Accessibility links

"Терроршылардан тығылған" екі майор сотталды


Қайырғали Оразжанов (сол жақта) пен Қайнарбек Тастамбеков сотта тұр. Ақтөбе, 18 қаңтар 2017 жыл.
Қайырғали Оразжанов (сол жақта) пен Қайнарбек Тастамбеков сотта тұр. Ақтөбе, 18 қаңтар 2017 жыл.

Ақтөбе соты 2016 жылы 5 маусымда болған қарулы шабуылдан кейін айыпталған азаматтарға – 6655-әскери бөлімінің офицерлері Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановқа үкім шығарды.

Бүгін Ақтөбе гарнизоны әскери сотының судьясы Бекболат Тәжімұқан бұл қалада 2016 жылдың маусым айында қарулы шабуылға тап болған 6655-әскери бөлімнің майорлары Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановқа үкім кесті.

Үкім ұлттық гвардияға қарасты осы әскери бөлімнің клубында 50 шақты офицердің көзінше оқылды.

КУӘГЕРЛЕРДІҢ СӨЗІ

Тергеу мәліметінше, шабуылдаушылар 2016 жылғы маусымның 5-і күні сағат 14.48 кезінде көшеден айдап әкеткен автобустарымен 6655-әскери бөлімнің қақпасын бұзып кірген. Оған дейін қару-жарақ дүкенін тонап шыққан 17 адам әскери бөлімнің бақылау-өткізу пунктіне (КПП) оқ жаудырған. Бұл сәтте әскери бөлім кезекшісі Қайнарбек Тастамбеков пен оның көмекшісі Қайырғали Оразжанов 300 метрдей жердегі штаб ғимаратында болған.

Сотта куәлік еткен жауынгер Рамазан Мұсабаевтың сөзінше, шабуыл басталған кезде КПП-ның сыртында жүрген қатардағы жауынгер Ақжол Шайсұлтан штабқа қарай жүгірген.

– Досбол Сапар екеуміз штабтың артқы жағында жүргенбіз. Қатардағы жауынгер Шайсұлтанның жүгіріп келе жатқанын көріп, штабқа соңынан ілесе кірдік. Ақжол Шайсұлтан майор Қайнарбек Тастамбековке «сақалдылардың шабуыл жасағанын» айтып жатты. Қолында тапаншасы бар майор штабтың бірінші қабатындағы әжетханаға қарай қаша жөнелді. Мен де майордың соңынан ілестім. Әжетханаға менімен бірге қатардағы жауынгер Нұрмұқан Нұрған да кірді. Біз әжетхананың есігін ішінен кілттеп алдық, – деген Рамазан Мұсабаев бұған дейінгі сот отырысында.

Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінің қақпасы.
Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінің қақпасы.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, екі майор әжетхананың есігін ішінен кілттеп алған соң ашық тұрған терезеден сыртқа шығып кеткен. Офицерлер тарапынан ешқандай бұйрық түспегендіктен әрі қолдарында қару болмағандықтан қатардағы жауынгерлер Рамазан Мұсабаев пен Нұрмұқан Нұрған әжетханада қала берген. Әжетханаға тығылып үлгермеген жауынгерлер Досбол Сапар мен Ақжол Шайсұлтан штаб ғимаратында қалып қойған. Қарулы адамдардар үш сарбазды – Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев пен Берікжан Қалиевті өлтірген.

Сол шабуыл кезінде ауыр жараланған сарбаз Ақжол Шайсұлтан бүгін аяқталған сот процесіне зардап шегуші ретінде қатысқан.

СУДЬЯНЫҢ ҮКІМІ

Тергеу тобы жастары 30-дар шамасындағы екі майорды – Қайырғали Оразжанов пен Қайнарбек Тастамбековті қылмыстық кодекстің 447-бабының 4-бөлімі бойынша «әскери жарғы тәртібін бұзды» деп айыптаған.

Мемлекеттік айыптаушы Төрәлі Бәкіров қаңтардың 17-сі күні сот алдында соңғы сөздерін айтқан Қайнарбек Тастамбековті үш жылға соттауды, Қайырғали Оразжановты екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұраған.

Бүгін оларға үкім шығарған судья Бекболат Тәжімұқан «майорлар Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов әскери бөлімге шабуыл жасалғаны туралы бөлімшелерге хабарламаған, соның салдарынан майор Даниэль Майлыбаев оққа ұшқан» деп мәлімдеді.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты судьясы Бекболат Тәжімұқан. Ақтөбе, 18 қаңтар 2017 жыл.
Ақтөбе гарнизонының әскери соты судьясы Бекболат Тәжімұқан. Ақтөбе, 18 қаңтар 2017 жыл.

Судья бұған қоса екі офицердің қолдарында сүңгі-пышақтан өзге қаруы жоқ қатардағы жауынгерлер Досбол Сапар мен Ақжол Шайсұлтанды штабта қатер өтінде қалдырып кеткенін, жауынгерлерге есікті бекіту туралы команда бермегенін де айтты.

– Қарулы шабуыл жасалған кезде офицерлер ешқандай ескертусіз қару қолдануы керек еді. Өйткені кезекші мен оның көмекшісінің қолында ПМ-9 маркалы тапаншалары болған. Бірақ олар өз өмірлері үшін алаңдап, әжетханаға барып бас сауғалаған. Осылайша олар әскери жарғының тәртібін бұзды, әскерилердің имиджіне нұқсан келтірді, – деді Ақтөбе гарнизонының әскери соты судьясы Бекболат Тәжімұқан.

Судья Қайнарбек Тастамбековке – 4 жыл 6 ай, Қайырғали Оразжановқа 3 жыл 6 ай түрме жазасын кесті. Сотталушылардың екеуі де әскери шендерінен айырылатын болды.

ВИДЕО: Ақтөбеде әскери бөлімнің екі майоры сотталды

Ақтөбеде әскери бөлімнің екі майоры сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00

АДВОКАТТЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Осыған дейін ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген екі майордың қолына кісен салған кезде сотқа қатысып отырған өзге офицерлер түнеріп кетті. Бір сәттік үнсіздікті артқы орындықта қыстыға жылаған Қайнарбек Тастамбековтің әйелі бұзды. Бірақ сотталушылардың туыстары үкімге қатысты ешқандай комментарий бермеді. Тергеу кезінде Қайнарбек Тастамбековті қорғаған адвокат Станислав Никифоров қана апелляциялық шағым беретіндерін айтты.

Сот «майор Тастамбеков қару қолданбай, бас сауғалады» деп отыр. Ал куәлер майор Тастамбековтің қару қолданғанын көрген. Соның бір айғағы – Тастамбеков тапаншасын қару сақтайтын бөлмеге тапсырған кезде оқтары түгел болмаған.

– Үкімде қайшылықтар көп. Сот «майор Тастамбеков қару қолданбай, бас сауғалады» деп отыр. Ал куәлер майор Тастамбековтің қару қолданғанын көрген. Соның бір айғағы – Тастамбеков тапаншасын қару сақтайтын бөлмеге тапсырған кезде де оқтары түгел болмаған. Ол болған жайтты дереу тиісті орындарға хабарлап та үлгерген. Сот «хабарламады» деп айыптап отыр. Сондықтан да үкімнің бізге түсініксіз тұстары көп. Міндетті түрде жоғары инстанцияларға шағынамыз, – деді адвокат Станислав Никифоров.

2016 жылы маусымның 5-інде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан 40 шақты адам жараланып, 20 адам қаза тапқан. Қайтыс болғандардың 13-і – «шабуыл жасады» деген күдіктілер, жетеуі – бейбіт тұрғын (олардың үшеуі әскерилер – Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев, Берікжан Қалиев, төртеуі қала тұрғындары – Андрей Максименко, Николай Онищенко, Михаил Матросов және жедел күзет қызметінің өкілі Мейірхан Тәжібаев).

Бұл шабуылдан кейін алты күнге созылған арнайы операция кезінде «діни радикал», «қарулы шабуылшы» деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 20 шақты адам ұсталған.

Ақтөбедегі атысқа байланысты 29 адам сотқа тартылған. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде «терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары» үшін, 18-і – «дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны» үшін, екеуі – қылмысты жасырып қалғандары үшін екі жылдан бастап өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

XS
SM
MD
LG