әңгіме – бұзау, бұзау – таяқ» деп тілшіге жөн сілтеді. «Шалқар чики-чики ғой» деп тағы қосты.

Мына сөзді естіген әлеуметтік желі оқырмандары «Не деген көргенсіздік? Не деген мәдениетсіздік? Шенеунік осылай десе, басқамыз не боламыз?» деп шалқадан түсті. Күлкіден «құлағандар» да болды. Республикалық телеарналар іліп әкетіп, облыстық тәртіптік кеңестің бастығынан «Аян Қорқытұлының бұл сөзіне не дейсіз?» деп сұрап та үлгерді. Тәртіптік кеңес төрағасы шенеуніктердің арасында сирек кездесетін мұндай «бейбастақтықты» тәртіптік жазаға тартатынын құлшына мәлімдеді.

Өз басым күлмедім. Екі нәрсеге таңырқағаным рас. Бірінші, шенеуніктің нақты жауабына таң қалдым. «Чики-чикиі» артықтау шығар, бірақ тоқетерін айтқаны рас. «Құдай қаласа, 2017 жылғы жоспарға енгізіп отырмыз. Әні-міні дегенше ол уақыт та кеп қалады. Елбасымыздың тапсырмасын мүлтіксіз жүзеге асыруға кірісіп жатырмыз» десе, құда да, құдағи да тыныш еді. Ешкім күлмейді. Артық сұрақ қоймайды. Екінші, облыстық тәртіптік кеңеске таңғалдым. Не көп – баспасөзге жауап бермеген, хат жазсаң да жауап қайырмайтын шенеунік көп. Бірақ ондай шенеуніктер жауапқа тартылыпты дегенді естімеппін. Журналистке жауап беріп отырып оғаш сөйлеген шенеуніктің жазаға тартылатынын да бірінші рет естідім.

Бүгін Ақтөбе облыстық тәртіптік кеңес хатшысы Жақсылық Үмбетәлиевпен сөйлестім.

– Это нарушение кодекса чести. Госслужащие при публичной выступлении должны выражаться в корректной форме. А он (Аян Қорқытұлын айтады - ред.) «басын ауыртпа, сосын че там... «мұрынбоқтың»... Это че, так говорил так же? И это «чики-чики», жестикуляция пальцами.. Получается, он дискредитирует государственную службу, – деді Жақсылық Үмбетәлиев.

Облыстық тәртіптік кеңеске қызметтік түсініктеме берген Аян Қорқытұлын іздеп Шалқарға да хабарластым. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, «Аян Қорқытұлы демалысқа кеткен. Қашан келетіні белгісіз. Ұялы телефонын білмейді, білсе де бере алмайды».

Аян Қорқытұлы енді қайта журналистке жауап берместей болғанын ішім сезеді.

Күнделікті жұмыс бойынша шенеуніктерге жиі звондаймыз. Жауап беретіндері некен-саяқ. Былтыр Байқоңырда «Протон» құлағанда сол төңіректегі аудандардың бірінің әкіміне звондағанмын. «Протоннан» төгілген гептил жергілікті халықтың шаруашылығына әсер етіп жатқан жоқ па?» деген қарапайым сауал қоймақ едім. Тұтқаны әдеттегідей хатшы қыз алып:

– Әкім өзінде, бірақ сізбен сөйлесе ме, жоқ па – өзінен сұрайын әуелі, – деді. Тұтқаны қоймай күтіп отырдым: – Әкім жоқ, – деп қайтып келді.

– Қарындас, жаңа ғана «әкім бар» дедіңіз ғой. Енді аяқ астынан жоқ боп кетті ме? – деймін ғой сосын.

Ойламаған жерде өтірік айтуына тура келген хатшы қыз:

– Иә, жоқ боп кетті, – деді амалсыз.

«Жоқ боп кететін» шенеуніктер өте көп. Күн сайын «жоғалтамыз». Меніңше, «жұмыс істейтін» шенеуніктерді жазаға тартқанша, «жоқ боп кететін» шенеуніктерді жазаға тартса әлдеқайда жақсы болар еді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG