Accessibility links

Ақтөбені айтқан Назарбаев "өлім жазасын" да сөз етті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақтөбедегі 20 шақты адам мерт болған шабуыл жайлы 3 күннен соң мәлімдеме жасаған Қазақстан президенті "түсті революцияларды" да айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдарды "шетелден нұсқау алған жалған діни ағым өкілдері" жасағанын хабарлады.

- Дерекке қарағанда, террористік актіні радикал жалған діни ағым өкілдері ұйымдастырған, олар нұсқауды шетелден алған, - дейді Қазақстан президенті 8 маусым күні жарияланған мәлімдемесінде.

Президент Назарбаев "кез-келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыру керек" екенін сөз етті.

- Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет, - дейді ол.

Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылы мораторий жарияланған.

Қазақстан президенті Ақтөбедегі шабуылға қатысты сөзінде "елдікке сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесу" жайлы, "әлемдік дағдарыстан өту үшін ел тыныштығын сақтау" туралы да айтты.

- Ел ішіне бүлік салудың, "түсті революциялардың" талайын басқа елдерден көріп, біліп отырмыз. Ол лаңкестік әрекеттерден, көшеге шығып шулаудан басталады. Одан конституцияға қарсы шығады да, аяғында мемлекет күйреп, халық аш-жалаңаш қалады. Мұның бәрін біз көріп, біліп, байқап отырмыз, - деді ол.

Президент Назарбаев мәлімдемесінің орыс тілінде айтылған бөлігінде "түрлі-түсті революция" жайлы ойын одан әрі тарқатқан.

- Біз "түрлі-түсті революция" дегендердің түрлі әдістері барын және олар ойдан шығарылған митинг, кісі өлімі, билікті басып алудан басталатынын білеміз. Бұл белгілер бізде де көрінді, - дейді Назарбаев.

Оның сөзінше, мұндай төңкерістер болған елдерде қазір "мемлекет те, тұрақтылық та жоқ".

- Онда кедейлік пен қарақшылық жайлаған, экстремистер мен террористердің пайда болуына жағдай жасалған. Ол елдердің экономикасы ондаған жылдарға кері кеткен, - дейді Назарбаев.

Президент Назарбаев Ақтөбеде 5 маусымдағы шабуылдарда қаза тапқан бейбіт тұрғындардың туыстарына көңіл айтып, 9 маусымды Қазақстан бойынша аза тұту күні деп жариялады.

Өткен жексенбіде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 21 адам мерт болды. Олардың 13-і - шабуыл жасады деген күдіктілер, 8-і - бейбіт тұрғын. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жеті күдіктіге іздеу жариялап, бүгін оның біреуі ұсталғанын хабарлаған.

Қазақстан билігі шабуыл жасағандар "радикалдық діни топ жақтастары" деп мәлімдеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG