Accessibility links

Полицейлер қазасынан кейін Темір ауданы майдан болғандай көрінеді


Жауап алуға қамалғандардың туыстары полиция бөлімшесіне келіп тұр. Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылы. 1 шілде 2011 жыл.

Жауап алуға қамалғандардың туыстары полиция бөлімшесіне келіп тұр. Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылы. 1 шілде 2011 жыл.

Шілденің 1-іне ауған түні Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылындағы атыста екі полиция қызметкері қаза тапты. Оқиға орнында оқ атқандарды қолға түсіру үшін ауқымды шара басталды. Оқ атқан, «уаххабит» делінетіндердің туыстары тергеуге алынды.


Биыл 17 мамыр күні Ақтөбе қаласында жанкештінің өзін-өзі жарып жібергені белгілі. Сол оқиғаның ыстық-суығы бaсылмай жатып, Ақтөбеде полиция қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Екі оқиғада да Қазақстанда теория жүзінде «радикалды исламистер» делінетіндердің ізі» турасында айтылып жатыр.

Шұбарши ауылында шілденің 1-іне ауған түні белгісіздердің қолынан полиция қызметкерлері: 30 жастағы Нұрлан Алпысбай мен 39 жастағы Айдос Боранбаев қаза тапты. Оқ атқандарды ұстауға тікұшақ пен бронотехника тартылды. Ауқымды операция басталды. Шұбарши тұрғындарының айтуынша, шабуылдаушылар Құмсай шатқалына бекінген. Онда кәдімгідей ұрыс болғанға ұқсайды. Бірақ әзірге ешқандай ресми мәлімет берілген жоқ.
Шабуылдаушыларды ұстау кезіндегі тікұшақ. Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылы. 1 шілде 2011 жыл.

Шұбаршиде соңғы жылдары билікке жақын Мұсылмандардың діни басқармасы құзыретін мойындамайтын консервативті ағымдағылар көбейе бастаған еді. Олар ресми тіркелген мешіттерге бармайды, исламдық дәстүрді Қазақстанда бұрын белгісіз болған шеңберде ұстанады. Жеке үйлерге жиналатын олардың киінуі де басқаша.

Бұл мұнайлы өңірде жергілікті халық кедей тұрады. Әлеуметтік жік өсіп келеді. Мұнда аталмыш діни азшылық топтың жақтаушылары баршылық. Тіпті кейбіреулері оған құрметпен қарайды. Көптеген тұрғындар осы «уаххабит» аталатын топтан туысқан тауып отыр.

Полицейлердің өлімі туралы туралы хабар тарап, кейбіреулер сол атысты естігендерін айтып жатқанда, қудалауға түскен «уаххабиттердің» кек қайтаруы турасында сөз шықты. Шағын мұсылман қауымдастығының жетекшісі, осы өңірдің тумасы, ел ішінде белгілі Азамат Кәрімбаев 2009 жылы Арқалық түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза тапты. Тұрғындардың кейбірі мұнайлы Кавказдағыдай «жихад» жайлы айта бастаған.

Ақтөбеден оқиға орнына барған журналистердің арасында Азаттық тілшісі де бар еді. Тілшілердің ресми тұлғалардан мәлімет алуға тырысқанынан ештеңе өнбеді. Шілденің 2-сі күні Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов «Әзірге ақпарат жоқ. Ресми мәлімет күн соңына қарай болатын шығар, мен білмеймін. Әкімдерге қоңырау шалып сөйлесе алмай отырмын. Барлық әкім Шұбаршиден сыртқа кетіп қалған»,-деді.

Азаттық тілшісі оқиға орнына барған күні Темір ауданындағы ахуал майдан кешіп жатқандай әсерде қалдырды. Басшылардың барлығы қым-қуыт шапқылап жүрді. Полицейлер мен қарапайым киінген қолдарында рация мен ұялы телефон ұстаған адамдарда тыным болған жоқ. Жолдары нашар ауылда келесі күні келген көліктердің көптігінен жүру қиын болды. Азаттық тілшісі бронотехниканы да байқап қалды.

Оқиға Шұбаршиде болғанымен көптеген жергілікті тұрғындарды көрші Кеңқияқ ауылындағы полиция бөлімшесіне әкетіп жатты. Олардың соңынан туыстары да келді. Оқиғаға қатысты бірдеңе біледі дегендердің туыстары тергеуге алынды. Алайда белгісіз арпалыстан хаос сезіліп тұрды. Тұрғындардың айтуынша, полиция бөлімшесіне бір аяғы ауыр әйел мен омыраудағы баласы бар әйел де әкелінген.

Ресми мәліметтерден Азаттық тілшісіне белгілі болғаны Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиевтің айтқаны ғана болды. Ол 30 маусымнан 1 шілдеге ауған түні полицейлер мінген УАЗ көлігі нысанаға алынғанын, одан екі полиция қызметкерінің қаза тапқанын айтты.
Шабуылдаушыларды ұстау кезіндегі Кеңқияқ ауылының көрінісі. Ақтөбе облысы. 1 шілде 2011 жыл.

- Түнгі сағат он екілердің шамасында полиция пунктіне «Мицубиси Делика» көлігімен келген адамдар полицейлердің қызмет көлігін атқылады. Салдарынан Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев қаза тапты. Қазір «екі және одан көп адамдардың өлімі» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды,- деді Алмат Иманғалиев.

Мұндай құрғақ тіркесте көп мәлімет болмайды. Шұбаршидегі жағдайға қарасақ, басқа да түрлі мәліметтер мен түрлі ықтимал себептер жайлы аз айтылмайды. Бірақ мұның бәрі бейресми мәлімет болғандықтан төркіні анықталмай жатады.

Аты-жөнін атамауды өтінген Шұбарши тұрғыны түнде атыс дауысын анық естігенін айтады.

- Сағат түнгі 11-12 шамасында бір-бірлеп оқ атылды. Қаңғыған иттерді атып жатқан болар деп ойладым. Мен өзім діндар емеспін, бірақ ауылда «сақалдылар» көп. Полицейлерді атқан солар дейді ғой. Әйтпесе, былайынша бізде тыныштық,- деді жас жігіт.

Азаттық тілшісі тура оқ атылған жерді көргенде, көлік әйнегінің сынықтары мен құммен көмілген қан іздерін көрді. Тілші не болғанын сұрағанда, сол маңда жүрген балалар «уаххабиттер полицейлерді өлтіріп кетті» деп жамырай жауап берді.

Шұбарши, Саркөл және Кеңқияқ ауылдарының кей тұрғындары аяғы ауыр, немесе омыраудағы баласына қарамастан намаз оқитын әйелдерді полиция бөлімшесіне әкетіліп жатқанын айтып, шағынды.

- Таяуда ғана босанған қызым Ботакөзді таңғы төртте ұстап әкетті. Маусымның 20-сында оған кесар операциясы жасалған еді. Күдікті - күйеуі Ақылбек Мәмбетов. Нәрестеге небәрі бірнеше апта болған. Дүйсенбіде ақ қан ауруына шалдыққан оны дәрігерге апару керек еді. Әйелі күйеуі Ақылбек Мәмбетовтің істегеніне жауап бере ме екен? Намаз оқуға рұқсат бергенінде қандай қылмыс бар екен? Таң атқалы «босатады» деп жатыр. Азық түлік алмайды, - дейді Бауыржан Маратов.

Кеңқияқ тұрғыны Ардақ Құбашева шілденің 1-i күні түнде әупірімдеп жүріп полицейлерден баланы емізуге рұқсат алды.

- Күні бойы қамаудағы Ботакөздің туыстары оны босату жөнінде сөйлесті. Тек кешке ғана біздің дегенімізбен әйел-полицей жылаған нәрестені емізуге бергізді. Мен полиция бөлімшесіне жақын тұрамын. Нәресте Фатиманы жуындырып, «Малюткамен» қоректендіріп, қайта алып келдім. Әйел құқығы, сонда да болса, омырауда баласы бар әйелдердің құқығы аяқасты болмауы тиіс,- дейді Ардақ Құбашева.

- Бүгін кешке үйлену тойы болуы керек еді. Көшеге палатка да тігіп қойған. Таңертең полицейлер келіп, сақалы бар деп ұлымды алып кетті. Ол көзілдірік киетін, жанары әлсіз еді. Не болып жатқанын білмейміз,- дейді ауыл тұрғынының бірі Зәуреш Қаратаева шілденің 1-і күні Азаттық тілшісіне.

Аяғы ауыр жас келіншек Арай Рысқұлова да бірнеше сағат осы бөлімшеде болып шықты. Оның күйеуі 23 жастағы Айбек Жұмағазин де мұсылмандардың айтылмыш тобынан болып шықты.
Шұбарши ауылының тұрғыны Айман Жұмағазина жауап алу үшін қамалған полиция бөлімшесі ауласында отыр. Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылы. 1 шілде 2011 жыл.

- Ұлым Жұбанов атындағы университеттің дипломын алуы керек еді. Ол сырттай оқитын. Таңертең келінімізді алып кетті. Арайдың аяғы ауырлағалы төрт ай болды. Не болып жатқанын түсінбеймін,- деді Айбектің анасы Айман Жұмағазина.

Ауыл тұрғыны Арыстанбек Қазбағамбетов болса, мұсылмандық жолында жүрген отыздай адамның полиция бөлімшесіне апарылғанын айтады.

- Үлкен ағам Асламбек Қазбағамбетовті алып кетті. Мен және мына әйел полиция бөлімшесінде аяқ қолдары скотчпен байланған, кейбіреулерінің басына қоқыс салатын полиэтилен қап кигізілген адамдарды көріп қалдық. Ұсталғандардың біреуін ауруханаға алып кетті. Ағам анам қайтыс болған соңғы үш-төрт айдың ішінде нaмаз оқи бастаған еді,- дейді ол.

Саркөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Иманғали Сабыр полицейлерді атып кеткен түнгі сағат төртте үйіне 20 шақты полицей келіп, немересін алып кеткенін жеткізді. Ауылда жағдайдың нашар екенін айтқан ол биліктің одан да мұнайлы өңірдегі халықтың денсаулығыа қамқорлық жасауы жөн екеніне тоқталды.

- Жерде, көкте, суда да мұнай! Өткенде мұнай өнімі ағып кетті. Экологтар бәрі де қалыпты деді. Ал адамдар естен танып, тыныс ала алмай жатты. Құрамында мұнайы бар сумен суғарған соң, қызанақ та ащы,- деді ол.

Қаза тапқан полиция қызметкерлері де осы ауамен тыныстаған еді. Шұбаршиде де барлық ауылдағыдай бәрі бір-бірін жақсы таниды. Марқұм болған полиция қызметкері Айдос Боранбаевтың жұбайы Бибігүл Түкбаева оның сағат 11 шамасында кезекшіліктен шыққанын айтты.

- Түнімен ұялы телефонына соқтым. Жауап бермеді. Алаңдай бастадым. Таңертең тоғыз жарымда полициядан келгендер болған жайды естіртті. Мен әлі ол жоқ дегенге сенбеймін,- деді ол.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы Айдос Боранбаев Ақтөбедегі заң колледжінде, «Күзет» қызметінде, екі жыл көрші Кеңқияқ ауылында жұмыс істепті. Соңында 13 және 15 жастағы қызы қалды.

- Күйеуім аға сержант болатын. Оны басқа жұмысқа ауыстырған еді. Буынып- түйініп көшкелі отыр едік қой,- деп жылады Бибігүл.
Полиция қызметкерлерін осы жерде атып кетті. Ақтөбе облысы, Шұбарши ауылы. 1 шілде 2011 жыл.

Екінші қаза тапқан полиция қызметкері, сержант Нұрлан Алпысбайдың жасы - отызда. Шалқар ауданының тумасы. Үйленген, артында екі баласы қалды.

1 шілде күні кешке қарай Шұбаршиден бірнеше ондаған шақырым жердегі Құмсай шатқалында шабуылдаушылардың ауыздықталғаны жайында айтылып жатты. Ұрыс болғаны жайында да сөз тарады. Құрбансыз болмағанға ұқсайды. Бұл турасында Азаттық тілшісіне ресми мәлімет алудың сәті түспеді.

Шілденің 1-інде түн ортасында Шұбаршиге БТР-лар, әскери көліктер келіп, қызмет овчаркалары үріп, полиция көліктері дабыл қағып жатты. Қойылған бекеттерде оқ өткізбейтін киім киген полиция қызметкерлері құжат тексерумен болды. Олар жүргізушілерге жолда қол көтергендерді мінгізбеуін ескертті.

P.S. Шілденің 2-сі күні кешке Шұбарши ауылының тұрғындары Азаттық тілшісіне Құмсай шатқалына жақын Қостан орманына барғанда әлі атыс жүріп жатқанын айтты. Брон құрсанған және сарбаздар мінген көліктерді көргендер бар. Жергілікті тұрғындарды осы оқиға орнына жібермей жатыр. Азаттық тілшісіне байланысқа шыққандар полиция бөлімшесіне қамалғандардың барлығы ендігі босатылғанын айтты. Бірақ бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ. Демалыс күніне орай ресми мекемелердің телефондары жауап бермей жатты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG