Accessibility links

Әлиев Шерлок Холмс мұражайын иеленген бе?


Рахат Әлиев, Вена түрмесінде өлген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы.

Рахат Әлиев, Вена түрмесінде өлген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы.

Вена түрмесінде өлген Рахат Әлиев Лондондағы Бейкер стриттегі әйгілі үйдің иесі болуы мүмкін.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, бірнеше ай бұрын Вена түрмесінде өлген Рахат Әлиев Бейкер Стриттегі үйдің, Артур Конан-Дойл кітабының кейіпкері Шерлок Холмс тұрған үйдің иесі болуы мүмкін. Бұл жайлы мәлімет Global Witness антикоррупциялық ұйымының зерттеуінде айтылады.

Global Witness ұйымының дерегінше, Рахат Әлиев Лондондағы жалпы құны 230 миллион АҚШ доллары болатын нысанға иелік ететін компания басшысымен жақын байланыс орнатқан болуы мүмкін. Рахат Әлиевпен байланысы бар болуы мүмкін оффшорлық компаниялар иеленген нысандар тізімінде бұл үйден бөлек Лондонның тарихи ауданы - Гайд парктегі "Биттлз" тобы мен америкалық әнші Элвис Преслиге арналған үй мен дүкендер де бар.

Соңғы екі жылда мұражай үйге Рахат Әлиевпен байланысы тікелей байланысы бар ұлыбританиялық төрт компания иелік еткен. Global Witness мәліметі бойынша, компаниялардың бірінің Әлиевтің ұлы басшылық ететін швейцариялық фирмамен байланысы бар. Басқа екі компанияны да Әлиевпен байланысы бар компания директоры басқарған. Financial Times "бірақ бұл адамдар жылжымайтын мүліктердің иесі Рахат Әлиев екенін жоққа шығарады" дейді.

Global Witness бұл нысандардың нақты бенефициарын таба алмаған. Нысандарға иелік ету құқығы ұлыбританиялық Виргиния аралдарында тіркелген заңды тұлғалар бақылайтын бірнеше компания атына рәсімделген. Виргиния - оффшорлық компаниялар мен фирмалар тіркелетін басты аймақтардың бірі. Рахат Әлиев отбасының адвокаттары мен Бейкер-стриттегі ғимаратты иеленген компания бұл үй Әлиевке тиесілі деген болжамды жоққа шығарады.

Артур Конан-Дойлдың кітабында тыңшы Шерлок Холмс ойдан шығарылған "Бейкер стрит 221б" деген мекен-жайда тұрған. Холмс мұражайы шын мәнінде Бейкер стрит 239 мекен-жайында орналасса да, Холмс мұражайын "221B Ltd" деп аталатын компания тіркеп, мұражай қасбетіне "Бейкер стрит 221б" деп жазып қойған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі болған Рахат Әлиев кейін Назарбаев режимін сынап шыққан. 2007 жылы Қазақстан билігі оған қарсы іс қозғап, бұл дау кейін журналистер арасында "Рахатгейт" деген атқа ие болған.

Әлиев қызметінен босатылып, "мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды, сатқындық жасады" деп айыпталып, сырттай 40 жылға сотталған.

Рахат Әлиев 2015 жылдың 24 ақпанында Австрияның Йозефштадт (Josefstadt) түрмесінде өлі күйде табылды. Түрмеде ол жалғыз кісілік камерада жатқан. Алдын-ала болжам бойынша, Әлиев өз-өзіне қол салған. Бірақ оның өліміне қатысты көп күмән туды. Әлиевтің денесіне жасалған сараптамалар марқұмның қанында барбитурат дәрілік заты барын анықтаған. Ал Әлиев жатқан түрмедегі бірнеше тұтқын бұрын оны арандатып, өлтіреміз деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG