Accessibility links

Әлихан Бөкейхан шығармаларының тағы екі томы жарық көрді


Әлихан Бөкейханұлының толық шығармалар жинағының төртінші томының мұқабасы

Әлихан Бөкейханұлының толық шығармалар жинағының төртінші томының мұқабасы

«Әлихан Бөкейхан. Толық шығармалар жинағы» жобасы бойынша шығып жатқан 7 томдықтың 4-ші және 5-ші томдарына Алаш қайраткерінің бұрын-соңды жарияланбаған еңбектері еніп отыр.


Қазақтың ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысы мен партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейхан ақырғы рет 1937 жылдың шілдесінде тұтқындалып, сол жылдың қыркүйегінде СССР Жоғарғы сотының Әскери алқасының үкімімен өлім жазасына кесілді. Үкім сол күні-ақ орындалған болатын.

Алаштың белгілі қайраткерінің ақырғы қолтаңбасын оның мұқабадағы фотопортретінің астына орналастыру сонау бастан жоспарланған. Қайраткердің бұл қолтаңбасы - ол ақырғы рет 1937 жылы Мәскеуде тұтқындалып, Бутырка түрмесінде отырып өз қолымен толтырып, қолын қойған «Тұтқын анкетасынан» алынды.

Алайда, «Әлихан Бөкейхан. Толық шығармалар жинағының» алғашқы үш томы түрлі себеппен осы қолтаңбасыз басылып шықты.

ҚҰНДЫ ДЕРЕКТЕР

Жеті томдық жинақтың әрбір томының бір-бірінен айырмасы - кітаптардың титулына Алаш жетекшісінің өмірі мен қызметінің сол томда көрініс тапқан жылдары түскен фотопортреті орналастырылды.

Оның ішінде 5-ші томның титулындағы Әлихан Бөкейханның фотопортреті тұңғыш рет жарық көріп отыр. Бұл фотопортет конституциялық-демократиялық «Халық бостандығы» партиясының Самар гүбернелік комитеті мүшелерінің топ болып түскен фотосуретінен қиып алынды. Оны бүгінгі Самар облыстық мұрағатынан тауып, осы жолдардың ауторына ұсынған самарлық тележурналист, әрі Самар өлкесін зерттеуші Валерий Ерофеев.
Кітаптардың титулына Алаш жетекшісінің өмірі мен қызметінің сол томда көрініс тапқан жылдары түскен суреттер орналастырылды.

4-ші және 5-ші томның алғашқы үш томнан тағы бір ерекшелігі – оған алғаш және ең соңғы рет тек «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттерінде ғана жарық көрген мақалалар, жарияланымдар, ашық хаттар мен басқа да дүниелер кіріп отыр. Осы жерде айрықша назар аудара кететін маңызды жайт: алдыңғы екі басылым – «Иртышъ» пен «Омичъ» газеттерінің іс жүзінде бірде-бір саны 100 жылдан бері, дәлірек айтсақ, 104 жыл бойы оқырмандар мен зерттеушілердің қолына түспей келді.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін бұл мерзімді басылымдардың ғылыми-тарихи маңызы мен құндылығын асыра бағалау қиын. Себебі, «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттері – 1906-1907 жылдары бірінің ізінше бірі қазақтың 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының теориялық негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі - Әлихан Бөкейханның редактор болып отырғанда басылып шықты.

Осыған дейін Азаттық радиосы хабарлағандай, тізбекті үш басылымның алды болған «Иртышъ» газеті 1906 жылғы шілденің 16-ынан бастап, Дала (Қазақ) өлкесі генерал-губернаторының жарлығымен жабылғанғанша, қараша айының ортасына дейін, кейде-кейде кешіккені болмаса, үзілмей шығып тұрды.

Бірақ, келесі күні-ақ тағы да «Иртышъ» атты баспаханадан «Омичъ» деп аталатын тізбек бойынша екінші газет шыға бастады. 1906 жылдың соңында тағы да Дала генерал-губернаторының жарлығымен «Омичъ» дәл сондай белгісіз уақытқа дейін жабылған соң, 1907 жылдың 1 қаңтарынан ақпанның соңына дейін дерлік «Голосъ степи» газеты жарық көріп тұрды.

Қорыта келгенде, арада бір ғасырдан астам уақыт өткенде «Иртышъ» газетінің шамамен 92 санының басым көпшілігі, «Омичъ» газетінің 30-дан астам санының үшеуі ғана - 2, 3 және 22 сандары – биылғы жылдың мамыр айында табылды. Азаттық радиосы хабарлағандай, ол газеттерді іздеуге талай жыл сарп етілді. Ал «Голосъ степи» газетінің барлық 42 саны сақталып қалған.

ЖАҢА ТОМДАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

«Әлихан Бөкейхан. Толық шығармалар жинағының» 4-ші томына Алаш зиялысының ертеректе – 1897, 1905 және 1906 жылдары «Степной край», «Сынъ отечества» және «Семипалатинскій листокъ» газеттерінде жарық көрген беймәлім бір топ мақаласы еніп отыр. «Сынъ отечества» басылымының Санкт-Петерборда, «Степной край» Омбыда, ал «Семипалатинскій листок» газетінің Семейде шығып тұрғанын айта кету керек.

Осы жарияланымдардың ішінен «Қазақтардың петициясы» (түпнұсқасында «қырғыздар») айрықша орын алса керек. Себебі бұл арыз сөз – қазаққа көбіне «Қарқаралы петициясы» деген атауымен белгілі тарихи құжаттың нақ өзі. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесіне жиналған қазақтар «Қарқаралы...» немесе «Қазақтар петициясын» жазып, онда Ресей империясының отарына түскен уақыттан бері тұңғыш рет өздерінің саяси талап-тілектерін рәсімдеген болатын.
4-ші томнан Әлихан Бөкейханның осы күнге дейін беймәлім болып келген, мазмұнды, әрі тарихи тұрғыдан да аса құнды мақаласын оқуға болады.

«Қарқаралы..» немесе «Қазақ петициясының» толық мәтінін Алаш жетекшісі Әлихан Бөкейхан 1905 жылдың қыркүйегінде-ақ Санкт-Петерборда басылып шығатын кадет партиясының «Сынъ отечества» газетіне жариялағаны анықталды. Арада бір жылдай өткен соң ол саяси құжатты өзі редактор болып тұрған «Иртышъ» газетіне қайта жариялауы да ғажап емес.

4-ші томнан Әлихан Бөкейханның осы күнге дейін беймәлім болып келген, мазмұнды, әрі тарихи тұрғыдан да аса құнды мақаласын оқуға болады. Бұл мақаланың ерекшелігі мен құндылығы, біріншіден, оны Әлиханның бірінші Мемлекеттік думаға Қазақ өлкесінен депутат сайлау науқанының нағыз қызған кезінде «ешбір сотсыз және тергеусіз» Павлодар түрмесінде отырып жазуында. Екіншіден, «Қазақ даласының дзянь-дзюньдері» (түпнұсқада «Дзянь-дзюны киргизской степи») айдарымен жазылған ол мақала да, аутордың С.-Петербордағы «Халық бостандығы» партиясы көсемдерінің біріне жазғаны хаты да ешқашан жарияланбаған. Оның себебі – мақала мен хат түрме әкімшілігі арқылы отаршыл биліктің қолына түскен.

Павлодар түрмесінде жазылған мақала мен Александр Колюбакинге жазылған хат ақыр-аяғында Мәскеудегі әскери-тарихи мұрағаттан бір-ақ шығыпты (563 қор, 1 тізбек, № 6 іс). Осы екі тарихи құжатты тауып, жинақты құрастырушыға ұсынған – Семейдегі Шәкәрім атындағы және Мұхтар Әуезов атындағы университеттердің құрметті профессоры, тарихшы Болатбек Нәсенов.

«Әлихан Бөкейхан. Толық шығармалар жинағының» 5-ші томы 1907 жылғы «Голосъ степи» газетіндегі мақалалардың басым бөлігін, 1911-1913 жылдары Санкт-Петербор мен Семейдің «Речь», «Въ мире мусульманства», «Мусульманская газета» және «Семипалатинскій листокъ» сынды мерзімді басылымдарына шыққан бірқатар беймәлім жарияланымын және, әлбетте, қазақ тіліндегі мақалалары мен ашық хаттарын, әдеби зерттеулері мен аудармаларын қамтиды. Әлихан Бөкейхан олардың басым бөлігін түрлі лақап атымен, оның ішінде беймәлім болып келген бүркеншек есімдерімен негізінен «Қазақ» газетінде, бір ашық хатын «Айқап» журналында жариялады.

«Әлихан Бөкейхан. Толық шығармалар жинағының» алғашқы үш томы сияқты, 4-ші және 5-ші том да қазақ және орыс тілдерінде жазылған алғысөздерімен («Құрастырушыдан») басылып шықты. Әр томның соңында Әлихан Бөкейхан шығармаларының толықтырылған библиографиялық көрсеткіші беріледі.

Жинақтың алғашқы үш томы 2009 жылдың соңында «Сарыарқа» баспа үйінен жарық көріп, олардың таныстырылымы үстіміздегі жылдың ақпан айында Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткізілген болатын. Жинақтың соңғы 6-шы және 7-ші томдары 2011 жылы жарық көреді.

Байланыс және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша басылып жатқан Алаш қозғалысы жетекшісінің мұрасын зерттеуге және насихаттауға Азаттық радиосы әу бастан ерекше ынта қойып, үлес қосып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG