Accessibility links

Медициналық анықтамаға күмән күшейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбедегі балалар бақшасының күтушісінің «туберкулезден қайтыс болғаны» хабарланған соң қалада медициналық анықтама беруші мекемелердегі тәртіпке қатысты алаң туды.

Биыл мамыр айында еңбек демалысына кеткен Ақтөбедегі «Ерке» балабақшасының күтушісі Әлия Қойлыбаеваның «маусымның 26-сы күні 45 жасында өкпе ауруынан қайтыс болғаны» жергілікті БАҚ-та хабарланған соң қаладағы медициналық анықтама беретін мекемелердің ішкі тәртібі туралы алаң күшейді.

«Қызыл крест емханасында қаралып жүріп туберкулез дертінен дүние салды» деп хабарланған күтуші жұмыс істеген балабақша тәрбиеленушілері биылғы жазда медициналық тексеруден өткен. Балабақша медбикесі Күләш Оқасованың айтуынша, марқұм күтуші қараған топтағы 5 жасар төрт балаға «Манту туберкулез сынағының виражы» деген диагноз қойылған. Манту тексеруі кезінде екпе орны ісіп кеткенде қойылатын бұл диагноз көп жағдайда адам ашық туберкулезбен ауырады дегенді білдірмейді. Ауруға қарсы иммунитетінің әлсірегенін де көрсетеді.

"Ерке" балалар бақшасының сыртқы көрінісі. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2014 жыл.
"Ерке" балалар бақшасының сыртқы көрінісі. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Манту тексеруден өтпеген 3 ұл мен 1 қыз қазір балабақшаға келіп жүр. Тәрбиеші мен медбикенің айрықша бақылауындағы балалар үш ай бойы профилактикалық ем қабылдайды. Олардың бірі – 5 жасар Артемнің әжесі Ирина Анатольевна немересінің денсаулығын ойлап, алғашында қатты уайымдағанын айтады. Дәрігерлер бала профилактикалық ем-дом алып, дұрыс тамақтанса, күтінсе, құлан-таза айығып кетеді деп сендіргендіктен сәл сабасына түскен.

– Немерем балабақшаға қайта барып жүр. Қазір тәбеті де, көңіл күйі де жақсы, - деді Азатыққа Ирина Анатольевна.

«РЕНТГЕННЕН ТӨЛҚҰЖАТПЕН ӨТЕДІ»

Бағына орай, балалар ашық туберкулез түрін жұқтырмаса да, өкпесі дімкәс адамның балалар мекемесіне қалай жұмысқа тұрғаны жұмбақ болып қалып отыр. «Ерке» балабақшасының меңгерушісі Райхан Бердімұратованың сөзіне қарағанда, марқұм Әлия Қойлыбаева 2006 жылдан бастап тәрбиешінің көмекшісі болған. Биыл мамырдың 15-і күні еңбек демалысын алған. Содан қайтып ұжымға оралмаған.

– Ақтөбедегі 1-емхана мен «Ерке» балалар бақшасының арасында келісім-шарт бар. Соған сәйкес жыл сайын ұжым осы емханадан медициналық тексеруден өтеді. Марқұм Әлия Қойлыбаеваның да санитарлық кітапшасында осы мекеменің мөрі тұр, - дейді меңгеруші.

Марқұм Әлия Қойлыбаеваның санитарлық кітапшасы. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2014 жыл.
Марқұм Әлия Қойлыбаеваның санитарлық кітапшасы. Ақтөбе, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Азаттық тілшісі көрген Әлия Қойлыбаеваның санитарлық кітапшасының «туберкулезді тексеру нәтижесі» деп жазылған 8-парағында «органы грудной полости в норме» («кеуде тұсындағы органдар сау» - ред.) деп мөр соғылып, жауапты дәрігердің қолы қойылған. Кітапшада марқұм «медициналық тексеруден 2013 жылғы қыркүйектің 25-і күні өтті» деп жазылған.

Ақтөбедегі 1-емхана бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нұрединова Азаттыққа Әлия Қойлыбаеваның медициналық тексеруден өткенін растады. Оның айтуынша, рентген кабинетіндегі тәжірбиелі дәрігердің қателесуі де, науқастың орнына сау адамның кіріп кетуі де мүмкін емес. Өйткені флюорографиялық тексеруден адамдар тек төлқұжатын көрсетіп өтеді.

«Ерке» балалар бақшасының медбикесі Күләш Оқасова марқұм балабақша қызметкерін «қулық-сұмдықты білмейтін бала сияқты адам» деп сипаттайды.

– Ол кісінің (Әлия Қойлыбаеваның – ред.) дәрігерге «орамалын беріп» («пара беріп» деген жергілікті сөз - ред.) медициналық тексеруден өтуі екіталай, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісінің «жалпы медициналық тексеруден пара беріп өтуге бола ма?» деген сауалына медбике: «Жеке емханалардан өтуің мүмкін» деді.

«КЛАНДЫҚ ҚОҒАМДА КІНӘЛІ ТАБЫЛМАЙДЫ»

Қаладағы 1-емхана басшылығы мен «Ерке» балабақшасы қызметкерлерінің уәждері ақтөбеліктердің жергілікті медициналық мекемелерде тексеруден өту тәртібіне қатысты күмәнін сейілте алмайтын сияқты. Қалалық басылымдардың бірі өткен айда «Ақтөбеде дәрігердің алдына бармай-ақ медициналық тексеруден 2000 теңгеге өтуге болады» деп жазған болатын.

Азаттық тілшісі тексеруден заңсыз жолмен өту мүмкіндігін тексермек болып, жергілікті емханалардың бірқатарын аралап, тексеруден өтпестен медициналық анықтама алу жайын сұрап көрді. Емханалардың біріндегі қызметкер тілшіге: «Атамаңыз! Балабақшадағы жағдайды естімеп пе едіңіз? Қазір бақылау күшейді» деп ат-тонын ала қашты.

Ал мақалада аты-жөнінің аталмауын өтінген ақтөбелік бір тұрғын Азаттыққа:

– Мықты танысың болса, бәрі де мүмкін. Мысалы, өзіме қажет бір куәлігім жоқ болатын. Ешқандай дәрігердің алдын да көргем жоқ. Соның өзінде танысым 60 мың теңгеге бар шаруамды (медициналық тексеру – ред.) тындырып берді, - деді.

Ауруханадағы балалар мен дәрігер. (Көрнекі сурет)
Ауруханадағы балалар мен дәрігер. (Көрнекі сурет)

Ақтөбелік әлеуметтанушы Алтай Тайжанов «Ерке» балабақшасының сырқат қызметкеріне сау деген медициналық анықтама беру оқиғасына қатысты кінәлі адамның табыла қоятынына күмәнмен қарайды.

– Дәл қазір туберкулез таяқшаларын жұқтыруы мүмкін құйттай сәбилерді ойлап отырған ешкім де жоқ. Барлығы ең алдымен өзінің креслосын ойлап отыр. Біздің қоғам – кландық қоғам. «Команда» деген ұғым бар. Оның арғы жағында клан тұр. Адамдар бірін-бірі жасырады. Көргенін айтпайды. Яғни, моральдық норма сақталмайды. Қоғамда жауапкершілік жоқ. Осыдан келіп бақылау да, қадағалау да жоқ. Бар болған күннің өзінде жеткіліксіз. Балабақша тәрбиеленушілерінің туберкулез жұқтыру қаупіне ұшырауы – соның айғағы. Бір өкініштісі, бұл құбылысты бүгін-ертең шектей алмаймыз. Өйткені, коррупциялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ал мұндай қоғамда коррупция барлық салаға жайылады, - дейді әлеуметтанушы.

Ақтөбедегі туберкулез диспансерінің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің сөзіне қарағанда, 2013 жылы 577 қала тұрғыны ауруханада жатып, ем алып шыққан. Ресми статистика бойынша облыста туберкулезге шалдыққан 4,5 мыңдай адам есепте тұр.

XS
SM
MD
LG