Accessibility links

«Ресейде теракт жасауға шақырған» адам сотталды


Алмас Әбдіраев (сол жақта) сотта тұр. Ақтөбе, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Алмас Әбдіраев (сол жақта) сотта тұр. Ақтөбе, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Ақтөбе соты Хромтау ауданының тұрғынын 4 жыл 8 айға соттады. Тергеу дерегінше, ол Ресейдің Сириядағы әрекетіне наразы болған.

Қыркүйектің 2-сі күні Ақтөбедегі қалалық 2-сотының судьясы Теміржан Алданов осы облыстағы Хромтау қаласының тұрғыны, 34 жастағы Алмас Әбдіраевты «теракт жасауға шақырғаны үшін» 4 жыл 8 айға соттауға үкім етті.

Судья Теміржан Алдановтың айтуынша, Алмас Әбдіраев 2011 жылдан бастап дін ұстанып, намаз оқи бастаған. Кейін Ақтөбедегі «Нұрғасыр» мешітінде екі айлық курста діни сауаттылығын арттырған. 2015 жылдың күзінде «В контакте» әлеуметтік желісіне «Әли Баталов» деген никпен тіркелген Алмас Әбдіраев онда «Олег Ивановпен» «достасып», экстремистік бағыттағы насихатын тыңдаған. Сот мәліметінше, Алмас Әбдіраев «Дарын Мұбаров, Арман Қуанышбаев пен Саид Бурятскийдің интернеттегі уағыздарын көп тыңдап, діни көзқарасын күрт өзгерткен».

– «Олег Иванов» Алмас Әбдіраевқа «қасыңа сенімді браттарды жина, оларға дауғат айт, кәпірлерге қарсы жиһад жасаңдар, Ресейге бірнеше адам болып барған жөн» деп кеңес берген. Осы уағыздардан соң Алмас Әбдіраевтың Сириядағы қақтығыстарға деген қызығушылығы арта бастайды. Ресей мемлекетінің Сириядағы әскери операцияларына ызаланып, көршілес елде теракт жасамақ болған. Ол үшін Қазақстан аумағынан заңсыз жолдармен шығып, Ресейдің Орынбор қаласына барып та келген, – дейді судья Теміржан Алданов.

Ақтөбе қалалық соты. 2 қыркүйек 2016 жыл.

Ақтөбе қалалық соты. 2 қыркүйек 2016 жыл.

Тергеу материалдарына қарағанда, Орынбордан оралған Алмас Әбдіраев 2015 жылы наурыз айында дін жолын ұстанатын ауылдастары Наурыз Әбиев пен Нұрсұлтан Сәрсенбаевты «жиһадқа баруға» үгіттей бастаған.

– Алмас Әбдіраев өз жоспарын Нұрсұлтан Сәрсенбаевқа айтып, оның қару табуға көмектесуін өтінген, ақшалай көмек көрсетуін сұраған. «Сириядағы мұсылмандарды өлтіріп жатқан» Ресейге барып, көшедегі патрульдың қаруын тартып алуды жоспарлаған. Милиция қызметкерлерін өлтіріп, содан соң Орынбордың түнгі клубындағы «кәпірлерді» қырып салмақ болған, – дейді судья.

Судья Теміржан Алданов Алмас Әбдіраевтың бұл қылмысына айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелген, 2016 жылы наурыз айының 6 мен 13 және 18-і күндері таспаға түсірілген, сарапшылар «ондағы дауыс – Алмас Әбдіраевтыкі» деп таныған үш аудиожазбаны айтты.

Алмас Әбдіраев сотта өзіне тағылған айыпты толықтай мойындады. Судья сотталушының «істеген ісіне өкініп отырғанын, оны жақсы танитын азаматтар берген мінездемені ескергенін» айтып, Әбдіраевты 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. «Әбдіраевтың түзелуі қоғамнан оқшауланғанда ғана мүмкін» деген судья оның жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге, мүлкін тәркілеуге үкім етті.

Үкім оқылып біткен соң Азаттық тілшісі Алмас Әбдіраевтың адвокаты Раушан Таджимованың пікірін білмек болған еді. Бірақ адвокат комментарий беруден бас тартты. Сотталушының туыстары да тілшілермен сөйлесуге ыңғай танытқан жоқ.

Хромтау қаласының тұрғыны Алмас Әбдіраев биыл 27 мамыр күні сот санкциясымен қамалған. Тергеу оған қылмыстық кодестің 256-бабы 1-бөлімі («терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру») бойынша айып таққан.

Бүгін Алмас Әбдіраевқа жаза кескен Ақтөбе қалалық 2-соты жуықта «терроризм» айыбымен тағы үш адамға үкім шығарған еді. Тамыздың 11-інде Шалқар қаласының үш тұрғыны ( Төлебай Мәжитов, Ерғожа Аманғожин,Мейрамбек Тұрғанбаев) «WhatsApp арқылы терроризмді насихаттады»деген айыппен 6-8 жыл аралығында түрме жазасына кесілген.

Ақтөбеде биыл маусымның 5-і күні белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкеніне және ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуылдап, бірнеше адамды мерт еткен соң күшейе бастаған. Іле-шала өткен арнайы операция кезінде солшабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнешеуі ұсталған. Сол оқиғадан кейін де ұлттық қауіпсіздік комитеті осы аймақтан «бірнеше радикал топтың ондаған мүшелерін ұстағанын» хабарлаған.

XS
SM
MD
LG