Accessibility links

Риддерлік атеист қылмыстық істі жабуды талап етті


Қамаудан босап шыққан журналист әрі құқық қорғаушы Александр Харламов тергеу изоляторы алдында тұр. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Қамаудан босап шыққан журналист әрі құқық қорғаушы Александр Харламов тергеу изоляторы алдында тұр. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Журналист әрі құқық қорғаушы Александр Харламов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі жабуды талап етіп, бас прокуратураға хат жазды.

Александр Харламов бас прокурор Асхат Дауылбаевқа жолдаған хаттың көшірмелерін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ішкі істер министріне, Шығыс Қазақстан облысы прокуроры мен осы облыстың ішкі істер департаменті бастығына жолдады.

«Діни араздықты қоздырды» деп айыпталған Александр Харламовтың ісі сотқа жеткенімен, кейін қайта тексеруге жіберілген. Былтыр қыркүйек айында Харламовты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты. Абақтыда бірнеше ай отырған оны еркінен тыс психиатриялық сараптамадан да өткізді. Бұл халықаралық құқық қорғаушылардың наразылығын тудырды.

«ШӘКІРТІМ ЖОҚ»

«Діни араздықты қоздырды» деген айыппен қозғалған қылмыстық істі Александр Харламов осы істің «саяси астары» болғандықтан ғана емес, прокуратура оны «саяси тұрғыдан өзгеше ойлайтын адамға айналдырып жібергендіктен» де жабуды талап етіп отыр.

Харламов көбінесе құқық қорғаумен айналысқанын, сондықтан жергілікті биліктегі кейбіреуге жақпай қалуы мүмкін екенін айтып, "қылмыстық қудалауды солар ұйымдастыруы ықтимал" деген болжам жасайды.

Журналист һәм құқық қорғаушы Александр Харламов сотта тұр. Риддер, 2 тамыз 2013 жыл.

Журналист һәм құқық қорғаушы Александр Харламов сотта тұр. Риддер, 2 тамыз 2013 жыл.

«Интернет пен жергілікті газетте дүниеге деген көзқарастарым мен идеяларымды жариялай бастадым. Мақалаларымда дінді халықты адастыратын апиын ретінде сынадым» деп жазады өзін атеист санайтын Харламов.

Бірақ өз «ілімінде» Александр Харламов басқа дінге жау атеизмді емес, «христиан дінінің кейбір құндылықтарына сүйенетін атеизмдік жаңа бағытты» ұсынады. Өйткені ол «діни моральдық-этикалық ілімде, әсіресе христиан дінінде нағыз шынайы рухани құндылықтар көп» деп санайды.

Өз идеяларын «ілім» деп атауға алыс екенін Харламовтың өзі де мойындап, «Жұрт оны интернетте қызу әрі жаппай талқылай қойған жоқ. Тіпті үнемі идеяларыммен бөлісіп отыратын жұбайымның өзі қарсы болмаса да, қызығушылық танытқан жоқ» деп жазады.

Дүниеге көзқарасы діншіл адамдардың көбінің ой-пікіріне қайшы болғаны үшін өзін қылмыстық жазаға тартуға тырысуды Харламов «негізі жоқ сандырақ» деп атайды.

«Мені қылмыстық қудалау Қазақстан мен оның президентінің халықаралық беделіне нұқсан келтірді. Ал Human Rights Watch пен АҚШ-тың әлемдегі дін еркіндігі мәселелері жөніндегі комиссиясы сияқты халықаралық ұйымдардың араша түсуі мені халықаралық деңгейде белгілі адамға айналдырды» деп жазады хат авторы.

Өзін «республикалық деңгейдегі» жан ретінде сезінетін Харламов бас прокурорға «егер діни көзқарастары үшін сотталатын болса, сот шешіміне қарсы БҰҰ-ға шағымданатынын» ескертеді. Харламов мұндай жағдайда полиция азаптауына ұшырап, кейін сотта жеңген қостанайлық тұрғын Александр Герасимов сияқты «мен жеңемін, ал Қазақстан үкіметі жеңіледі» деп жазады.

ХАРЛАМОВ ІСІНІҢ БОЛАШАҒЫ

Александр Харламов «саяси астары бар бұл айыптауды алып тастауға прокуратураның құқығы да, пәрмені де жетеді» деп есептейді. Ол Астанадағы протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Кашқымбаевқа тағылған «саяси» екі айыпты прокурордың алып тастағанын мысал ретінде келтірген.

Ал Қазақстанда белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, Александр Харламовты қылмыстық қудалау арқылы билік тұйыққа тірелді.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

– Бір жағынан, бұл ақымақтық істің айналасында көп шу шыққандықтан, саяси есеппен бірдеңе етіп шешім қабылдау керек. Ал екінші жағынан, билік абыройынан айырылып қалмауды ойлайды. Осы екі мақсат бір-біріне қарама-қарсы болғандықтан, енді биліктің қиын шешім қабылдауына тура келеді, - дейді ол.

Жовтистің айтуынша, бұл істе қылмыс оқиғасы жоқ екенін және басқа да жағдайларды ескере отырып, қылмыстық іс тоқтатылуы тиіс.

– Тергеу қылмыстық қудалауға негіз жоқ екенін дәлелдейтін жайттарды анықтаса, сотқа дейінгі тергеудің кез келген сатысында қылмыстық істі қозғау немесе тоқтату туралы қаулы шығарады. Ал мына жағдайда қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны тергеуші шығаруы тиіс, - дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушының айтуынша, қылмыстық оқиға немесе қылмыстық құрам жоқ болса, істі прокурор да жаба алады.

– Бірақ істі бас прокурор емес, осы істі қадағалайтын жергілікті прокурор жабады, - дейді ол.

Жовтистің айтуынша, тергеуші мен прокурордан бөлек, қылмыстық қудалауға негіз болатындай жағдайлар анықталмаса, істі сот та тоқтата алады. «Тіпті тоқтатуға міндетті» дейді құқық қорғаушы.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG